Тілді саф күйінде сақтау, ұрпаққа табыстау – ата-баба аманаты. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан, бабадан балаға жалғасқан ұлы мұра. Елімізде 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдерінің күні ретінде аталып өтілуде. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес ұлт ұстазы, тіл білімінің атасы, алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын кең ауқымда тойлап жатырмыз.
Жуырда Келес ауданындағы Ә.Кенжеев атындағы мәдениет үйінде Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» атты мерекелік іс-шара өткен болатын. Қазақтың әдебиет зерттеуші ғалымы, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Тіл мерекесімен қоса тойланатыны қалың қазақ елі үшін қуанышты жағдай болуда.
Әнұранның әуелеуімен басталған іс-шара аудан әкімінің орынбасары Серік Қарақұловтың құттықтауымен жалғасып, тіл жанашырларына Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Ә.Қойлыбаевтың және аудан әкімі А.Есбаевтың атынан арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Мерекелік жиынға аудан прокуроры Бақыт Сейфулла да арнайы қатысып, өз құттықтауын жеткізді.
А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай 23 тамыз күні Келес ауданы әкімдігінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ «Дәуірдің жарық жұлдызы» тақырыбында эссе жазудан байқау ұйымдастырған болатын. Мұндағы мақсат – Ұлт ұстазының өнеге болар өмірін, шығармаларын, ағартушылық еңбектерін халық арасында кеңінен насихаттау еді. Байқауға студенттер, мұғалімдер, тәрбиешілер мен оқушылар қатысып, үздіктері анықталды. Байқауды ұйымдастырушы орталық директоры Н.Мережепова жеңімпаз тіл жанашырларын марапаттап, бағалы сыйлықтар ұсынды.
Мерекелік іс-шара аудан өнерпаздары тарапынан дайындалған сазды бағдарламаға ұласып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ана тіліміздің мәртебесі әрдайым асқақтай берсін!
Бауыржан Баққасұлы,
Келес ауданы.