Келестік оқушылар робот құрастырды

Өткен аптада Келес ауданынан қуанышты хабар келді. Аудан орталығы Абай ауылындағы №2 Ө.Жәнібеков атындағы мектеп гимназияның 9-сынып оқушылары Ұлмекен Шалдыбаева мен Нұрсила Аманбай қоқыс жинайтын робот құрастырыпты.

Жас өнертапқыштардың осы тақырыптағы ғылыми ізденісі «Оқушылардың аудандық жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар» конкурсында жоғары бағаланды. Қос бұрымдының ғылыми жетекшісі Аягөз Жораева жобаның мақсаты – робот техникасының негіздерін, қолдану салаларын, олардың түрлерін, мүмкіндіктерін зерттеу екенін айтады.

«Бүгінде роботтар – қарқынды дамып келе жатқан болашақтың жоғарғы технологияларының бірі. Олар өміріміздің көптеген саласына, атап айтқанда, ғарышты игеру, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және басқа да салаларға еніп үлгерді. Әсіресе өндіріс орындарында көбірек пайдаланылады. Оқушылар жеке тәжірибе арқылы роботтың жұмыс істеу принциптерін бақылады. Жас зерттеушілер бұл жобамен бірнеше жылдан бері айналысып келеді», – дейді информатика пәнінің мұғалімі.

Жастардың жүргізген сауалнамасы бойынша көптеген балалар Lego конструкторымен ойнағанды ұнатады. Жас зерттеушілер болашақта компьютерлік IT технологияларды меңгеру, бағдарламашы мамандығын меңгергісі келеді екен.

Ұ.Райымбек

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған