
Қазақ руханиятындағы алып тұлғалардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ғұлама Бекасыл Биболатұлын аса құрметпен ұстаз деп мойындап,оның «Зикзал» атты еңбегін баға жетпес құнды ғылыми туынды деп бағалаған. Ғұлама Бекасыл Биболатұлының 200 жылдық мерейтойы Халықаралық форумның аясында атап өтілуде. Мен баршаңызды қасиетті тұлғаның салтанатты шарасының басталуымен құттықтаймын. Бұл той– қазақ руханиятының, түркі ойының тойы!» делінген Президент жолдаған құттықтау хатта. Мемлекет басшысының Құттықтауы әулие-бабаның ұрпағы – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ержан Исақұловқа табыс етілді.
Конференцияда сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, Қырғыз Республикасының халық ақыны Кожогелді Күлтегін мен Жоғарғы Кеңесінің экс-спикері Зайнидин Курманов, Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдрахманов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясындағы институт директоры Зұлпықар Ғаипов, академик, жазушы Ғарифолла Есім, филология ғылымының докторы, профессор Серік Негимов Бекасыл Биболатұлының еңбектерінің ерекшеліктері мен құндылығы туралы баяндады. Ел ынтымағы мен бірлігінің маңыздылығы айтылды. Сондай-ақ баяндамашылар оның Сайрам, Қарнақ, Ташкент, Самарқант, Бұхара, Шам (Сирия) еліндегі білім ордаларын түгел меңгерген данышпан, теолог, астролог, астроном, математик, философ, шипагер, кие дарыған кісі болғанын, Ислам қағидаттарын, өмір салтын терең меңгерген даналығын айтты. Бекасыл Биболатұлы туған жерінде медресе ашып, сол аймақтың балаларын оқытқан, шығармашылықпен айналысып, көптеген кітап жазған. Көзінің тірісінде-ақ Бекасыл әулие атанған. Бекасыл Биболатұлының Исламның асыл қасиеттері, салт-дәстүрі, ғылымның сан-саласы қамтылған, қазақ топырағында бұрын кездеспеген, өмір тылсымдарының сырлары мен құпияларын ашатын, адамның күнделікті өміріне керекті пайдалы кеңестер, ғылыми мәліметтер мен басқа да тұжырымдар бар «Зикзал» атты ғибрат кітабы – халқымыздың тəуелсіздік жылдарында тапқан асыл қазыналарының бірі ретінде бағалануда. Оның бір дәлелі бүгінде «Зикзал» қазақ оқырмандарының тарапынан зор сұраныс тудырып отыр.Ғалымдардың пікірінше, «Зикзал» – кез келген қазақтың төрінде тұратын қасиетті кітап. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, белгілі дінтанушы, араб, парсы және шағатай тілдерінде жазылған «Зикзалды» қазақ тіліне аударған Зәріпбай Оразбай бұл еңбекті әлемдік деңгейдегі Ханафи мазһабын дәріптейтін бірден бір ғылыми кітаптардың қатарына жатқызады.