Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
 Түркістанда дәріге бөлінген ақша далаға шашылды ма? – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

 Түркістанда дәріге бөлінген ақша далаға шашылды ма?

Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде «Түркістан облысы қашанғы сынақ алаңына айналмақ?» деген тақырыпта мақала жарияланғанын оқырман ұмыта қоймаған болар. Еске салсақ, онда биылғы жылы «Ивервет Е» вакцинасын пилоттық жоба ретінде сынап көруге байланысты облыста бұрыннан бар тәжірибе – малдарды креолинге шомылдыру жұмыстары жүргізілмегеніне шаруалар тарапынан наразылық болғаны мәселе етіп көтерілді. Осыған орай облыстық ауылшаруашылық басқармасына қарасты ветеринария бөлімінің басшысы Базарбек Омаров өзінің уәжін айтқан-ды. Біз екі тараптың да сөзін оқырман назарына ұсындық. Бірақ редакцияға бөлім басшысының уәжіне қатысты керағар пікірлер келе бастады. Тіпті, «ол кісінің айтқандарын жоққа шығара аламын», деп нақты құжат ұсынып жатқандар да бар.

Ол қандай керағар пікір? «Биыл дәрі егу жұмыстары уақтылы жүргізілмеді. Жазда жасалған залалсыздандыру жұмыстарының ешқандай пайдасы жоқ. Бұл жүздеген миллион теңгені далаға шашып жібергенмен тең. Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары ерте көктемде, яғни наурызда, кене жер бетіне шықпай жатып жүргізілуі керек. Биыл ол жұмыстар кене тұқым шашқан соң қолға алынды. Мұның салдары келесі жылы көрінуі мүмкін. Ал, қора-қопсыға сәуірде шашылды деген «Дизицип» дәрісі зауыттан 24 мамырда өндірілген. Ауылшаруашылық басқармасы мен мердігер тауарды сатып алуға 31 мамыр күні келісім шартқа отырса, ол дәріні өткізу туралы мердігер мен басқарманың аудандардағы жауапты мамандары арасындағы қабылдау акт маусым айында жасалған. Сонда бұлар әлі зауыттан шығып үлгермеген дәріні құжат жүзінде шашып қойған болып шығады ма?», – деп сөзін сұраулы аяқтаған оқырманның бір меңзегені бар секілді.

Шын мәнінде қалай, дәрі тиісті орындарға уақтылы шашылды ма, әлде ақша далаға шашылды ма? Осы сұрақпен біз облыстық ауылшаруашылық басқармасына қарасты ветеринария бөлімінің басшысы Базарбек Омаровқа хабарласып, туындаған мәселеге қатысты толығырақ мәлімет беруді сұрадық. Базарбек Мизамбекұлы былай деп жауап берді: «Осы жылдың 1 тамызындағы статистика бойынша Түркістан облысы бойынша тіркеуде 1 199 207 мүйізді ірі қара, 5 310 242 уақ мал, 424 714 жылқы және 39 478 түйе малы бар, – дейді Базарбек Мизамбекұлы. – Оларға 1965 ветеринариялық дәрігер қызмет көрсетеді. Энзоотиялық аурулардың алдын алу бағытында күзде және көктемде екі рет тиісті іс шаралар жүргізіледі. «Малға, малдың қора-жайларына кенеге қарсы өңдеу жүргізу әдіснамасын біріздендіру және Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша республиканың эндемиялық аумақтарында санитариялық-қорғаныш аймақтарын құру» әдістемелік ұсынымдарын бекіту туралы бірлескен бұйрығына сәйкес, биылғы жылы «пилоттық жоба» ретінде жануарларға инекция тәсілі қолданылды. Бірақ шаруалардың өтінішісі бойынша 2023 жылы ірі қара малдарды бүрку және ұсақ малдарды тоғыту жұмыстары қайта енгізіліп, жүргізілетін болады. Биыл облыстық бюджет есебінен энзоотиялық аурулардың алдын алу үшін қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуға 560,0 млн. теңге қаржы бөлінді. Ірі және ұсақ малдарды егуге «Ивервет Е» дәрісі, үй іргелік қоражайлар мен жапсарлас аумағын залалсыздандыруға «Дизицип» дәрісі, мал иірімдері мен суаттарды залалсыздандыруға «Фентифип Супер» дәрісі сатып алынып, аудан, қала орталықтарына жеткізілді. Көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмыстарын атқаруға «Ветеринариялық қызмет» коммуналдық кәсіпорыннан 1168 адам жұмылдырылды. Мамандар тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, 1066 арнайы киім, 3198 респиратор, 17 ДУК автокөлік, 186 ранцтік аппарат, 17 дана мотопомпамен қамтамасыз етілді. Облыс бойынша 51 дана Беккари шұңқыры және 207 дана мал өлекселерін тастайтын нысандар бар. Өңірде 234 дана мал тоғытатын ванналар орналасқан.

Адамдарды кене шағу фактісі бойынша облыс көлемінде 55 жағдай тіркеліп, 6 жағдай зертханалық зерттеуде оң нәтиже көрсеткен. Олар – Ордабасы, Бәйдібек, Отырар, Келес аудандары. Өкінішке қарай, бір жағдайда адам өлімі орын алды. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге қажетті құлақ жапсырмалармен қамтамасыз етілді. Ірі қара мал төліне 363,6 мың, уақ мал төліне 1682,9 мың, түйе төліне 6901, шошқа төліне 4600 дана жеткізіліп, 171,2 мың ірі қара, 1258,6 мың уақ мал, 4015 түйе және 1467 шошқа төлі сырғаланып, ақпараттар дерекқор базасына енгізілді.

Осы жерде айтып кететін тағы бір мәселе, ішкі сауда, ауыл шаруашылығы жануарларын өткізу және сою, өсіру обьектілеріне ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау аудандық, қалалық ветеринариялық инспекцияның құзырына жүктелген. Олардың қызметі бізден бөлек.

Қазақ ғылыми зерттеу ветеринариялық институтының ұсынысы негізінде малдарды «Ивервет Е» дәрісімен инъекциялау тәсілі тиімді, нәтижелі жоба болған соң биылғы жылы облысқа пилоттық жоба ретінде енгізілген болатын. Көктемгі маусымға ірі қара мен уақ малдарға инъекциялау жүргізілгеннен кейін ішінара бақылау жасалды. Нәтижесінде инъекцияланған малдардың денесінде кенелердің жойылғандығы анықталды. Бірақ біз шаруалардың өтініші бойынша келесі жылы малдарды қайтадан креолинге шомылдыруды қолға аламыз. Ірі және ұсақ малдарды егуге «Ивервет Е» дәрісі, үй іргелік қора-жайлар мен жапсарлас аумағын залалсыздандыруға «Дизицип» дәрісі, мал иірімдері мен суаттарды залалсыздандыруға «Фентифип Супер» дәрісі мемлекеттік сатып алу порталы арқылы сатып алынып, 22 наурызда келісім-шарт түзіліп, аудан, қала орталықтарына жеткізілген. Алайда, аудандарда қабылдау актілері кешігіп жасалғандықтан, түсінбеушілік туындаған болар. Рас, залалсыздандыру жұмыстары ауа райына байланысты кештеу басталғанымен, толық жүргізілді. Ешқандай қаржы далаға шашылған жоқ.

Біз мына мәліметті мақтанышпен айта аламыз, яғни облыс көлемінде 2001 жылдан бері ауылшаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркеліп, мал өлімі орын алған жоқ. Бүгінгі таңда облыс аумағында эпизоотиялық және энзоотиялық ахуал тұрақты».

Жоғарыда айтылған мәліметтер, дәлірек айтқанда, басқарма мен мердігер арасындағы келісім шарт, дәрінің зауыттан шыққан уақыты секілді деректерді аспаннан алғанымыз жоқ. Оқырманымыз қолымызға мөрі бар құжаттың көшірмесін ұстатты. Алайда, ветеринария бөлімінің басшылығы тарапынан айтылған уәжге қарағанда залалсыздандыру жұмыстары уақтылы, әрі толық жүргізілген екен. Мемлекеттік мекеме қызметкерлері бізге жалған ақпарат ұсынбаған болар деп сенгіміз келеді. Ал, қай құжаттың түпнұсқа, қайсысының жалған екенін анықтайтын біз емес, онымен айналысатын арнайы органдар бар. Сол себепті бұл мәселені құзырлы органдардың құзырына қалдырмақпыз. Оқырманымыз дәрі уақтылы, әрі толық пайдаланылмаған болса оның зардабы келесі жылы ауыр болатынын айтып отыр. Бізді мазалайтыны, үрейлендіретіні де осы.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған