Немесе 7 миллион теңгеге кімнің үйін жөндеген?
Арыс қаласына Гүлжан Құрманбекованың әкім болып тағайындалғанына екі жылға жуықтап қалды. Сол кезде Түркістан облысына алғашқы әйел әкім келді, бұл кісінің тәжірибесі бар деп талай адам сенім артқан-ды. Сол Г.Мамытқызы көпшіліктің сенімін ақтамады десек қателескен болармыз, Арыстың қазіргі әкімі әйел болғанына қарамастан ер адамдардан кем тірлік жасап жүрген жоқ. Қолдан келгенше тырысып, қала тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге атсалысуда. Дей тұғанмен кемшіліктер де жоқ емес. Бұл кемшіліктер негізінен осыдан үш жыл бұрынғы әскери қоймадағы жарылыс салдарын жоюға байлынысты болып отыр.
Жарылыстан зардап шеккен талай адамның әлгі күнге дейін тиісті көмек ала алмай отырғанын бұған дейін де жазғанбыз. «Естімедім, оқымадым» демесі үшін Гүлжан Мамытқызының өзін де арнайы құлақтандырдық. Құжаттарды алдына қойып, тиісті мамандар мен орынбасарларының берген мәліметтері орындалмай отырғанын жеткіздік. Өткен жылдың маусым айында Г.Құрманбекова: «Бұл үйлер Түркістан облысының секторына тиесілі болса шешеміз, аймақ басшысынан қаржы сұрап хат жазамын», – дегенде көңілі жай тапқан арыстық Асылхан Медетов сыртқа шыққанда: «Әйелдің аты әйел ғой, адамдардың жағдайын түсінеді. Жаны ашиды», – деп әкімді мақтап алған.
Содан бері бір жарым жылға жуық уақыт өтсе де, бұл мәселеге қатысты жағымды жаңалықты әлі естімей отырмыз. Ал «әкім әйел болсын, еркек болсын бәрі бірдей екен ғой» деген тұрғындардың Гүлжан Құрманбековаға деген сенімдеріне селкеу түсе бастаған. Оған жарылыстан зардап шеккендердің әлі күнге дейін өтемақы ала алмай жүргені себеп болуда. Жалпы қанша уақыт өтсе де Арыс қаласында жарылыс тақырыбына қатысты мәселелер шешімін таппай келеді. Оған өңір мен аймақ басшыларының жоғарыға «бәрі бітті» деп жалған мәлімет бергені негіз болғаны айтпаса да түсінікті жағдай.
Жуырда редакцияға Арыс қаласынан Әшімбек Құрманқожаев есімді азамат хабарласып: «Жарылыс толқыны үйімнің шатырын қисайтып кетті. Содан екі сиырымды сатып, басқа да қаражатты жиып, елден бұрын шатыр мен терезені ауыстырдым. Үйдің едені мен төбесін жаңарттым. Сөйтіп жүргенде үйлерді жөндеу жұмыстары басталды. Бірнеше жігіт келіп, бір күнде үйдің сыртын сылады. «Өзің салып ал» деп бес есік берді.
Арада бірнеше ай өткенде көршім келіп, құжатта мекенжайымыздың өзгеруіне байланысты сотқа баруым керектігін өтінді. Сотта менің үйімді жөндеуге деп 7 миллион теңге қаржы қаралғанын білдім. Барылқ құрылыс материалын өзім сатып алып, жөндетсем, 7 миллион қаржыны менің үйімді жөндеуге «жұмсады» деген құжат қалай толтырылған?! Маған құжатта не сатып алынып, қандай жұмыс жасалғанын көрсетпеді. Прокуратураға да бардым. «Арыз жазамын» деген соң бір жігіт үйге 700 мың қалдырып, арызды алып кетіпті. Сол кезде кішкентайымды көлік қағып, бұл мәселеге мойын бұрмақ түгілі ойлауға да мүмкіндігім болмай жүрген-ді.
Біздің Дермене ауылында сол жарылыстан зардап шеккен қаншама үй жөндеусіз қалды. Жылап жүргендер бар. Соларды көріп, неге біреулер істелмеген жұмысқа ақша алып, үйі жарамсыз болып қалғандар далада жүру керек деген ой келеді. Тексеретін орындар болса, шындықты айтуға дайынмын. Тек әділдік болса деймін», – деп шағымын айтқан болатын.
«Шындықты айтамын» деп құлшынып отырған жан барда, жергілікті билік қызығушылық танытар, прокурорға айтар деген оймен өткен аптада Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың қабылдауына арнайы барғанбыз. Тек естігенімізді ғана емес, көргенімізді де айттық. Бірақ қала әкімі біздің тыңдауға құлықсыздық танынтты. Кіргеннен телефонын шұқылаған Гүлжан Мамытқызы «Құрылыс басқармасына хат жолдаймыз», – дегеннен әріге аса алмады. Неге хат құрылыс басқармасына жолдануы керек? Керісінше прокуратура мен сыбайлас жемқорлықпен күресетін департаментке жолдануы керек емес пе? Әлде Арыстың әкімі бұл мәселеге жауаптылардың өз қателігін жөндеуіне мүмкіндік беріп отыр ма?
«Құрылыс бөлімінің бір маманын қасымызға қоссаңыз, өзіміз-ақ апарып көрсетейік» дегенімізбен де келіспеді. Соған қарағанда бұл жердегі заңсыздықтардың жабулы қазан күйінде қалуына әкімдіктегілер де мүдделі ме екен деген ой келе бастады.
Арыстық тұрғын Ә.Құрманқожаев: «Құрылыс материалдарын өзім сатып алып, жұмысшылардың еңбекақысын да өзім төледім. Ол жұмысшыларды тауып бере аламын. Құрылыс материалдарын қайдан алғанымды да көрсетемін. Олар 7 миллионға не жұмыс істегенін көрсетсін?» – деп отыр. Шындықтың түбіне жетіп, жемқорлықты жоямын деген адамға бұдан артық қандай дәлел керек.
Жалпы, бұл мәселемен Арыс қаласының әкімі ғана емес, облыс басшысы Дархан Сатыбалды, прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің де назар аударып, анық-қанығын зерттегені жөн. Егер Ә.Құрманқожаевтың айтқаны рас болса, бұл жерде заңбұзушылықтың болғаны анық. Ал заң алдында бәрі бірдей екенін ескерер болсақ, онда оны бұзған адам әкім немесе әкімге жақын болғанына қарамастан жауап бергені жөн. Мұны бірінші кезекте Президенттің аймақтардағы өкілдері – өңір әкімдері, Арыста Гүлжан Құрманбекова мен Түркістан облысында Дархан Сатыбалды қадағалауға міндетті екенін ұмытпаса дейміз.
Ұлықбек ҮМБЕТ.