Қазіргі уақытта құс шаруашылығы жақсы дамығандықтан, құс еті және басқа да құс еттерінің өнімдерін халық көптеп тұтынуда.
Осы тұрғыда халықты қауіпсіз және сапалы тағам өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аудандық басқармалармен бірлесе отырып, ай сайын өнімдердің қауіпсіздігін мониторингілеу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Ағымдағы жылдың 8 айында сауда орындарынан 61 құс еті өнімдерінің үлгілері іріктеліп, зертханалық зерттеу нәтижесінде 3 сынаманың Кеден Одағы техникалық регламенттер талаптарына сай еместігі анықталды (2 – таңбалау бойынша, 1 – микробиологиялық көрсеткіш бойынша).
Кеден Одағы техникалық регламенттер талаптарына сай келмеген өнімдер бойынша сауда субъектілеріне кемшіліктерді жою жөніндегі нұсқамалар беріліп, әкімшілік шаралар қолданылды.
Құс етін таңдағанда назар аударыңыз:
- Кез – келген ет өнімдерін таңдауға ерекше көңіл бөлу керек. Соның ішінде құс етін таңдау барысында тек ұйымдастырылған сауда орындарынан, яғни дүкендер мен базарлардан және супермаркеттерден сатып алғаныңыз дұрыс;
- Құс еті өнімдерінің сыртқы түрі мен иісіне көңіл бөліңіз. Иісі құс етінің өзіндік балғын иісіне тән болуы керек.
- Таңбалауына назар аударыңыз! Таңбалауда міндетті түрде: өндірушінің атауы және оның мекенжайы, өнімнің түрі, дайындалған күні мен жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары (температуралық режим) көрсетілуі тиіс.
Егер өнім сапасына күмәніңіз болған жағдайда сатушыдан сәйкестігін растайтын құжаттарын көрсетуді талап етуге құқылысыз.
Сапалы және табиғи, ең бастысы денсаулығымызға қауіпсіз өнімдерді таңдай білейік!
Ж. Кудаярова, Шымкент қаласы СЭБД бас маманы.