Соңғы бір-екі жылда, әсіресе, биыл жеке инвесторлар тарапынан салынып, оқушылар қабылдап жатқан мектептер күрт көбейді. Бұл мемлекеттің мектеп тапшылығын жою бағытындағы қолға алған жұмыстарының жемісі.
Әрине, мектептер санының артқаны қуанышты жағдай. Осыдан 10-15 жыл бұрын бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесі де күрделі күйге түскенде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бұл тығырықтан алып шаққан болатын. Енді, міне, осындай әдіс мектептерге де қолданылуда. Халқы тығыз орналасқан, мектеп тапшылығын жыл сайын тартатын оңтүстік өңірде мектеп санын арттыру – кезек күттірмейтін шаруалардың бірі. Осы күрделі мәселеге жеке инвесторлардың көмектесіп жатқаны құптарлық іс. Алайда, «ақша өзімнен шықты, енді мектепке қатысты қандай шешім қабылдасам да өз еркім» деген сыңайдағы іс-әрекеттердің орын алуы қаншалықты дұрыс? Жеке меншік мектептердің де тыныс-тіршілігі, оқушыларға беретін білім, тәлім-тәрбиесі мемлекеттің қадағалауында болуы тиіс. Өйткені, мектеп жеке меншік болғанымен, онда оқитын оқушылар халықтың бір бөлшегі.
Жуырда Сайрам ауданына барғанымызда осындай жеке меншік мектептердегі «өзімбілермендік» іс-әрекеттердің орын алып жатқанына куә болып, көңіліміздің құлазығанын жасыра алмаймыз. Аудан тұрғындарының ренішіне себеп болып отырған бір мәселе – жеке кәсіпкердің жаңадан ашқан жекеменшік білім ошақтарына өзінің, әйелінің, әкесінің есімдерін беруге қатысты болып отыр. Атап айтсақ, ауданда «Низамхан Сулайманов», «Арофат ана», «Худайберген Хайтенов» есімдерін иеленген мектептер, балабақшалар ашылған. Әрине, кез-келген адамға «мектепке есімін беретіндей бұлар кімдер, қандай тұлғалар болды екен…» деген заңды сұрақ туындайтыны рас. Мұны жергілікті тұрғындардан сұрастырып көрдік. Елден естігеніміздей, Низамхан Сулайманов Сайрам ауданындағы ірі кәсіпкерлердің бірі, Арофат оның жұбайы екен. Ал Худайберген Хайтенов деген азаматтың Қарабұлақ ауылынан сайланған депутат Равшан Хайтеновке қатысы бар екенін білдік.
Әрине, өз қаражатына мектеп салдырған Н.Сулаймановқа осы іс-әрекеті үшін алғыс айтамыз. Алайда, сол мектептерге өзінің, жұбайының атын беру қаншалықты заңды? Тірі адамның атын мектепке беруге бола ма?
Н.Сулайманов пен оның жұбайы жайында, Х.Хайтеновке қатысты ғаламтордан қанша ақпарат іздесек те, олардың «Халық қаһарманы», «Еңбек ері» деген халыққа сіңірген еңбегін паш ететін мәлімет таппадық. Оларды елден ерекшелендіріп тұрған тек кәсіпкерлік іс-әрекеттері ғана. Қателеспесек, Президент аппаратының бекітуімен мектеп, көше, ауылдарға беруге рұқсат етілген 555 тұлғаның есімдерінің тізімі жасалған екен. Сонымен қоса, жергілікті тарихи атауды пайдаланса да болады. Алайда, әлгі 555 тұлғаның есімдері жазылған тізімде Низамхан, Арофат, Худайбергеннің есімдері жоқ. Ендеше, бұл кісілердің аттарына мектеп беру қаншалықты талапқа сай? Осы сұрақпен біз Сайрам аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы, ономастика бойынша жұмысшы тобының хатшысы Бекболат Оспановқа хабарласып көрдік. «Ауданда 75 мемлекеттік мектеп бар, – дейді Б.Оспанов, – Олардың арасындағы ескірген атауларды ауыстырып жатырмыз. Жекеменшік мектептер туралы айтсам, биыл төрт білім ошағы ашылды. Оларға атау беруде ауданда бұрыннан бар мектептердің атауын қайталау, мектеп салған кәсіпкердің өзінің, туыстарының есімдерін беру жағдайлары орын алған. Ономастикалық жұмысшы топқа олар мектепке атау беру туралы ұсыныспен келмеген. Біз бұл жайттан мектеп ашылған сәтте ғана хабардар болдық. Енді заң талаптары бойынша жаңадан құрылған ұжымда жиналыс жасалып, мектепке берілген есімдер Президент аппараты бекіткен 555 тұлға мен тарихи жер-су атау тізімінде жоқтығына байланысты оны өзгерту туралы талап қоямыз».
Не үшін мұндай шешім қабылданды? Осы сауалмен мектеп салған кәсіпкердің өзімен де тілдескен едік.
«Мен 7 мектеп салғанмын, – дейді Низамхан Сулайманов. – Менің атымды иеленген мектепті осыдан 2 жыл бұрын Қарабұлақ ауылында тұрғыздым. Көзі тірі адамдардың атын мектептерге беру – заңға қайшы әрекет емес. Заңсыз болса Әділет департаменті бекітіп бермес еді. Алдын ала рұқсат та алғанбыз. Осы әңгімені қозыдырып жүрген азаматтардың өздері кішкентай бір мектеп тұрғызсыншы, сосын ғана біледі мұның қандай машақат екенін. Мектеп жеке қаражатыма тұрғызылғандықтан, оған кімнің атын беру керектігін де өзім білемін. Ол адам өмірде бар ма, жоқ па, маңызды емес.
Бұл мәселе 5-6 жыл бұрын да көтерілген, сол кезде Әділет департаментіне барып шешіп алғанмын. Сайрам ауданындағы екі бірдей Ә.Науайы атындағы мектеп жайына тоқталар болсам, мемлекеттік мектептер реттік санмен белгіленеді. Көлкент ауылындағы Ә.Науайы атындағы мектептің нөмірі – 10. Жекеменшік мектепке мұндай реттік сан берілмейді. Сондықтан мен өзім салдырған мектепке Ә.Науайы атын бергіздім.
Мен 10 жылдан бері жекеменшік мектеп пен балабақша салумен келемін. Осы уақыт ішінде Әділет департаментінен барлық заңдылықты біліп алдым. Департамент тарапынан маған «егер мемлекеттің қаражатына салсаңыз тарихи жер-су мен арнайы бекітілген адамдардың аттарын қоясыз, жеке қаржыңызға салсаңыз, өзіңіздің, әкеңіздің, әйеліңіздің, балаларыңыздың аттарын қоя беріңіз, заңға қайшы емес», – деп айтқан болатын».
Жеке қаражатына мектеп салған кәсіпкер осылайша «не істісем де өзім білемін» дейді, ал жергілікті халықтың арасында бұған наразы азаматтар бар. Бұл мәселе алдағы уақытта ушығып кетпес үшін Түркістан облыстық әділет департаментінің басшылығы тарапынан халыққа ресми түрде, түсінікті етіп жауап берілуі тиіс. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» демекші, әрине, өз қаражатына мектеп соққан кәсіпкердің оған кімнің атын беру керектігін де өзі шешетін шығар. Алайда, айтқан жерден аулақ, мектеп есімін алған адам ертең түрлі келеңсіз жағдайларға тап болып жатса (тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылмасына да кім кепіл?) қаншалықты әділетті болады? Сонда ол мектепте оқып жүрген мыңдаған оқушының моральдық құқына кім жауапты болмақ?
Ұлықбек ҮМБЕТ.