«Трамадолға» тәуелділік…

Келестегі ахуал алаңдатарлық

Ел заңнамасында ашық сатылуға рұқсат етілген дәрілер бар. Сондай-ақ, дәрігердің рұқсатымен ғана босатылатын дәрі түрлерінің де тізімі жасақталған. Өйткені, арнайы тізімі жасалған мұндай дәрілердің құрамында дұрыс тағайындалмаса денсаулыққа аса қауіпті, жүйке жүйесіне кері әсер ететін, адамды елітетін қоспалар болуы мүмкін. Ең сорақысы, мұны жиі пайдаланған адамда оған деген тәуелділік пайда болады. Міне, осындай қауіпті дәрілердің қатарында «Трамадол» деп аталатын да дәрі бар.

Бұл дәріні не себепті ерекшелеп айтып отырмыз? Өкінішке қарай, соңғы кездері жастар арасында осы дәріге деген айрықша құмартушылық артып бара жатқаны байқалады. Әсіресе, Келес ауданында жағдай алаңдатарлық екені айтылуда.

Өткен аптада облыс әкімі Дархан Сатыбалдының Келес ауданына жасаған сапарында жеке қабылдауда болған әріптесіміз Амангелді Батырбеков «трамадолға» қатысты алаңдаушылығын білдірген. «Әкім Дархан Сатыбалдыға халыққа көрсетіліп жатқан медициналық қызмет сапасының сын көтермейтіні, дәрігердің рецептімен ғана сатылуы керек «трамадол» деген бәленің жасырын түрде бей-берекет сатылуы, өңіріміздегі жас-кәрінің сол бәлеге жаппай тәуелденуі, осының бәрі айтылды. Жаңа әкім «трамадол» мәселесінің өңірімізде өте өткір тұрғанынан хабардар екенін өзі де айтып қалды», – деп жазады сарыағаштық журналист әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.

Облыс әкімінің назарында жүрген бұл мәселе енді денсаулық сақтау басқармасы мен полиция департаменті басшыларының да назарына іліксе екен дейміз. Себебі, бұл дәріге деген қызығушылық, тәуелділік әсіресе, жастар арасында белең алып бара жатқанға ұқсайды. «Трамадол» дәріханаларда дәрігердің нұсқауымен ғана босатылады дегенімен, біз жақта оны жеке үйлерден де сатып алуға болады, – дейді Келес ауданы, Абай ауылының тұрғыны Жеңісбек Ержан есімді оқырманымыз. – Ең қорқыныштысы, қауіпті дәріні мектеп оқушылары да көптеп қолдана бастапты. Қарапайым адамдар арасында оған оңай қол жеткізіп, қалаған уақытында пайдаланып жүргендер аз емес. Бір түйіршік дәрінің әсері 5-6 сағатқа жетеді екен. Оны пайдаланғандар өзімен өзі «рахат» сезімге бөленіп, дәлірек айтқанда есірткі пайдаланған адам секілді еліріп жүреді. Ал мұны жиі пайдаланудың соңы тәуелділікке ұласады. Ал тәуелді болған адам ол дәріге қол жеткізу үшін кез-келген қадамға, кез-келген қылмысқа баруы әбден мүмкін. Басқаша айтқанда, өз іс-әрекетіне жауап бере алмай қалады. Мұндай жағдай адамдардың жеке өзіне, отбасына ғана емес, қоғамға да қауіпті.

«Трамадолды» пайдаланушылар Келес ауданының барлық ауылдарында бар десем, қателеспейтін шығармын. Әсіресе Абай, Ұшқын, Қоршар ата, Ошақты ауылдық округтерінде кең тарап барады дегенді естиміз. «Іздегенге сұраған» демекші, аталған ауылдарда бұл дәріні табу қиындық тудырмайды екен. Ел арасында осындай ахуал қалыптасқанынан хабардар болса керек, аудандық білім бөлімі мен орталық ауруханаға кіре беріс қақпаның жанына арнайылап «Трамадолға» жол жоқ», – деп жазып қойғанымен, ол жеке үйлерде ашық сатылуда».

Оқырманымыздың мына жанайқайы бізді де ой тұңғиығына, уайым өртіне тастап жібергенін жасыра алмаймыз. Жедел түрде бұл мәселеге тоқтам болмаса, салдары қиынға соғары анық. Оның үстіне Келес ауданындағы 150 мыңнан аса тұрғынның жартысынан көбі жоғарыда аталған төрт ауылдық округте тұратынын ескерсек, жағдайдың бақылаудан шығып, ушығып бара жатқанын аңғару қиын емес.

Құрамында ескірткі заттары бар дейтін бұл дәріге деген тәуелділік Келес ауданының тұрғындары ғана тән десек, қатты қателесуіміз мүмкін. Бұл дерттің барлық аудан-қалаларға таралмағанына кім кепіл? Мұның қылмыстың артуына да себепші болатыны айтпаса да түсінікті. «Трамадолды» ішіп алған жүргізуші жол көлік оқиғасын жасауға бейім. Салдарынан жазықсыз жандар мерт болады. Ал жастар өз іс-әрекетіне толыққанды жауап бере алмағандықтан жұдырықтаса қалса аяушылық дегенді ұмытады. Бұған дәлел болатын ғаламторды жайлаған түсірілімдер жеткілікті. Жуырда ғана Шымкенттегі жаға ұстатар жағдай, яғни мектеп оқушысын қасындағылардың ұрып өлтіруі осы секілді есті елітер дәрілерді пайдаланудың салдары емес деп кім айта алады?

А.Батырбековтың айтуынша, мұндай дәріні сатуды ұйымдастырушы күдікті бар болғанымен, «ұсталмаған ұры еместің» кебі келіп тұр екен. Ендеше, бұл мәселемен құзырлы орындар шындап айналысуы тиіс. Ал қолға түскендер лайықты жазалануы керек. «Трамадолды» тұтынған адамнан арақ немесе темекі секілді исі шығып тұрмайтындықтан оны пайдаланған адамды анықтау қиындық тудыратыны рас. Сол себепті алдымен дәріні заңсыз сатумен шұғылданғандарды анықтап, құрықтамайынша күрмеудің түйінін тарқату мүмкін емес. Ал егер осындай көзге көрініп тұрған қауіптің жолын кесіп, тамырына балта шаба алмаса мұны тәртіп сақшыларының дәрменсіздігі немесе сыбайластық әрекеттің салдары деп бағалаудан басқа амал жоқ.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған