Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет »  Шымкент: Электронды темекіге еліткен оқушылар…

 Шымкент: Электронды темекіге еліткен оқушылар…

 Мектеп – қасиетті мекен, білім ордасы. Жер бетіне нәр беріп, айналаға сән беріп арқыраған өзен біткеннің мөлдір суы таудан бастау алса, білімі арқылы биік шыңдарды бағындырған тұлға біткеннің сауат ашуы мектеп қабырғасынан басталады. Өкінішке қарай, осыншалықты қасиетті бойына сіңірген ордаларда орын алып жатқан олқылықтар мен келеңсіздіктер көңілге кірбің салады. Баянды болашақтың иелерін тәрбиелейді деген білім ордаларында қылмысқа жетелейтін жолға қадам бастар әрекеттерді көргенде қынжылмағанда қайтпекпіз…

Газетіміздің өткен жолғы санында мектеп оқушылары арасында құрамында есірткі заты бар «Трамадол» деген дәріге тәуелділіктің көбейіп бара жатқаны жайлы жазып, дабыл қаққан едік. Енді тағы бір сорақылық – оқушылардың құмарта тартып жүрген электронды темекі жайын жанайқай етіп жеткізбекпіз.

Жуырда әлеуметтік желі арқылы таралып жүрген бейнетүсірілімдегі бір топ мектеп оқушыларының электронды темекіні таласа тартып жүргенін көріп, жағамызды ұстадық. Бейнетаралымда темекіқұмарлар №16 мектептің оқушылары екені айтылғанымен, қай облыс немесе қала екені нақтыланбаған. Дегенмен, бұл түсірілім қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр. «Қызым үйде, қылығы түзде» демекші, әр ата-ана өз баласы үшін уайымдағаны айтпаса да түсінікті. Біз осы түсірілімге орай, жалпы электронды темекіге қатысты бірқатар зерттеу жүргізіп көрген едік.

Әуелі оқушылардың ермегіне айналған электронды темекі мен оның ағзаға зияны жайында аз ғана айтып өткіміз келіп отыр. Электронды темекі – ішінде сұйықтығы, ауыстыратын арнайы картриджі бар, өкпеге тыныс алу жолдары арқылы никотин жеткізетін темекінің жаңа түрі. Құрамында никотин, көмір қышқыл газы, көміртек тотығы, көгеретін қышқыл, аммиак, шайырлы заттар, органикалық қышқылдар секілді 30-дан астам улы заттар бар. Ал осы темекінің салдары қанша адамның тағдырын талқандап жатқаны жайындағы факт жан түршігерлік. Жер бетінде тажал түтіннен өкпесі уланып, ажал құшқан адам саны 8 миллионнан асады екен.

Электронды темекінің зияны кәдімгі темекіден жоғары болмаса кем емес. Лондондағы темекінің зиянын зерттейтін орталықтың маманы Амонда Сэрфорд құрамында никотин болғандықтан электронды темекінің адамды шылымға үйір қылып қана қоймай, өкпені ірітіп жіберетінін де анықтаған. Электронды темекінің негізгі бөлігі никотиннен тұрады. Улы зат адам ағзасына бірінші тартқаннан ақ кіріп, қанға өтеді. Содан психологиялық тәуелділік туындайды. Бірте-бірте адам оны шекпесе өзіне өзі ие бола алмай, ашуланшақ болады. Жүрек-қан тамырларына әсер етеді. Сондай-ақ, өкпе мен бүйрекке зиян тигізеді. Ал ұзақ уақыт пайдалану – қатерлі ісікке себеп болуы мүмкін. Өкінішке қарай, жаман әдет жұққыш келеді. Сол себепті электронды темекінің оқушыларды қызықтыруы жылдам белең алып барады. Осындай қауіпті көре тұра мемлекеттің оған үн қат­пауы, жедел тосқауыл мен қатаң шектеу қой­мауы – болашаққа балта шап­қанмен бірдей.

Еліміз «асықпай жарылатын» мұндай бомбаның алдын алу үшін қандай да амал қолданып жатқаны бізге беймәлім. Ал жан-жағымыздағы көрші мемлекеттер қоғамның жазылмас дертіне айналу қаупі бар келеңсіздіктің алдын алуға кірісіп кетті. Мәселен, Ресей Думасы электронды темекілер мен вейпті темекіге теңеп, оны қоғамдық орындарда тұтынуға және кәме­летке толмағандарға сатуға ты­йым салатын заң қабылдады. Ал АҚШ-тың Нью-Йорк штаты 2019 жылдың қыркүйегінде бірінші болып элек­тронды темекілерге тыйым салды. 2020 жылдың басында бұл тыйым бүкіл АҚШ-та қолданылатын болды. Ал біздің мектеп қабырғасындағы буыны бекімеген балалар қора-қопсыға тығылмастан-ақ, көшенің ортасында таласып тартып жүр. Бұл дерттің жайылуын тоқтатуды шұғыл қолға алмасақ, кейін кеш болып қалуы әбден мүмкін. Хәкім Абайша айтсақ, «қолымызды мезгілінен кеш сермеп» жүрмелік.

«Өте орынды мәселе көтеріп отырсыздар. Себебі қазір өркениет заманына қадам басып, әлемдік қауымдастықтың қазанында бірге қайнап жатырмыз. Осы мәселенің соншалықты ушығып отырғаны шетелдік ақпараттар мен өнімдердің біздің қоғамға терең бойлап еніп бара жатқанының бір көрінісі. Мұнымен бүгін қоғам, ата-ана, ұстаздар болып күш біріктіріп күреспесек, ертең кеш қаламыз. Салдары сан соқтырары сөзсіз. Электронды темекі ағзаны ғана емес, сананы да улайды. Санасы уланған жастан ертең қоғамға пайдала қандай тұлға шығады? Бұл түбінде уытқұмарлыққа, тәуелділікке, соңы қылмыс пен суйцидке алып келеді, – дейді біздің көтерген мәселені қос қолдап қоштаған Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы мектеп директоры Талғат Шаймерденов. – Біз мұндай қауіпті дерттің алдын алу мақсатында аға буын мен кіші буын арасында жиі кездесулер ұйымдастырып тұрамыз. Мұндай жасанды темекі шалғай ауылдарға әлі толық жете қойған жоқ. Бірақ, бүгін жоқ нәрсе ертең-ақ жетіп үлгеруі әбден мүмкін. Сол себепті, «бізге әлі келмеген» деп қарап отыра берген жөн болмайды. Кәдімгі темекі, электронды темекі, насыбай – мұның бәрінің түбі бір, тәуелдікке алып келеді».

Әлеуметтік желіні шулатқан әлгі видеода №16 мектептің аты аталатынын жоғарыда айттық және бұл ауылдың емес, қаланың мектебі екені тіршілігі ығы-жығы көріністен байқалып тұр. Ендеше, бұл Шымкенттің білім ошағы емес пе екен деген оймен мегаполистегі №16 мектептің директоры Мәдина Дүйсебековамен де хабарласып көрдік. «Біздің мектеп жер үйлі аймақта орналасқан. Қасымызда ешқандай ойын алаңшасы жоқ. Бейнетүсірілімді көрдім, оның бізге қатысы жоқ. Мұндай оқиға бұған дейін бізде тіркелмеген. Дегенмен қауіптің алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарына жиі жүгінеміз. Түсірілімді ата-аналарға да жібердім. Себебі бала болашағы бәрімізге ортақ», – деді директор Мәдина Заттыбекқызы.

Әрине, жағдай Шымкентте орын алмағаны жақсы, алайда, бұл қоғам үшін ортақ мәселе. Сол үшін құзырлы органдар бейнетүсірілімдегі қай мектептің оқушылары екенін міндетті түрде анықтап, ата-аналарына, білім ордасының басшыларына шара көріп, айыппұл салып, оны әлеуметтік желі арқылы тарату керек. Өзгелерге де сабақ болу үшін. Шара көрілмеген қылмыстың соңы үлкен өкінішке ұрындырары талас тудырмайды.

Мақаламыздың соңын Шымикент қаласы Полиция Департаментінің басшысы Қайрат Дәлбековтың әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған мәліметтермен аяқтағымыз келіп отыр. «Жыл басынан бері ювиналды полиция инспекторларымен атқарылған жұмыстар нәтижесінде кәмелетке толмағандармен жасалған 51 қылмыс анықталды. Олардың көпшілігі 16-17 жастағы балалар. Ал, жасөспірімдерге қатысты 96 қылмыс орын алған. Нәтижесінде соңғы тоғыз айда барлығы 227 жасөспірім арнайы есепке қойылды. Перзентіне дұрыс тәрбие беріп, тәртіпке салмағаны, жауапкершілігіне алып, қамқорлық көрсете алмағаны үшін 5 азамат ата-ана құқығынан айырылды. Ал, тәртіпке бағынбаған 3 жасөспірім Тараз қаласындағы арнайы мектеп-интернатқа жолданды…», – дейді генерал.

Иә, бұл Шымкентке ғана қатысты мәлімет, ал республика бойынша жасөспірімдер қолымен жасалған қылмыс мыңдап саналады. Әрине, бұл балалардың барлығы бір сәтте бұзақы бола салған жоқ, көпшілігі әуелі қызығушылықпен темекі шегуді бастайды, кейін ұсақ-түйек заңбұзушылықтарға барады, сосын ұрлайды, тартып алады, әлімжеттік көрсетеді. Осылай жалғасып кете береді. Атам қазақ «Баланы жастан…» деп осындайда айтса керек. Балаларға абай болайық, ағайын!   

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика