Қазығұртта 2 жасар бала жаңбыр суына тұңшығып қайтыс болды

Облысы құтқарушылары қатты жаңбырдың салдарын жойып жатыр. Десек те қайғылы жағдай орын алды. Екі жасар бала жаңбыр сумен ағып, шұңқырға түсіп, тұңшығып қайтыс болған. Оқиға Қазығұрт ауданында орын алып отыр

Бүгін, яғни 26 қазанда сағат 01.00-ден 6.00-ге дейін Түркістан облысында үздіксіз жауын-шашын жауды. “Табиғи құбылыстардың салдарынан облыстың 3 ауданында (Қазығұрт, Бәйдібек, Сарыағаш) жеке тұрғын үйді, 21 аула аумағын су басты және 13 ірі қара мал қырылды” деп хабарлайды төтеншеліктер.
Жағдай Түркістан облысы әкімдігі мен ТЖ департаментінің бақылауында. Тиісті күштер мен құралдар құрылды.
Қазіргі уақытта Түркістан облысының жергілікті атқарушы органдары мен Төтенше жағдайлар департаментінің күштерімен су айдау жұмыстары жүргізілуде.

ТЖД-нің мамандары су тасқыны кезіндегі ережелерді ұстану қажеттігін ескертуде. Яғни, қажетті құжаттарды, құндылықтарды, дәрі-дәрмектерді, азық-түлік және басқа да қажетті заттарды тез жинау қажет. “Балаларға, мүгедектерге және қарт адамдарға көмек көрсетіңіз. Оларды бірінші кезекте қауіпсіз жерге жеткізген жөн. Мүмкіндігінше су тасқыны аймағынан дереу кету керек. Үйден шықпас бұрын электр және газбен жабдықтауды өшіріп, пештердегі отты сөндіріңіз. Терезелер мен есіктерді жабыңыз. Малды босатыңыз. Жоғарғы қабаттарға көтеріліңіз. Су астында қалсаңыз ауыр киім мен аяқ киімді шешіп алыңыз, көмек келгенге дейін қолдануға болатын заттарды тауып алыңыз. Су азайғаннан кейін үзілген және салбыраған электр сымдарынан сақ болыңыз. Суға түскен азық-түлікті пайдалануға және тиісті санитарлық тексерусіз суды пайдалануға қатаң тыйым салынады. Тұрғын үйге кірер алдында су азайғаннан кейін сақтық шараларын сақтаңыз: бөлмені желдету үшін есіктер мен терезелерді алдын ала ашыңыз, желдету алдында ашық отты пайдаланбаңыз (газдардың жарылғыш өрт қауіпті концентрациясы болуы мүмкін), электр желілерінің жарамдылығын тексермес бұрын жарықтандыру және басқа да электр құрылғыларын қосуға тыйым салынады” дейді төтеншеліктер.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған