Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Басты жаңалықтар » Басынан дау арылмайтын бөлім

Басынан дау арылмайтын бөлім

Сарыағаштың білім саласында неге дау-дамай көп?

Сарыағаш ауданында басынан дау арылмаған бір мекеме болса, ол білім саласы. Бір басшысы парамен ұсталып, енді бірі «адам атуға тапсырыс берді» деген күдікке ілінген аудандық адами әлеуетті дамыту бөліміне басшылық қызметті уақытша атқаруға Дәулет Ақатовтың тағайындалғанына да біршама уақыт болды. Жас келсе іске демекші, бөлім басшылығына жас маманның келгеніне қуандық. Алайда, басынан дау арылмаған бөлімде тағы да қаңқу сөздер көбейді.


Алғаш кездескенімізде жаңа басшы Дәулет Анасұлының «барлық жұмысты заңды түрде жүргіземін, әділетсіздікпен күресемін» деген сөзін өз аузынан естігендіктен, бізге жеткен шағымды қаңқу сөз деп отырғанымыз сондықтан. Тіпті, былыққа батқан бөлімде әділеттілік орнатамын деген азаматтың аяғынан шалу емес пе екен деген де ой келді. Сол себепті айтылып жатқан шағым ақиқат па, әлде «жаптым жаланың» бірі ме деп, осыны анықтау үшін жолға шықтық.
Шағым айтушылардың сөзіне сенсек, Сарыағаш ауданы Жаңаталап елдімекеніндегі пайдалануға берілгеніне небәрі екі-ақ жыл болған №77 мектеп ұжымы дау-дамайдан көз ашпай келе жатқан секілді. Ұстаздар жанайқайына құлақ түрсек, олар еңбек демалысына төленетін ақшасын толық ала алмай жүргенін, дипломсыз адамдардың мектепте жұмыс істейтінін айтады. Осы жайында бөлім басшысының өзімен де, есеп бөліміндегілермен де тілдестік. Д.Ахатов шағымданушы Г.Алшыоразованың еңбек демалысына 4 қазанда шыққандығы жөнінде бұйрық барын айтты. Ал осы мектептің ұстазы А.Еркееваның дипломсыз сабақ беріп жүргендігі шындыққа жанаспайды екен. Демек, жұмыстың барлығы да заң аясында жүріп жатыр деген сөз. Алайда ақиқатқа толыққанды көз жеткізу үшін аталған мектепке де ат басын бұруды жөн көрдік.
Мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Көпжан Маханбетов дау-дамайдың бар екенін жоққа шығармайды. Бөлім басшысы Г.Алшыоразованы еңбек демалысына 4 қазан күні шықты десе, мектеп басшылығы 1-қазан күні еңбек демалысына шыққаны жөніндегі №51-ші бұйрықты көрсетті. Бір байқағанымыз, бөлім басшысы мен директордың міндетін атқарушы азаматтың айтып отырғандары бір, яғни №51 бұйрық болғанымен, екеуінің шыққан күндері екі түрлі көрсетіліпті. Демек, бұл бұйрықтың шығуында бір шикіліктің бар екені сөзсіз. Оның үстіне біз журналистік зерттеу жүргізіп жатқан сәтте мұғалім Г.Алшыоразова өзін еңбек демалысына жіберу жөніндегі өтінішін әлі жазбаған екен. Сонда өз қолымен әлі жазылмаған өтінішке байланысты бұйрық қалай шыққан?
Ал енді «дипломсыз ұстаз» мәселесіне келер болсақ, А.Еркееваның дипломы жоқ емес бар екен. Тіпті, біреу емес, екеу. Бірақ, екінші дипломды қалай алғандығын түсінбедік. Неге десеңіз, А.Еркеева 2020-2022 жылдар аралығында аталған мектепте мектепалды даярлық тобына сабақ береді. Дәл осы кезеңде А.Еркеева Шымкенттегі бір университеттің күндізгі бөлімінде оқып бітіргендігін айғақтайтын дипломын алып келеді. Бір мезетте Сарыағаштағы мектепте сабақ беріп, Шымкенттегі жоғары оқы орнында оқу қаншалықты мүмкін және заңды? Жергілікті тұрғындардың күдігін туғызған да осы сауал. Егер университеттің күндізгі бөлімін «бармақ басты, көз қысты» әрекетпен оқып бітірсе, ол адамнан қандай білікті ұстаз шықпақ? «Биылдың өзінде 70-ке жуық оқушы басқа мектепке ауысып кетті» деген сөз де айтылады. Бұл, әрине, «балаларын білсін деп берген» ауыл тұрғындарын алаңдататын және күдігін қоюлататын ахуал екені рас. Осы күдік-күмәнді сейілту үшін мектеп пен бөлім басшылығы тарапынан арнайы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, анық-қанығын ашып айтулары тиіс.
Тағы бір айтпай кетуге болмайтын, ата-аналарды алаңдатарлық жайт – мектеп асханасының жұмыс істемеуі. Қазір оқу жылының екінші тоқсаны аяқталуға жақын, алда қыс мезгілі, ал қарны ашқан балалар тамақты сабақ арасында жолдың арғы бетіндегі дүкеннен сатып алуға мәжбүр. Мұндайда бала қауіпсіздігі мәселесі де күн тәртібіне көтерілетіні түсінікті. Оған кім жауап береді? Осы жайында әлеуметтік желіде жазба қалдырғанымызда Сарыағаш аудандық білім бөлімі тарапынан төмендегідей жауап жазылды: «Сарыағаш ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты №77 мектебінде қазіргі таңда буфет және кеңсе заттарын сату үшін, ғимараттың ішінен жеке бөлме жайын жалға беру үшін Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасына сұраныс берілген. Қазіргі таңда буфетті жалға беру бойынша gosreestr.kz веб порталында жарияланған. Жеңімпазды анықтау мерзімі 2022 жылдың 3 қараша күні болып белгіленген».
Оқу жылының басталғанына 2 ай өтсе де шешімі табылмаған мәселенің, яғни мемлекеттік сатып алу конкурсының белгіленген мерзімде аяқталып, жеңімпаздың анықталып, істің уақтылы басталарына тұрғындар күмәнмен қарайды.
Біздің қозғап отырғанымыз Сарыағаш ауданындағы бір ғана мектептегі мәселе. Басқа жүзден астам білім ошақтарындағы ахуал қандай екенін ешкім дөп басып айта алмас. Бірақ, дер кезінде шешімі табылмаған ұжым ішіндегі даудың бір күндері сыртқа шықпасына кім кепіл? Осындай олқылықтардың алдын алу үшін ауданның бас ұстазына көп жұмыс істеу керек. Жас болса да үлкен ұжымға бас болып отырған Дәулет Ақатовқа Сарыағаштың білім саласындағы осы секілді келеңсіздіктер көп екені рас болса, оны қашан заңды түрде ретке келтіресіз, оған тәжірибеңіз бен біліктілігіңіз, ерік-жігеріңіз жетеді ме деп сұрағымыз келеді.
Қазақта «көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» деген сөз бар. Лайым, бөлім басшысы белге байлаған сол шоқпарды көтере алар, жарты жолда тастап кетпес деген ойдамыз. Сонда ғана басты міндеті – оқушыларға сапалы білім беру болып саналатын білім ошақтарында дау-дамай саябырсиды, сабақ өту процесіне кедергі болмайды. Қалай болғанда да Президент сайлауы қарсаңында даудың ушықпағаны дұрыс қой.

 

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика