ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасына сәйкес, қоғамдық денсаулық басқармасы және медициналық сақтандыру қорының өңірлердегі филиалдары тұрғындар алдында атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру жиындарын бастады.
Осы ретте, тиісті мекеме басшылары Кентау қаласында халықпен кездесіп, денсаулық саласына қатысты көпшлікке тән мәселелерді талқылады.
Жиынды Кентау қаласы әкімінің орынбасары А.Байболова жүргізіп отырды.
Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының бөлім басшысы С.Жамалова денсаулық саласында қаржыландыру шаралары, медициналық мекемелерді құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге тоқталды.
“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры А.Бейсенбаев жалпы МӘМС жүйесі енгізілгелі бері медицина саласында болып жатқан өзгерістерге және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасының артқаның назарға ұсынды.
2022 жылы Кентау қаласының халқына медициналық көмек көрсетуге 8 543 348 мың теңге бөлінді, оның ішінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесінен 3 485 050 мың теңге. (оның ішінде Сауран ауданы бюджеті 3 229 340 мың теңге, ТМККК 2 158 054 мың теңге, МӘМС 1 071 286 мың теңгені құрайды).
2021 жылы Кентау қаласының тұрғындарына 5 244 008 мың теңгеге Қор есебінен медициналық көмек көрсетілді.
Бұл ретте, МӘМС жүйесі енгізілгенге дейін Кентау қаласының денсаулық сақтау жүйесінің бюджеті 3 825 268 мың теңге. Яғни, қазіргі уақытта аудан бюджеті 2 еседен астам өсті.
Ұзақ уақыттан бері алғаш рет медициналық қызметкерлердің жалақысын жүйелі түрде жыл сайын арттыру жүргізілуде: нәтижесінде дәрігерлердің орташа жалақысы 189-дан 342 мың теңгеге дейін, ал медбикелердің жалақысы 120-дан 211 мың теңгеге дейін өсті.
Сонымен қатар, Кентау қаласындағы МӘМС жүйесі бойынша жұмысшы топпен өңірлік штаб отырысы өтіп, жергілікті мекемелерге халықты жүйеде өзектендіру үшін тиісті тапсырмалар берілді.