Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Ел ардақтысы Елберген Жүсіпұлының туғанына – 100 жыл – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Ел ардақтысы Елберген Жүсіпұлының туғанына – 100 жыл

Созақта Құранды жатқа айтатындар арасында байқауы өтті

 Теріскейліктерге есімі түгел танымал, Созақ ауданының құрметті азаматы Елберген Жүсіпұлының туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Осыған орай артында қалған ұрпағы үлкен ас беріп, Созақ аудандық мәдениет үйінде Құран Кәрімді жатқа оқудан Түркістан облыстық ашық байқауы өтті.

Оған облысымыздың барлық аудан, қалаларынан елуден астам үміткер қатысып бақ сынады. Құран Кәрімді жатқа оқығандардың деңгейін Түркістан облысының бас имамы Еркебұлан Ыбырайымұлы бастаған қазылар алқасы сарапқа салды.

Құран Кәрімді жатқа білу өз алдына, оны әуезді әуенмен, нәшіне келтіре оқу да байқаудың басты талаптарының бірі. Десек те өзіндік мақамы бар кей үміткерлер әуезді етіп жеткізгенмен, сүрелерді толық айта алмай сүрініп қалып та жатты.

–Құран Кәрімді жатқа оқу жарысын ұйымдастырып, әкесінің есімін ел жадында қалдыру үшін, осындай игілікті іс атқарып отырған Елберген Жүсіпұлының ұрпақтарына көп рақмет айтамыз. Әке аманатына адал, ата-анасына ізетті осындай ұрпақ көбейе берсін. Байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Байқауға қатысуға ниеттенгендер де көп болғаны аңғарылады. Үміткерлерді іріктеу оңай болған жоқ. Қазылық етіп отырып, Құран Кәрімді жатқа айтатын жастардың қатары көбейіп келе жатқанына қаундық. Байқау барысында байқағанымыз әсіресе, 20, 30 параны жатқа айту туры тартысты өтті, – дейді Түркістан облысының бас имамы Еркебұлан Ыбырайымұлы.

Байқаудың қорытындысы бойынша Құран Кәрімнің 10 парасын мүдірмей жатқа айтудан бірінші орынға сайрамдық Хожиакбар Розматұлы, екінші орынға кентаулық Ясин Бақтиярұлы, үшінші орынға Шымкент қаласынан барған Вохиджан Шухратов ие болды.

Ал, Құран Кәрімнің 20 парасын жатқа айту бойынша бірінші орын түркістандық Рухихан Қасымға, екінші орын оның жерлесі Садрадин Абдукаюмовқа, үшінші орын «Ықылас» қарилар медресесінің шәкірті Мұхаммед Ығылманға бұйырды.

Құран Кәрімнің 30 парасын жатқа айтқандар арасынан бірінші орын Кентау қаласындағы «Балаби» қарилар медресесінен келген Асадулла Иззатбекұлына бұйырды. Шымкент қаласынан келген Ниғматулла Абдазимов екінші, кентаулық Дінмұхаммед Әбдіахмат үшінші орынды иеленді.

Жүлдегерлерге Умра қажылыққа жолдама, қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Жалпы бұл байқауға қатысқандардың бәріне де құрмет көрсетілді.

Айта кету керек Құран Кәрімді жатқа айтатындар арасындағы мұндай сайыс Созақ ауданында алғаш рет өтіп тұр екен. Әрине, ата-анасының, бабаларының рухына арнап ас беру, есімін ел жадында қалдыру мақсатында өзге де ізгілікті істерді ұйымдастырушылар аз емес. Десек те Қарилар жарысы теріскейде тұңғыш рет өтті. Оның өзі ел есімін ардақтаған, аяулы азамат Елберген Жүсіпұлының рухына арналып отырғанын теріскейліктер мақтанышпен, зор құрметпен айтуда. Бұған дейін де аудан көлемінде өткен спорттық жарыстарға, қайырымдылық іс-шараларына Елберген ақсақалдың артында қалған ұрпағы демеушілік жасап, мұрындық болып жүрген-ді. Бұл жолы әке рухына бағыштап, тоқсан жасқа толып отырған анасы Бәтжан Махажанқызының туған күніне орай Қарилар сайысын ұйымдастыруы айта жүрер ізгі тірлік болды.

Игілікті іске мұрындық болған Елберген Жүсіпұлының ұрпағына асқа жиналғандар алғысын айтып, батасын берді. Елберген ақсақалдың құдалары, белгілі ұстаз Керімжан Сейтжанов, елімізге есімі танымал меценат Серікжан Сейтжанов, сенатор Әлімжан Құртаевтар ізгі тілектерін айтса, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков игі істің өзгелерге өнеге боларлық жағына тоқталды.  «Әке көрген оқ жонар» демекші ел ерекше ардақтап, көптің құрметіне ие болған Елберген ата жайлы естеліктер айтып, өскелең ұрпаққа өнегелі ісін өсиет етіп баяндағандар да аз болмады.

 

Теріскейді түлету жолында аянбай тер төккен, ауданның өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан Елберген Жүсіпұлы – 1922 жылы Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында туған. Ұлы Отан соғысының ардагері. Майдандағы ерлік ісі үшін көптеген медаль, марапаттарға ие болған азамат соғыстан кейінгі жылдары елге оралып, Созақ ауданында түрлі басшылық қызметте еңбек етті. 1954-1958 жылдарда Алматы жоғарғы партия мектебінде оқыды. Аудандық тұтынушылар қоғамында есепші бухгалтер, Қазақстан Компартиясы Созақ аудандық комитетінде есеп-санақ секторының, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1958-1963 жылдары халық депутаттары Созақ аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1963-1986 жылдар аралығында аудандық су шаруашылығы басқармасының бастығы, «Тасты» совхозының партия комитетінің хатшысы, аупарткомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, «Сызған» совхозының партия комитетінің хатшысы, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған ол қай қызметте жүрсе де әділдікті ту етіп, адалдықтан танбаған. Содан да болар теріскейліртер арасында Елберген ақсақалдың абыройы өте жоғары. 1986 жылы дербес зейнеткерлікке шыққан соң да  елдің әлеуметтік дамуына үлесін қоғамдық негізде қоса білген ақсақалдың айтары да аз болмады. Бірнеше рет Халық депутаттарының аудандық, селолық Кеңестерінің депутатты  болған азамат ардагерлер кеңесінің, ақсақалдар алқасының мүшесі ретінде жастар тәртиесіне үлкен мән беріп, аудан аумағындағы тәриелік іс-шараларға белсене араласты. Қоғамдық мәселелерді көтеріп отыратын. Бұған аудандық газетте жарияланған Елберген Жүсіпұлының бірнеше мақалалары дәлел. Мысалы, Салықбай мерген жайлы естелігі, «Ақсақалдар алқасы құрылды енді….» сынды мақалаларында елдік мәселе көтеріп, қоғамды алға дамытудың мәселесін ұсынады. Ал, «Еңбек адамының да есімдерін берсек» деген мақаласында Елберген Жүсіпұлы қызмет бабында елге сіңірген елеулі еңбегіне куәгер ретінде Ізбала Шалқаров жайлы толғанады. «…бас көтерер азаматтардың бәрі майданға аттанып, ауылда қалған қарттардың, әйелдердің, жасөспірім балалардың басын құрап, өндіріс бригадирі ретінде астық егіп, мал бағып, халықтың аш-жалаңаш қалмауына күн демей, түн демей, уақытпен санаспай еңбек етеді» дей келе «…Ізбаланың есімін кейінгі ұрпақ ұмытпай есте сақтап жүруі үшін Шолаққорғаннан бір көшені сол кісінің есімімен атаса, өте лайықты болар еді» деп ұсыныс айтады. Ел Елберген ақсақалды осындай турасын айтып, әр қадамын анық басқаны үшін де сыйласа керек-ті. Қызметтес болған замандастарына кішіпейіл, өзінен кейінгілерге қамқор Елберген Жүсіпұлының жақсылығын көргендер аз емес. «Елдің атын шығарған ер еді» деп естелік айтудан олар да аянбауда.

–Арқа сүйер ақылшымыз еді, – дейді Созақ ауданының Құрметті ардагері Сексенбай Тұрысбеков қария. – Елберген қария бір тоға, көнтерлі, сөзді ойланып, байыппен, мәнді де, сәнді етіп айтатын кісі еді. Көбіне қатарластарына, оның ішінде қызба, тез тұтанғыш көкелерімізге ақырын көз қиығымен қарап қойып аспай-аспай сабырға шақырып отырғанына талай куә болдым. Балалары Сәбит те, Ғабит та көкемізге тартқан жігіттер. Руға, ұлтқа, атаға бөлінбейтін барлығын бір қазақтың баласымыз деп ұғатын кемеңгер кісі ғой. «Атаға бөлінгенді бала-шаға ғана таниды, руға бөлінгенді тек ру ғана таниды, ал барша алашты бауырым десең барлығына жасың үлкен болса аға боласың, жасың кіші болса елдің ұлы боласың!» деп отыратын еді, жарықтық! Осы сөзі хаттап жазып, іліп қоятын-ақ сөз ғой. Қызмет еткен жылдары Елберген қария ағалық ақылын айтып, көпті көргендігін білдіріп, оң бағыт-бағдар беріп отыратын біз сиқты жастарға. Артық кеткен жерімізді түзетіп, кемшін жерлерімізді сынап, жөнге салып дегендей. Кейін үзеңгі қағыса қатарласа қызметтес болдық. Отбасын, бала-шағасын жақсы көрді. Балаларына дұрыс тәрбие беруге тырысты. Барлығын оқытты, жоғары білім ауларына жағдай жасады.

Ел ардақтысы Елберген ақсақал Бәтжан Махажанқызы екеуі 10 ұл-қыз өсіріп, бәрін де аяқтан тұрғызды.

–Отағасым атадан жалғыз ұл болды. Төлжан, Аманкүл, Есенкүл деген үш апасы және өзі ғана еді…
Екеуміз осы он ұл-қызды шамамыз келгенше өсіріп, жеке-жеке өз алдыларына үй еттік. Қозмолдақ ауылына Елекең қызмет бабымен парторг болып барғанда осы Эльмира деген қызым мен Әбдіразақ Сызғанда дүниеге келді. Жаппарбеков Батырхан деген кісі совхоз директоры, Берістемов Махмұт рабочком, Ахмет деген кісі мал дәрігері, Бейімбет Байғараев бас зоотехник болатын. Сызғанда сегіз жыл тұрдық. Кейін қызмет бабымен Шолаққорғанға көшкенде Сызғандағы ағайындармен туыс, сыйлас болып кеткеніміз сондай жылап қимай қоштасқанымыз есімде. Бір-бірінің руын сұрасу, атаға бөліну дегенді білмейтін едік. Бір үйдің баласындай ынтымақпен татулықта болғанбыз. Оның алдын Тасты совхозында парторг болып қызмет атқарғанымызда да сондай сыйластықта болдық. Елекең көпшіл, артық ауыз сөзі жоқ, үлкенге құрметін, кішіге ағалық ақылын айта білетін азамат болған соң барлығы сыйлайтын еді. Кейін осы Шолаққорған ауылына, осы үйге көшіп келгенімізде Сызған, Тастының адамдары автобус күтіп біздің үйге ағылып келетін. Біздің үйіміздің есігін әркезде де келген кісіге айқара ашық болды. Сексенбай Тұрысбеков, Балтабек Ботанов Елекеңнің шәкірттері, ізеті мол ізбасар інілері болатын. Тасты совхозында Анарбаев Қали директор болатын. Сызғанда отырғанымызда Қазақ ССР Жоғары кеңесіне депутаттыққа үміткер болып, Елібаев Әбдіразақ деген Қазақ ССР—нің байланыс министрі үйге келіп, қонақ болғаны бар. Сонда маған «Келін, ұл тусаңыз есімін Әбдіразақ қоярсыз» деген еді. Кенже балама сол азаматтың есімін қойдық. Он бала тәрбиелеп өсірдік. Кенбай 1950 жылы, Гаухар 1953 жылы, Көлбай 1955 жылы, Сәбит 1959 жылы, Ғайша 1961 жылы, Ғабит 1964 жылы, Айша 1967 жылы, Мұхит 1970 жылы, Эльмира 1973 жылы, Әбдіразақ 1975 жылы дүниеге келді. Алланың тілеуімен «Батыр ана» болдым. «Алтын алқа» иегерімін. Елекең екеуіміз тату-тәтті, жаманды-жақсылы 60 жылдан астам бірге ғұмыр кештік, – дейді бүгінде тоқсанның төрінде отырған, Алтын құрсақты ана Бәтжан Махажанқызы.

Бүгінде Елберген қариядан тараған он ұл-қыздан, қырықтан астам немере, жиырмаға жуық шөберенің ортасында Бәтжан әже бақытты, базарлы күй кешуде.

–Әкелеріміздің, ағаларымыздың көзін көрген жан ретінде ол кісіні зор ықыласпен құрметтейтін едім. Құдайдың құдіретімен Елберген ағамыз парторг болып қызмет еткен Сызған кеңшарында сол кісінің ісін жалғастырғаным бар. Сонда елдің ақсақалдары Елберген қария туралы көптеген жақсы пікірлер айтып еді. Бүгін міне, Бәтжан анамыз бас болып, ұл-қыздары, күйеу балалары мен келіндері, немерелері жақсы бастама көтеріп, ас беріп аталарын еске түсірмек ниетте, елдің есінде мәңгі қалдыру мақсатында естелік кітап та шығарыпты. Бұл бастаманы қуана құптаймын. Ұл-қыздары осыдан алдын Елберген қарияны еске алу мақсатында ауданда шахматтан, суға жүзуден  үлкен турнир өткізуімізге мұрындық болғаны бар. Елберген қария қызмет етіп, жалындап тұрған жылдары біз жаңадан оқу бітіріп келген жас жігіттер болатынбыз. Ол кісілердің көргендері, жүрген жолдары, айтқан сөздері бізге үлкен сабақ болды. Өмірінің соңғы күндеріне дейін сол жайдары, жарқын мінезінен айнымай, алдымен Отанына, отбасына, ағайын-туыстарына, халқына өзінің елдің шынайы перзенті екенін істерімен дәлелдеп кеткен кісі. Біздер Елекең қарияның өр рухы алдында шексіз басымызды иіп құрмет көрсетеміз, – дейді Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің және қоғамдық кеңестің төрағасы Қабылбек Еспенбетов.

–Әкеміз өте қарапайым, еңбегіне адал, балаларына аса қамқор, қызметінде, ел алдында түзу жүретін кісі еді. Дәметкен әжем көп бала туыпты. Әсіресе ұл балалары жасында шетінеп кете беріпті. Қазақы ырым-тиыммен Құдайберген, Тәңірберген тағы басқа есімді балалары болыпты. Олар да тұрмапты. Әжем 43 жасқа келгенде «Кереге жайған» деген жерде әкем Елбергенді туыпты. Ел болып қуанып атын Елберген қойыпты. Әкеміз өзі жайлы әңгіме айтқанда «Алла ел тілегін қабыл алғаны болар, «көп тілеуі көл» деген осыншама ғұмыр кештім, Аллаға ризамын»-деп шүкіршілік айтып отыратын. Жиындар мен түрлі қабылдауларда көбіне көп сөйлей бермейтін. Ол кісі тыңдауға бар еді. Өз кезегі келгенде нақты, қысқа, әрі тура сөйлейтін. Әкеміз пәни жалғанда дүние жинау дегенді арзан күлкімен теңестіретін. Дүние дегеннің орнына дос, ағайын, өзіне ізбасар шәкірттер жинады, кітап, шежірені серік етті, жақсы ұрпақ  тәрбиеледі. Әкеміздің бізге беріп кеткен тәлім тәрбиесі -ең қымбат қазынасы болып қала бермек, – дейді ұлы Созақ аудандық мәслихатының депутаты Ғабит Елбергенұлы.

Әкем мен анамыз елдің сыйлы, ардақтысы. Ол кісілер небір қиын-қыстау күндерді, азапты ашаршылық пен кешегі аласапыран заманды көргендіктен осы бейбіт күннің қадірін аса құрметтей білетін. Бізге әрбір түйір дәннің қадірін білуге, ағайын мен туыстың қадірін ұғынып, ара салмағын сезінуге тәрбиеледі. Әкем де, анамыз да қонақжай, кең пейілді жандар. Әкеміз өмірден кетсе де анамыз сол кісінің орнын жоқтатпай, төрімізде төбе бидей болып отыр. Әкемнен алған өнегені анамыз бізге бала кезімізден бойымызға сіңіртіп өсірді. Ол кісі талай жылдар басшылық қызметтерде істеген жылдары да үйімізден қонақ үзілмейтін. Бірін шығарып салса, екіншісі кіріп келіп жататын. «Әрбір келген қонақтың өз несібесі бар. Берекелі шаңырақ қонағымен берекелі» деп анамыз әлі күнге дейін айтып отырады. Мен әрқашан да әкем мен анамның есімін ардақтап өтемін. Өзімнен кейінгі ұрпаққа да әкеміздің қандай кісі болғанын мақтанышпен айтатын боламын. Құдайға шүкір ағаларым, әпкелерім, бауырларым, жезделерім мен жеңгелерім қасиетті қара шаңыраққа жиі келіп тұрады. Анамыз осы шаңырақтың киелі шамшырағы іспетті. Әке аманатына адал болып, анамыздың қабағына кірбің түсірмеу менің перзенттік борышым,- дейді ұлы Әбдіразақ Елбергенұлы.

Ел ардақтысы жайлы айтылар естеліктер өте көп. «Баталы ер – арымас» дегендей әке рухына арнап ас беріп, елдің батасын алған Елберген ақсақалдың артында қалған ұрпағының ізгілікті істері көп болғай. Алла абырой биігінен аласартпағай.

Жәмила ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ

Мақсат ҚАРҒАБАЙ

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған