Олар сайлауда қалай дауыс береді?
Қазақстанда тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде көңілге қонымды, халықтың қолдауына ие болған игі істердің бірі – қандастардың елге қайтуына жағдай жасайтын Заңның қабылданғаны болды. Осы құжат қабылданғаннан бергі 20 жылдан аса уақыт ішінде шетелде жүрген миллиондаған қазақ тарихи отанына оралды. Олар әрқилы тағдырды бастан өткеруде. Әркім өз арбасын әр түрлі сүйреп келеді. Бірі бағбан болды, бірі диханшылықпен айналысуда. Түрлі жауапты қызметтер атқарып, ел дамуына үлес қосып жүргендер де қаншама. Әйтеуір несібесіз емес. Алайда, қиын күндерді бастан өткізіп, тығырыққа тірелгендер де жоқ емес.
Бүгінде Түркістан облысы Келес ауданында тіршілік ететін Бекшеевтер осындай қиындыққа тап болған отбасылардың бірі. Туған елге оралғанына 19 жыл болған бұл отбасыда бүгінде 8 жан тұрады. Бірақ әлі күнге дейін сол 8 жанның біреуінде де жеке басты куәландыратын құжат жоқ. Сонда олар 19 жыл бойы елде қалай тұрып келеді, нендей шаруамен айналысып жүр, келешектегі тіршілігі қалай болмақ? Бізді осы сауалдар ойландырады. Жалпы, Бекшеевтер отбасы мемлекетке керек адамдар ма?
Өткен аптада осы хабарды естіген бойда Келес ауданының Ұшқын ауылына жол тарттық. Құжатсыз жүрген отбасы мүшелерін танымағандықтан үйін де таба алмай, ауылдағы мектепке соғып, жанымызға бір мұғалімді ертіп алдық. Отағасы Қуат Бекшеев Астанаға кеткен екен, онымен телефон арқылы тілдестік. Құжат әзірлеуге қажетті қаражатты табу үшін Елордаға кетуге мәжбүр болған Қ.Бекшеевтің сөзіне қарағанда Өзбекстанның Зарафшан қаласының атқамінерлері түрлі сылтау айтып, отбасы мүшелерін тіркеуден шығаруды 4-5 айға кешеуілдеткен. Соның салдарынан жұмыссыз жүріп, тұрмыстық жағдайлары төмендеп кеткен. Әрі қарай да күтіп жүруді қаламай, Қазақстанға жетіп алуды ойлап, кетіп қалыпты. Содан қайтып ол жаққа бармаған. Ал, әйелі Наталья Калмыкова жоғалтқан құжатын қалпына келтіру мақсатында қазір Өзбекстанда жүр екен. Қыздары Әлия мен Балжан, ұлы Елдар анасының тегіне өтіп, «Калмыков» болып кеткен. Бұл балалардың өз таңдаулары.
Әрине, қазіргідей қағаз сөйлейтін заманда құжатсыз жүру оңай емес. Бекшеевтер отбасындағы қиындық мұнымен шектелмейді. Өзбекстанда дүниеге келген Әлия мен Несібелі туу туралы куәлікпен жүрсе, Данада перзентхана берген анықтамадан басқа құжат атаулы жоқ. Қазақстанда жарық дүние есігін ашқан Балжан мен Элдардың да бар құжаты – туу туралы куәлік болса, 9 жастағы Тимур әліге дейін Жезқазған қаласындағы перзентхана берген анықтамамен жүр. Құжаттың дұрыс болмауы себебінен бұл отбасылардың балалары мектепке өз қатарларынан кеш барған.
Бекшеевтің отбасындағы балаларға не себепті құжат берілмей келеді? Оның басты себебі – отағасы мен отанасының ел азаматтығын ала алмауына байланысты болып тұр. Заң бойынша ата-анасы Қазақстан азаматы болмаса балаларына куәлік берілмейді. Бүгінде үш үлкен қыздары – Әлия, Несібелі мен Данада Қазақстандағы мектепті бітіргендігін айғақтайтын аттестат бар. Бірақ ешбірі құжаттың жоқтығынан орта және жоғары оқу орнына түсе алмаған. Биыл мектеп бітіретін, оқу үлгерімі жақсы Балжаны да әпкелерінің тағдырын қайталғалы отыр. Енді не істемек керек?
Осы сұрақты біз Келес ауданының әкімі Ахментай Есбаевқа, Ұшқын ауылдық округ әкімі Ғалымжан Бидосовқа және аудандағы көші-қон полициясының маманы Гүлжан Құралбековаға қойдық. Ең сорақысы, ауылдың учаскелік инспекторы Бекзат Қаныбаев өзіне бекітілген аймақта бүтіндей бір отбасы мүшелерінің құжатсыз жүргенінен мүлдем бейхабар екен. Ауыл әкімі Ғ.Бидосов бұл отбасының әлеуметтік ахуалы өте төмен екенін айтты. Мемлекеттен жәрдемақы ала алмағандықтан демеушілердің көмегіне мұқтаж. Аудан әкімі Ахментай Үсенұлы Бекшеевтердің үйіне өзінің барғанын, тиісті орындарға құжатын дайындауға нұсқау бергенін айтты. Ал көші-қон полициясының өкілі Г.Құралбекова тиісті құжаттар жинақталғанын, қажет болса тағы да көмектесетінін сөз етті. Алайда, мұның барлығы әзірге сөз жүзінде қалып отыр. Көшіп келгеніне 19 жыл болса да бір отбасы әліге дейін құжатсыз жүр.
Қ.Бекшеев Өзбекстан мемлекеті алдында ешқандай берешегі жоқ, заң алдында таза екенін айтады. Бұл туралы тиісті мекеме берген анықтама да болған. Бірақ әр жерге көшіп-қонып жүріп, қолындағы бар құжатын жоғалтып алыпты. Бүгінде Бекшеевтер пәтер жалдап тұрады. Үй иесі иманды жан екен, жағдайды көріп-біліп отырғандықтан, қыста пәтерақы алмайды. Ал Астанада жұмыс істеп жүрген Қуаттың өзі елшілік сұраған қаражатты жинаса қолында бар құжаттарды азаматтық алу үшін тапсырады. Ол үшін бірінші кезекте Өзбекстанда тіркеуде тұрмайтындығы жөнінде анықтама керек. Қуаттың әпкесі осы анықтаманы алу үшін Зарафшан қаласындағы паспорт стол қызметкерлеріне жүгінгенде Қуаттың тіркеуде жоқ екенін растағанымен, қажетті анықтаманы бере алмайтынын айтыпты.
«Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар» дегендей, көрші екі мемлекеттің билік өкілдері мен орган қызметкерлері бір-біріне сілтеу салдарынан 19 жылдан бері құжатсыз жүрген отбасының жағдайын енді кім ойлайды? Бұл жерде жергілікті атқарушы органның араласуымен жоғарыдан көмек сұралып, екі елдің елшілігінің көмегіне жүгіну қажет деп ойлаймыз. Қажет болса құзырлы органдар да араласу керек. Бәлкім бұл мәселеде бірнеше жыл Өзбекстанда елші қызметін атқарып келген бүгінгі Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мырзаның көмегі тиіп қалар деген үміттеміз. Сабыр Адай айтпақшы, билік өкілдері де «Әр қазақ менің жалғызым» деп қарамайынша мұндай мәселелерді шешу мүмкін емес. Қалай болғанда да Бекшеевтер отбасының түгелдей құжатсыз жүргені ауыл мен ауданға ғана емес, облыстағы тиісті орындардың да атына сын екені анық.
Ұлықбек ҮМБЕТ.