«Тәңірім, мына пендеңе, Күнәсі аздау күн кештір!»

Жүрегім менің тым нәзік,

Мінезім де жоқ ұр да жық.

Әркімге сеніп, алданып,

Көңілім содан жүр қажып.

Емеспін тіпті, тым кекшіл,

(Болмыспен, бәлкім үндес бұл)

Тәңірім, мына пендеңе,

Күнәсі аздау күн кештір!

Осы бір өлең жолдарының авторы Гүлсара Расулқызымен әлеуметтік желі арқылы таныстым. Өзгелердің де таныс болғанын қаладым. Оның себебі бар…

Гүлсара – Сайрам ауданының орталығы Ақсукентте тұрады. 1-топ мүгедегі. Үш жылдан бері денсаулығына байланысты қол арбаға танылған келіншек тағдырына нала айтып түңілген емес. Керісінше, қарап отырмай балаларға арналған ұлттық киімдер тігіп, тапсырыс қабылдауда.

Негізі Гүлсара Расулқызы Өзбекстанда туып өскен. Ташкент облысы, Жаңажол ауданында ауыл-аймаққа сыйлы Расул мен Гүлжаһанның бес бала шағасы бар. Гүлсара соның екіншісі. Әкесі Расул Өндірістік және технологиялық жабдықтар бөлімінде (УПТК) инженер, анасы Гүлжаһан дәрігер. Гүлсараның өзі арман қуып  Низами атындағы Ташкент педагогикалық Университетінде оқыды.

–Біздер өзбек тілінде білім алдық, бірақ әкем қазақ екенімізді, ұлттық салт- дәстүрімізді ұмытпауымызды аманататап отыратын. Үйде қазақша сөйлеп, қазақ әдебиетінің классиктерінің шығармасын оқуды талап ететін. Үйдегі үлкен кітап сөресінде өзбек тіліндегі әдеби кітаптарымен бірге қазақша әдеби кітаптар көп болды. Батырлар жырынан бастап Ж. Нәжімеденов, Сәбит Мұқанов, Мұқағалы Мақатаев, тағы басқа ақын-жазушылардың шығармаларын әкем арнайы сатып әкеліп қоятын. Бізді оқысын дегені ғой, – дейді Гүлсара.

Университетті бітірген соң Гүлсара 16 жылдай мектепте мұғалім болды. Соңғы уақытта сыр бере бастаған денсаулығына бастапқыда анау айтты мән бермеген. Алайда төтеннен келген дерт жас мұғалиманың мектептен кетуіне себеп болды. Бел омыртқасындағы ауырсыну жанға батқан шақ. Гүлсара небары 37 жастан енді асқан кезі. Дәрігерлер «Прогрессивті бұлшықет ауруы, омыртқа отрофиясы»  (Прогрессируюший мышечный болезни, спинальная отрофия, миопатия) диогнозын қойды. Қарапайым тілмен айтқанда «жұлынның қурауы». Бұл 2015 жыл болатын.

Болашаққа жасаған жоспары жарқын, өмірге деген құштарлығы үлкен Гүлсара дауасыз дерттің құрсауында қалғысы келмейді. Түрлі сынамалар, операция,  жанды ауыртатын ауыр күндер, үміт үздірмеген білікті дәрігерлер мен емші-балгерлерге жүгіну, талай түннің көз ілмей атыру жастық жігерін құм етуге себепші-ақ нәрсе.

–Бұл дерт туралы әбден ізденіп, білген кезімде шынымды айтсам өмір сүргім келмеді. Келешегімді ойласам қорқыныш пайда бола бастады. Талай профессор, дәрігер, емші жағалап бармаған жерім, баспаған тауым қалмады.

Осы дертпен ауырғандар әдетте 38-40 жас аралығында өліп кетеді екен. Өйткені, бұлшық еттер жаймен жұмысын тоқтата бастайды, ең соңында жүрек те бұлшық ет қой, ол да өз жұмысын тоқтататын көрінеді…

Осылай деген Гүлсараның сол бір күндері күйзеліске түскені айтпаса да түсінікті.

Ол жан дауасын енді ақ қағазға түскен тамшыдай өлең шумақтарынан іздей бастады. Күндіз жақындарының көңіліне қаяу түсіріп аламын ба деп барынша сыр бермегенімен, түнде өлең жазатын. Тәнімен қоса жаны да ауыратын қыздың қиын тағдыры мұңын өлеңмен баяндауға жетеледі. Фейсбуг әлемінде мұңлы өлеңдері жарық көре бастады. Біртіндеп жанашыр дос, сырлас құрбы табылды. Әлеуметтік желіде болса да Гүлсараға үлкен мотивация беріп, жігерлендіретін жандар аз емес екен. Біртіндеп мұңнан арылып келеді.

«Өмірді сүйеді екем, болмыспен өле-өлгенше,

Жарлығын орындайын Тәңірдің кемеңгерші…» дейді Гүлсара бір өлеңінде.

Өзін өзі қайрап, өзін өзі жігерлендіре білген қыздың бүгінгі жетістігі де аз емес. Гүлсара кез-келген қиындықты қасқая қарсы ала алатын жандардың қатарынан. Қазақстанға көшіп келгендеріне он жылдан асты. «Ата жұртқа қоныс аудару арманымыз еді, арманымыз орындалды, шүкір!» дейді өзі ол туралы.  Былтыр, белгілі журналист-ақын Фатима Жүнісова мен ” Үш қиян” баспасының көмектесуімен “Айға сыр” атты алғашқы жыр жинағы жарық көрді.

Он алтыдан асқан ұлына қарап көңілі марқаяды. Үнемі қасынан табылып, демеу болып жүрген жарына риза болып, бар қиындықты жеңуге тырысады. Тырысқаны сол болар, әлеуметтік желі арқылы тапсырыстар қабылдап, күні-түні тігіс тігеді.

– Өздігімнен жүріп тұра алмайтын болғасын жолдасым маған қараймын деп жумыстан шығып кетті. Көмекші жалдайық десем, жолдасым көнбеді ” өзім қараймын” деп. Осы жылдың ақпан айында ауырлау отаға түскенімде де үш күн жан сақтау бөлімінде жатқан кезімде де қасымнан бір елі жылжымапты.Осындай өмірлік жолдасым барына Аллаға мың да бір разымын! Өздеріңізге мәлім, қазір қымбатшылық жағадан алып жатыр, жолдасым екі-үш сағат таксилік етіп отбасымызды асырап отыр. Ұлымыз ақылы бөлімде білім алады.

Осы ауыртпалықтың бәрін жолдасыма артып қойғаныма өзімді жегідей жеймін. Баяғыда анамыз көрпеше тіксе көмектесіп жүріп тігудің қыр-сырын аздап білгесін, оның үстіне отбасылық бюджетке аз да болса көмек болсын деген мақсатпен тігіншілікпен айналыса бастадым. Нымша, камзол, кішкентай қыздарға көйлек, сәнге айналған шапандар тігемін.

Гүлсараның бүгінгі арманы осы кәсібін кеңейтіп, қасына көмекшілер алып отбасылық кәсіп ашу. Әзірге, өзі қоларбада отыратындықтан үлкен өлшемдегі киімдерді тігу оған қиындық тудыруда. Көмекшілері өлшемін алып, қиып беруге көмектессе ересектерге де тапсырыспен  ұлттық киім тігуге мүмкіндігі     бар.
–Өмірге,  жалпы тағдырыма өкпем жоқ. Маңдайға жазылғанын көріп келе жатырмын. Өмір өзі қызық, ақ пен қара жолағы қатар жүреді.

Сынағын берді, есеңгіретті, сонымен қатар бірнеше жасқа есейтіп те тастады.

Ес жия алмай отырған сәтте жоқ жерден қуаныш сыйлап басымды көкке жеткізетін достарым да бар. Осыған да тәубә! Мені жақсы көретін ата-анам, бауырларым, енем, жолдасым, ұлым және де басқа жақындарым бар. Олай болса мен әлі де өмір сүруге тиістімі. Ал ол өмірді мәнді өткізуім керек. «Жүгір, жүгіре алмасаң жүр, жүре алмасаң еңбекте әйтеуір еш тоқтама» деп өзімді қамшылап келемін.

Қайсар келіншек осылай дейді.

Бұл күндері ол тіккен балалар киіміне тапсырыс берушілер қатары көбейген. Бұл ақын жанды Гүлсараға шабыт береді. Алғы күнге ынталандырып, жігерлендіреді.

–Менің таң қалатыным мен бір қадам алға жылжысам, алдымнан үнемі жақсы адам кезігеді. Айналам толы жақсы адамдар!, – дейді ол.

Лайым солай болсын! Гүлсарадай қайсар қызға қол ұшын созып, кәсіп бастауына септігі тиетін жақсы адамдар көп болсыншы!

Жәмила Жайлаубекқызы

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған