Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Мақта малға жем болуда – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Мақта малға жем болуда

Күздің соңғы айы да сырғып өтіп жатыр. Алда қылышын сүйреткен қыс. Ал мақта егумен айналысқан шаруаларды уайымға салған түйінді түйткілдің тарқар түрі жоқ. Осы кезге дейін ақ алтын бағасының төмендігіне ренжулі шаруа енді қолда бар мақтасын қайда сатуды білмей әлекке түсуі әбден мүмкін. Себебі мақта қабылдау орындарының есебі түгелденді. Дәлірек айтқанда, жоспар орындалған немесе орындалуға жақын. Сондықтан да олар әр сылтауды бір айтып, бағаны онан сайын жерге ұрады.

«Күлтөбенің басында күнде жиын» демекші, әкімдіктегілер мақта мәселесін талқылаған жиынды жиі өткізгенімен, нақты нәтиже, көзге көрінер көмек байқалмайды. Миллиондаған қаржы жұмсап, мақта еккен дихан енді не істемек керек? Бұл сұрақ бірнеше қайтара қойылғанымен, оған нақты жауап берер пенде жоқ.

Күздің соңғы айы оңтүстікте жаңбырлы болып, терілмеген мақта су астында қалды. Сапасы түсті. Онсыз да құны құлдырап тұрған мақта бұдан кейін кімге керек болады? Сорлайтын сол баяғы дихан. Олар көктемде банктен несие алды, жерін кепілдікке қойып, мақта зауыттарынан қарыз алды. Сол берешегінен құтыла алмаса жерінен айырылмағанда не болады?

Биыл көпшілік терілген мақтаның жоғары бағада өтпегенін жыр етіп жырлап жүр. Ал егіс алқабында терілмей қалған мақтаның жағдайына, оның иесі батқан шығынға уайым жейтін жанды табу қиын. Өткен аптада Мақтаарал мен Жетісай аудандарына арнайы барып қайттық. Сонда байқағанымыз әлі екінші, үшінші терімге түспегендер бар екен. Оны айтасыз, Шардара ауданында мақта алқабына әлі комбайн ізі түспеген шаруалар бар. Осы мәселе жөнінде шардаралық шаруа Қанатәлі Бегалыұлы былай дейді: «Өткен жылы мақта бағасы жоғары болғандықтан, екі ұлым биыл жалға жер алып, мақта екті. Бір ұлым 2 гектарға еккен мақтадан бірінші терімді теріп үлгерді, ал екіншісі 4 гектардағы ақ алтынын әлі бір рет те тере алмай отыр. Ауа райы күнде жаңбырлы. Ауылда комбайн жетіспейді. Зауыттарда комбайн бар, бірақ олар өткен жылы өздері қарыз берген шаруалардың мақтасын тереді. Өзгелері жекенің меншігіндегі бір-екі комбайнның кезегін күтіп жүреді. Мынадай жауын-шашынды күндері батпаққа батып қалатындықтан, комбайн да шықпайды. Зауыт қолмен тергенді қабылдамайды. Осылай жүргенде күздің де соңғы айы келіп, жаңбыр басталды. Мұның соңы қарға ұласса диханның еңбегі зая кетіп, шығынға шаш етектен батты деген сөз.

Ақ алтынмен айналысу арзан кәсіп емес. Мәселен, 1 гектар жерге мақта егу үшін 300-350 мың теңге шығын жұмсалады. Егер егін егу кезінде жаңбыр жауып, жер қатып қалса қайта егу қажет болады. Ондайда шығын көлемі 500 мың теңгеге дейін өседі. Мақта егілгеннен кейін де жүйекті қопсыту, арам шөптен тазарту секілді жұмыстар да арзан бағаланбайды. Бірақ мұны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Осыншалықты шығынмен, еңбекпен өсірген мақта терілмей қалса обал емес пе?

Бүгінде егіс алқаптарындағы күзгі көкөністер теріліп алынды. Сондықтан қой-сиыр мен жылқылар байлаудан босап, қорадан ұзап, мақта алқаптарына түсіп жатыр. Оны алқап иесі бір қуады, екі қуады, бірақ күні-түні күзету мүмкін емес қой. Дәніккен мал мақтаның майлы шиті бар жерге қайта-қайта кеп қала береді. Осылайша мақтаның малға жем болып жатқан жайы бар».

Осындай қиын жағдайды бастан өткеріп отырған шаруаның тағы бірі – Шардара ауданы Қызылқұм ауылының тұрғыны Кәдірбек Ахметов 12 гектар мақталық жердің 2-ақ гектарын тергенін айтады. Басқасы жаңбырдың астында қалыпты. «Тек біз емес, көрші Ақалтын ауылында да терілмеген мақта көп екен. Ол жердің бәрінде мал жайылып жүр. Бізді толғандырып отырған басты мәселе – жыл басында жерімізді кепілге қойып, қытайлық компаниядан қарызға ақша алғанбыз. Енді қарызды қайтара алмасақ не болады? Жерімізден біржолата айырылып қаламыз ба деген үреймен күн кешіп отырмыз. Еңбек етпей қол қусырып отырсақ жағдай басқа, ал мақта егіп, оны ала жаздай қарап, теруге келгенде қол қысқалық етіп, мемлекеттен жәрдем болмағанына қынжыламыз. Зарымызды енді кімге жеткіземіз?», – деп жыларман күй кешкен К.Ахметов мақта мәселесіне Үкімет мықтап араласпаса, талай шаруаның жерінен айырылып қалу қаупі барын айтады.

Бір кездері алтынға теңелген мақтаны бүгінде шаруалар неге теңерін білмейді. Себебі сұраныс жоқ. Жоғарыдағы жағдай Шардарада ғана тән емес екен. «Қазір мақтаның келісін 250 теңгеден қабылдап жатыр. Ал күтемін дейтіндерге аванс беріледі. Жалпы, 1 гектардың түсімділігі 26,2 центерден келуде. Аудан бойынша 40421 гектар жерге мақта егілген болса, соның 1200 гектары әлі терілмей тұр. Ауа райы қолайлы болса алдағы бірнеше күнде қалған мақтаны да теріп аламыз деген сенім бар. Әрине, ылғалдығына байланысты мақтаның бағасы төмендейтіні рас», – дейді Мақтаарал ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұлов.

Жыл санап мақтаға деген сұраныс төмендеп, салдарынан онымен айналысуға деген қызығушылық азайып барады. Ал облысымыздағы мақталы өңір тұрғындарының негізгі бөлігі мақта шаруашылығына дағдыланған. Техникасы да мақта терімге лайықталған. Сонда бірнеше аудан шаруалары не істеу керек? Кәсіп түрін бірден өзгерте салу да оңай шаруа емес. Ал, мақта еккен шаруа жыл сайын қиыншылықтардан көз ашпайды. Пайда табу былай тұрсын, шығын үстіне шығынға батуда.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

 

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған