Осылай деген Таскешу ауылының тұрғындары Президенттен көмек сұрауға мәжбүр
Түркістан облысы Сайрам ауданы Қайнарбұлақ ауылдық округінде Таскешу деп аталатын елді мекен бар. Бұл ауыл Шымкент қаласының іргесінде орналасқанымен, аудан орталығы Ақсукенттен алыста. Бүгінде осы таскешуліктер өздерін өркениеттен кейін қалған деп есептейді. Оның себебін жарықтың нашарлығы, газдың жоқтығы, бес көшенің үшеуі тас, біреуінің топырағы шығып жатқандығы, аяқ жолдың мүлдем жоқтығы, қоғамдық көліктің қатынамайтындығы, егіске су жетіспейтіндігімен түсіндіреді.
Үш жүздей отбасы тұратын ауылда мәдениет ошағы да жоқ екен. Ауыл тұрғыны Жомарт Әбдіхан мырза аға буын өкілдері белсенділік танытпағандықтан жастар білек сыбанып, ауыл шетіндегі жерді сатқызбай, стадионға алып қалғанын айтады. Сол жерге стадион салынғанымен, ол жарыстар өткізуге жарамсыз. Қаржы тапшылығы себепті сапасыз салынған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олардың көпшілігі ауылдық округ пен аудан әкімін жақсы тани бермейді екен. Бұл халық пен биліктің арасындағы байланыстың нашарлығынан болса керек. Ал Мемлекет басшысы түрлі деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу керектігін айтып келе жатқанына аз уақыт болған жоқ.
14 қараша күні тұрғындардың шақыруымен аталмыш ауылға бардық. «Мен әкімдік бекіткен көше төрағасымын, – дейді өзін Асылхан Серікбаев деп таныстырған азамат. – Шешімін күткен күрделі мәселе көп, соның бірі – сапасыз жарық. Осыдан 1-2 жыл бұрын электр бағандары жаңартылып, трансформатор қойылған. Оның біреуі жанып кетті, екіншісі бос тұр. Жарықтың нашарлығынан барлық үйдің тоңазытқыштары мен басқа да электр құрылғылары істен шығуда. Соған халық ашулы. Өткен жылы тартылған газ да әлі қосылған жоқ. Жол да ескірген. Ауыл жастары жолды асарлату жолымен жамағанымен, онысы ұзаққа бармайды. Аяқ жолдың болмауы себепті жаңбырлы күндері үлкеніміз де, кішіміз де батпаққа батып, лай кешіп жүреміз. Ауылға жақын жердегі Шымкент қаласымен байланыстыратын қоғамдық көлік ұйымдастырылмаған. Осының барлығын ойлана отырып, біз өзімізді ұмыт қалған ауыл тұрғынындай сезінеміз. Аудан әкімінің ауылымызға келіп, есеп бергенін көрмеппін».
Бізді ауылға шақырған күні аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев бастаған біршама бөлім басшылары да Таскешуге табан тіреген екен. Олар ертеңнен бастап кемшілікті жөндеуге кірісетініне сөз берді. Бірақ тұрғындар бұл сөзге онша сеніңкіремеді. Өйткені, билік уәжін қаншама жылдан бері айтылып келе жатқан жаттанды сөз, жалған уәде деп қабылдайды.
Өздерін ешкім елемейтін елді мекен санатына қосқан Таскешу тұрғыны Құндызай Қалауова елдің бүгінгі күйін, тыныс-тіршілігін, әлеуметтік-экономикалық мәселелерін қағазға тізіп, Президент Қ.Тоқаевтың атына 2 беттік арыз жолдапты. Сол арыздың қысқаша мазмұны төмендегідей: «Білемін, елдің қамымен жүрген Сіздің мың-сан шаруаңыз бар. Бірақ ауылдағы шешімін таппайтын мәселелерге байланысты барлық инстанциялар бойынша өтініш жасаған ауыл тұрғындарының мұң-зарына құлақ асатын жергілікті билік өкілдері жоқ. Сіздің қарапайым халық үшін жасап жатқан орасан зор еңбегіңізден бүкіл ел хабардар. Бірақ қараша халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде қаншама шешімдер мен қаулылар шығарып жатқаныңызбен, атқарушы билік өкілдері былқ етер емес.
Шымкент қаласы мен біздің ауыл арасында шекара жоқ, бірақ қалаға тиіп тұрған Таскешуге газдың келуі мұң болды. Ауылдағы 1968 жылдары тартылған электр бағандарының бірталайы құлауға жақын. Оларды ауыстыру туралы жыл сайын әкімдердің есеп беру жиналысында айтылғанымен, қаржы қарастырылмайды. Тұрғындарды жарықпен қамтамасыз ететін екі трансформатордың күші аз. Кеш кірсе үйіміздің жарығы сығырайып, жарық жиі өшеді. Соның салдарынан қаншама үйдің тоңазытқышы күйіп, теледидарлары істен шықты. Трансформаторлардың айналасы қоршалмаған, қауіпсіздік ережелеріне сай емес. Тіпті бір трансформатор ауыл тұрғынының бақшасында орнатылған күйі тұр. Еліміз Тәуелсіздік алған 32 жылда Ә.Молдағұлова көшесі ғана жөндеу көрді.
Ауылға бұрын Шымкент қаласынан күніне 5 мезгіл қатынайтын автобус қазір тоқтаған. Осы мәселелерді жергілікті билік өкілдеріне айта-айта құлақтарын жауыр қылдық. Өтініш-тілегімізді жеткізгенімізбен, Түркістан облысының экс әкімі Ө.Шөкеев тым құрыса өзінен төменгі билік өкілдері жеткізген ақпараттың рас, өтірігіне көз жеткізбестен, маған жалған жауап берген.
Мектептен тыс уақытта балалар қалаға түрлі секцияларға, студенттер оқу орнына, жұмысшылар мекемелеріне қарай ағылады. Ауылдан Шымкентке қатынайтын көлік жоқ. Қалаға қатынау үшін ауыл тұрғындары көрші Қайнарбұлақ ауылына жаяу барып, сол жерден автобусқа отырады. Ауылымыз қалаға таяу, халық жаяу. Біздің ауыл азаматтарына шеруге шығудан өзге амал қалмады», – дей келе атап-атап сегіз мәселені арызға арқау еткен.
Арызда көрсетілген мәселелер бойынша сейсенбі күні Қайнарбұлақ ауылдық округінің әкімі Есбол Дүйсебаев редакцияға келді. Әкім болып сайланғанына енді ғана бір ай уақыт болыпты. Сөйтсе де тұрғындардың талаптарына құлақ түріп, қолдан келер жұмыстарды атқарып жатыр екен. Мәселен, кейбір көшелерде жарық жаңа орнатылған бағаналар арқылы беріле бастапты. Қоғамдық көлік мәселесі де таяуда шешілетінін сөз етті. Аудан әкімі Ұ.Сәдібековтың 2020 жылы тұрғындар алдында берген уәдесі орындалып, көшелерге тас, асфальт төселгенін, жаңа трансформатор орнатылғанын, бірақ мердігерлердің жауапсыздығынан кеткен кемшіліктердің тез арада жөнделіп жатқанын жеткізді.
Жалпы алғанда тұрғындардың талабы орынды, әрі орындауға болатын, тіпті халық шағымданбай-ақ орындалуы міндетті шаруалар. Өкініштісі, қанша айтылса да орындалуы сағызша созылған мәселелер халықтың наразылығына себеп болып, Президенттен көмек сұрауға мәжбүр болған екен. Ал мердігерлердің жауапсыздығынан кеткен кемшілік деп, бар кінәні соларға артып қойып, сүттен ақ, судан таза қол қусырып отыруға болмайды. Жұмысты мердігер атқарғанымен, қадағалау атқарушы билік өкілдерінің құзырындағы дүние емес пе? Ендеше, халықтың талап-тілегінен туған мәселелерде кемшілікке жол беру – жергілікті билік жұмысының сапасыздығын көрсетсе керек.
Ұлықбек ҮМБЕТ.