Ең қымбат көмір Шардарада екен

Онда тоннасы 30 мың теңге

Соңғы жылдары еліміздің оңтүстік аймағында айтарлықтай қыс болмайтынын көз көріп жүр. Бірақ, қыстың аты – қыс. Қанша жерден күн жылы болғанымен, қамсыз отыруға болмайды. Әп-сәтте долы мінез танытып, мың құбылады. Жаймашуақ күндері де дала жылы болғанымен, үйдің іші азынап кетеді.

Кейде табиғаттың тосын мінезі барлығымызды да таңқалдырып жататыны бар. Алдыңғы жылы тосыннан соққан суық жел Бәйдібек, Ордабасы, Отырар аудандарында электр бағандарын құлатып, тұрғындарды бірнеше апта бойы әбіржіткені есімізде. Сол кезде «қыс қамын жаз ойлауда» жайбарақаттық танытып, көмір түсіруге асықпаған тұрғындар өңменнен өтер суыққа шыдамай, туған-туыстың үйін паналап, тамыр-танысты жағалап кеткен еді. Кенеттен келген суықтың көмірге деген сұранысты арттырып, табан асты қымбаттатып жіберетіні бар. Осындай жағдай биыл да қайталана қалса, тұрғындар «кәрі құданы» қарсы алуға қаншалықты дайын екенін білгіміз келген-ді.

Дүйсенбі күні Шымкенттегі «Мұнайлы» деп аталатын ең ірі көмір қоймасына барып, қатты отынның бағасын сұрастырып көрдік. Алғаш тілдескен Кәдіржан есімді көлік жүргізушінің айтуынша, көмір сатып алушылар болмағандықтан бірнеше күн бойы жұмыссыз бос отырыпты. «Бүгін де, міне, кім келеді деп бос отырмыз, – дейді ол. – Күніне бір-екі адам ғана қара көрсетеді. Қыс қарсыз, жылы болады деп болжайды ма, әйтеуір адамдар жылыту маусымына бұрынғыдай дайындық жасамайтын болған секілді. Күн әбден суытқанда ғана қимылдайды ма, білмейміз. Мәселен, өткен аптада ауа райы құбылып, біраз күн суытып еді, мына жер адамға толып кетті. Күн сайын әр көлік бес-алты тұтынушының үйіне көмір жеткізіп бердік. Қазір қарбалас қайта тоқтады. Қыс енді ғана басталып жатыр, күн суытқанда таласып-тармаспай, қазіргідей жаймашуақ кезде көмірін қамдап алуға әрекеттенсе болады ғой. Шыны керек, қазір келген адамға арзандау етіп апарып береміз. Жұмыссыз, бос отырғаннан осы жақсы. Ал, сұраныс артқан кезде біздің қызметіміздің де бағасы өседі».

Иә, Кәдіржанның уәжінің жаны бар. Қыс жылы болғанның өзінде бәрібір үйді жылыту керек. Сол себепті көмір алушылардың қарасы аз кезін тиімді пайдаланып қалған жөн. Аталған көмір қоймасының басшысы Сәкен Төлендиевтың де бұл мәселеге қатысты айтары бар екен. «Жасыратыны жоқ, көмірге бұрынғыдай сұраныс көп емес, – деді ол кісі. – Қазір қаланың 90 пайыз тұрғыны көгілдір отын пайдаланатындықтан оларға көмірдің қажеті жоқ. Ал газ жетпеген үйлер күннің суытқанын күтіп жатады. Бәлкім бұл қаржылық жағдайларына да байланысты шығар. Әйтпесе кім арзан кезде алғысы келмейді дейсіз.

Жалпы, өткен жылға қарағанда көмір бағасы мың теңгеге көтерілгенімен, қоймада көмір жеткілікті. Бағасы 17500 теңге. Көпшілік үйренген «Шұбаркөл» көмірі қазір жоқ. Оны түскен бойда талап алып кетеді. Қазір қоймада тоннасы 11 мың теңгеден «Богатырь», 16 500 теңгеден «Майкөбе» көмірі ғана бар. «Богатырды» негізінен зауыттар мен бюджеттік мекемелер алады. Бұл қоймадан босатылатын баға, ал тасымал бағасы ұзақтығына қарай көлік иелерімен келісулеріне байланысты шығады. Біз оған бақылау жасай алмаймыз».

Бұл мегаполис – Шымкенттегі жағдай, ал аудан, ауылдардағы ахуал нешік? «Ауданымызға темір жол тартылмағандықтан көмірді Сарыағаштан тасимыз, – дейді Келес ауданы, С.Саттаров ауылының тұрғыны Саттархан Жақыпов. – Мен күн жылыда тоннасын 16500 теңгеден түсіріп алдым. Одан кейін 17 мың, қазір 17600 теңгеге көтерілді деп естідім. Мұны тым қымбат деп айта алмаймын, бірақ, таразыға бізді жолатпайтындықтан көлікке қанша көмір артқанын біле алмайсың. 5 тонна деп алғаның 4 тонна шығуы да мүмкін».

Келесі кезекте телефон шалған Отырар ауданы, Шәуілдір ауылының тұрғыны Хасен Тұрлыбеков күн суымай тұрғанда көмірдің тоннасын 18 мың теңгеден түсіріп алғанын айтты. Қазір 17800 теңгеге төмендепті. Тасымал бағасы Темір мен Шәуілдір арасындағы 5 шақырымға – 5 мың теңге. Ал Созақ ауданы, Аққолтық ауылының тұрғыны Ізжан Өміров бір ай бұрын тоннасын 25 мың теңгеден түсіріпті. Қазір де сол баға сақталып тұрғанға ұқсайды. Тасымал шығыны – 10 мың теңге. «Мен бұл баға қымбат деп есептеймін. Теріскейдің қысы қаһарлы және ерте түсіп, көктем кеш шығатынын ескерсек, басқа аудандарға қарағанда біз көмірді көп тұтынамыз. Ал оған бәрінің бірдей мүмкіндігі бола бермейді», – дейді ол кісі. Иә, сұраныс көп жерде бағаның да жоғары болатыны нарық заңдылығы. Алайда, оны бақылайтын біреу болмаса, қара халықты қанауға жол беріп алатынымыз анық.

Облыс орталығы мен Шымкент қаласынан ең шалғайда жатқан ауданның бірі – Шардара. Шағалалы өңірге темір жол тартылмағандықтан, көмір бағасын тасымал қызметі көтеріп жіберетіні айтпаса да түсінікті. Жан-жақты сұрастыру барысында белгілі болғаны – Түркістан облысындағы ең қымбат көмір Шардарада екен. «Тонналап көмір түсіріп алатын мүмкіндігім жоқ, – дейді Шардара ауданы Тұрысбеков ауылының тұрғыны Мейрамкүл Шонаева. – Өзім де, күйеуім де жұмыссызбыз, бес перзентіміз бар. Өткендегі күн суықта бір тонна көмірді 30 мың теңгеге түсірдік. Соны үнемдеп жағып отырмыз. Таусылса тағы бір амалы табылар.

Негізі көмірдің бұлай қатты қымбаттауы тасымал құнына байланысты. Әйтпесе мына тұрған Сарыағашта көмір бағасы 18 мың теңге деп естідік. Ауылда қалталы азаматтар аз емес. Әкімдік соларды ұйымдастырып, үлкен жүк көлігімен көмір жеткізіп берсе, көп адамның сауабын алар еді. Әрине, кәсіпкер оны жеке қаражатына жеткізіп бермейді, тасымал шығынын өтер едік. Есесіне көмір бағасы мұншалықты қымбат болмас еді. 30 мың теңгеге 1 тоннаның орнына 1,5 тонна көмір алар ма едік».

Қымбатшылық қос өкпеден қысып тұрғанда үйді жылыту да оңай шаруа емес. Әсіресе, әлеуметтік ахуалы төмен отбасылар үшін. Көмір бағасын реттеу жергілікті атқарушы биліктің құзырына кірмейді, қолынан келмейді. Сол себепті бұл мәселеге Үкіметтік деңгейде назар аударылып, қара халықтың қыстан қысылмай шығуына қол ұшын бермесе, суық күнде дірдек қағып, дімкәс күйге түскен ұрпақтан қандай жарқын болашақ күтуге болады? Үкіметтің ең басты міндеті – халықтың хал-ахуалын жақсарту амалы күн тәртібінен мықтап орын алмайынша елдің даму даңғылына түспесі айдан анық. Кешегі жексенбіде бұрынғы һәм жаңа Президентті көпшілік басым дауыспен сайлап алдық. Енді «Әділетті қоғам, Жаңа Қазақстанды» құруда биліктің етегіне жармасатын ешкім жоқ. Жаңа Президент тізгінін ұстаған билік өкілдері халықтың шынайы қызметшісі болуы тиіс. Қанша дегенмен, «халық қаласа, хан түйесін сояды» емес пе?

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған