Отырарда түйеқұс өсірілуде

    Отырар ауданы, Шәуілдір ауылындағы «Жанұзақ» қожалығы түйеқұс өсіруде. Отбасылық бизнес ретінде ашып отырған қожалық иесі Әлзақ Ерімбетов «Жылқы баққаннан түйеқұс өсірген оңай екен» дейді. 2016 жылдан бері құс өсіру ісіне ден қойған отбасының ауласын құдды бір хайуанаттар бағы дерсің. Қорада 8 түйеқұс шауып жүр. Оның төртеуі африкалық ірі денелі, төртеуі австралиялық шағын денелі түйеқұс. Сегізінің кәдімгі ауылдық қорада бағылып жатқанына 2 жыл болыпты.

Шаруашылық иесі түйеқұстың әрқайсысын балапан кезінде 120 мың теңгеден сатып алғанын айтады. Бағымы да күрделі емес дейді шаруа. Кәдімгі жоңашқа жеп, кебекпен араласқан ұнды талғажау етеді екен. Отырардың аптап шілдесі де бұларға майдай жағатын көрінеді. Африкалық төрт түйеқұстың үшеуі аналық, біреуі аталық. Австралиялық құстардың да жұптасуы осындай.

– Балапан кезінде африкалық құстарды Сарыағаш қаласындағы арнайы фирмаға тапсырыс беріп, сатып әкелгенмін. Келгенде салмағы небәрі 5 келі болатын, қазір 70-80 келіден асты. Үлкен болғанда 100 келіге дейін барады. Жем-шөбін майдалап береміз. Күніге бір қап саламыз. Суын дәу бөшкеге құйып қоямыз. Мезгіл-мезгіл, қолым босағанда қарап тұрамын. Бұл құстар 3 жылдан соң ғана жұмыртқа бере бастайды. Біреуі шамамен жылына 140-150 дана тууға қауқарлы. Жұмыртқа салмағы 3,5 -4,5 келі төңірегінде болады екен. Бір дана жұмыртқаны 5 мың теңгеден, ал балапан аштырып, өсіріп, шөжектерін 100 мың теңгеден саудалауға болады, – дейді «Жанұзақ» шаруа қожалығының төрағасы Ә.Ерімбетов.

Қазірдің өзінде шаруаға хабарласып, балапанын сұрап жатқандар көп екен. Тапсырыс бергендерге балапан шығарып сатады. «Түйеқұстың екі жұмыртқасы кешкі асқа 8 адамға жетеді» дейді ол. Бұған дейін қырғауыл, бөдене өсірген шаруа қырғауылдың 9 түрін өсіріп, сатып, бизнес жасаған. Жиналған ақшаға түйеқұс сатып алыпты. Енді түйеқұстың санын 20-ға жеткізсем дейді.

– Оlx пен әлеуметтік желіде бұның саудасын 1 миллион теңгеден қыздырып жатқандар бар.  Австралиялық түрін 700 мыңнан саудалауда. Басын көбейтіп алсам, мен де балапанын ғана емес, ересектерін де сатамын, – дейді Ә.Ерімбетов.

Шаруаның үй ауласында бұдан бөлек павлин құстары да өсірілуде. Өткен жылы тұқым бастырып, сұлу шөжектердің 50 данасын сатыпты.

– Павлинді көбіне қалалықтар сатып алады. Сұлулық құсы ретінде ауласында ұстағанды жөн санайды. Жасыл газонның үстінде құйрығын жайып тұрғанына қызығып, қалталы азаматтар сәндікке сұрайды. Алғашқы жұмыртқа берген жылы көп саттық. Жұмыртқадан шыққаны 10 мың теңгеден сатылады. Жұмыртқасы 5 мың теңге.

Шаруаның айтуынша, павлин жемге құмар емес екен. Кербез құс күніне аз ғана жемді шұқып жегені болмаса, тамақсау емес.

– Біздің аудан ауыл шаруашылығы дамыған аймақтар қатарында. Негізінен мал өсіру, егін егу ісі қарқын алуда. Қазір аудан бойынша 78 мыңға жуық құс бар. Олардан 6 мыңға жуық жұмыртқа өндіреміз. Шілік ауыл округіндегі «Жансая» қожалығында құс фермасы бар. Онда 13 мың басқа дейін құс өсіріледі, – дейді Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Батырбек Сыздықов.

Ал, түйеқұс өсіру ісі ауданда алғаш рет қолға алынып отыр екен. «Жанұзақтың» тірлігін көріп, қызығып жатқандар көп.

– Бізде тауық қана емес, биылдан бастап түйеқұстың етімен қатар  балық шаруашылығын да дамыту ісі қолға алынуда. Ауданды сиыр, жылқы, құс етімен де қамтамасыз етсек дейміз. Мұны жаңашылдық есебінде облыс көлеміне, одан әрі экспортқа шығаруды да жоспарлап отырмыз. Кәсіптің көзін тапқандарға үкімет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған. Қайтарымсыз несие, гранттарға жоба ұсынып отырмыз. Биылдың өзінде бизнесін бастаймын деген 70-ке жуық азамат 1 млн 200 мың теңге көлемінде грант алды,- дейді Батырбек Сыздықов.

Ауылда отырып-ақ өз кәсібін ашқан Әлзақ Ерімбетов сынды еңбекқор азаматтардың ісіне расында да қызығасың, өзгелер де үлгі алып, талпынса дейсің.

Айдар Сейдәзім

 

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған