Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Сайрам ауданында жаңа мектептің жертөлесі суға толды

Сайрам ауданында жаңа мектептің жертөлесі суға толды

  Біз бұған дейін Түркістан облысында жаңадан салынған бірқатар құрылыс нысандарының сапасы сын көтермейтінін жаздық. Мәселен, Сайрам ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектеп ғимаратының пайдалануға берілгеніне 10 жыл толмаса да бір қанатының апаттық жағдайға жеткенін, Шардарада газы жоқ ауылға салынған мектепке газбен жылыту жүйесінің орнатылуы салдарынан пайдалануға берілмей отырғаны, тағысын тағы кемшіліктерді жаздық. Бірақ, «көрмес түйені де көрмес» болды ма, әлде «үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген қағиданы ұстанды ма, әйтеуір «неге бұлай болған» деп жанашырлық танытқан шенеунік болмады. Сонда Президент айтып жүрген еститін үкімет қайда қалды? Керісінше тас керең билік қалыптасып жатқан секілді.

Үкімет үнсіздік танытып, жергілікті билік жұмған аузын ашпаса да біз айтарымызды тоқтатпақ емеспіз. Өткен аптада Сайрам ауданы Қарасу ауылының тұрғындары хабарласып, қыркүйек айында пайдалануға берілген мектептің жертөлесі суға толып тұрғанына уайым жеп, көмек сұрады. «Бұл қалай болғаны, балалардың мектепке барғаны кеше, бүгін жертөле суға толып тұр. Құрылысты жүргізгендер, оны қабылдағандар қайда қараған? Судың салдарынан қабырғасына сызат түсіп, құласа не болмақ?» деген тұрғындар шырылына бей-жай қарай алмай, аталған білім ошағына арнайы бардық.

«Осы мектепте екі балам оқиды. Өзім басқа мектепте ұстазбын, – дейді алғаш кездескен ата-ана Дәмира Асқарқызы. – Бір оқушымның құжатын алу үшін осында келгенімде сынып бөлмелерінің суық екенін көрдім. Бірақ бізге мектептің салқын екені жайында хабарлама келген жоқ. Соңғы күндері күн сайын жаңбыр жауып тұр. Балалар сабаққа су болып келіп, салқын бөлмелерде оқиды екен. Жертөлеге толған суды телефонға түсіріп алған едім. Содан бері де екі апта уақыт өтсе де жағдай өзгерген жоқ. Бірінші тоқсан біткен соң балалар 3-4 күн осы жердегі салқын бөлмелерде оқыды. Мен келіп мәселе көтерген соң барып, ескі ғимаратқа көшірді. Бірақ ол жерде балалар енді үш ауысымда оқып жатыр. Алайда, мен балаларымның бұл ғимаратта оқығанына қарсымын. Себебі жертөле суға толы. Электр қондырғылары жертөледе орналасқандықтан кез келген уақытта өрт шығу қаупі жоғары. Оның үстіне ғимаратта жылу да, жарық та жоқ».

Тұрғындардан білгеніміз, мектеп директоры істі болуына байланысты басшы қызметі уақытша Рауза Ескендіроваға тапсырылған екен. «Біз наурыз айынан бері тиісті орындарға хабар беріп, ескертумен келеміз, – деді Рауза Әбжанқызы. – Жертөлеге алғаш су кіре бастағанда-ақ бұл жайды мердігерге естірттік. Олар жазда кемшіліктерді жөндеп беретінін айтқан. Күттік, бірнеше рет хабарластық, бірақ қара көрсетпеді. Күзде дренажды жүйені істегенде енді жертөлеге су жақындамайтынын айтқан еді, сөздері жалған болып шықты. Жертөле суға толып тұрғандықтан мектептің іргетасы отырып, қабырғалары жарылып, апаттық жағдай орын алмас па екен деген күдік-қорқыныш та бар. Мұны ертерек шепесе жағдай күрделене түспек».

Бұған дейін де мұғалімдер келтіре алмай жүрген мердігер бұл күні де көзге түспеді. Бірақ жауапкершіліктің бір ұшы өздеріне тиесілі екенін түсінсе керек, Түркістан облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Төлегеновтің өзі келіп, жиылған жұртқа басу айтып, судың жертөлеге жиналу себебін төмендегіше түсіндірді: «Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған, бірақ жаңбыр көп жауғандықтан су латоктарға сыймай, жертөлеге құйылып жатыр. Сондай-ақ, жертөледегі бетонды құю барысында жалғанған жерлердің арасы жабылмай қалып кеткен. Соны бекітіп, айналасына қашыртқы жасап, суды шетке ағызып жіберу керек.

Жалпы, 200 орындық бұл ғимарат құрылысына қазынадан 610 миллион теңге қаралған. Басында тапсырыс беруші аудандық құрылыс бөлімі еді, олар 305 миллион теңгені игерді. Кейін құрылыс біздің басқармаға өтті. Ғимарат 2021 жылы қабылданып, қазір аудандық білім бөліміне өткізу жұмыстары жүріп жатыр. Мердігердің 5 жылдық кепілдік мерзімі бар. Көріктендіру жұмысы толық аяқталған. Трансформатор қойылып, жарықпен қамтылған. Жылу қазандығы газға қосылып, жылу берілгенімен, онда ақаулар пайда болған секілді. Оны ертең мердігер «Тараз Құрылыс Инвест» серіктестігі келіп, толық жөндейді».

Басқарма басшысының орынбасары жұмыстың толық біткенін айтып, құрылысын жүргізген мердігерге шаң жуытпауға тырысты. Бірақ оның өз аузымен айтылған «Жертөледегі бетонды құю барысында жалғанған жерлердің орны жабылмай қалып кеткен. Жылу жүйесінде ақаулар пайда болған», – деген сөздеріне қарағанда мердігер жұмысы кемшіліксіз емес. Қазірден-ақ мұндай ақаулар шығып жатса, 2-3 жылдан кейін ғимараттың жағдайы қандай күйге түспек? Неге бізде жаңадан пайдалануға берілген ғимараттар кепілдік мерзімі бетпей жатып қайта жөнделуі керек? Ал 5 жылдан кейін кепілдік мерзімі біткен мердігердің мектеппен мүлдем шаруасы болмайтыны талассыз. Қашанғы халық зардап шегуі тиіс?

Осы мәселеге байланысты Сайрам аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінен келген жауапта былай дейді: «Сайрам ауданы, Қарасу ауыл әкімшілігі, Қарасу ауылында орналасқан мектепке 2019 жылы қосымша 200 орындық оқу корпусы, спортзал және акт залы, асхана, шеберхана құрылысы жүргізілген. Мердігер мекеме «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС, жобалаушы «А Строй Проект» ЖШС, техникалық қадағалаушы «Орда Сидикат LTD» ЖШС. Жаңа оқу ғимаратының құрылысы аяқталғанымен, бүгінгі таңға дейін тапсырыс беруші Түркістан облысының құрылыс басқармасы тарапынан толық қабылдау жұмыстары жүргізілмеген, облыстық мемлекеттік активтер және қаржы басқармасы тарапынан №14 М.Сапарбаев атындағы ЖОМ-нің балансына басқару құқығымен өткізу туралы қандай да болса құқықтық акті /бұйрық/ қабылдап бермеген, яғни аталған жаңа оқу ғимараты әлі мектеп балансына берілмеген».

Әрине, білім бөлімінің қызметкерлері құрылыс мамандары емес. Сол себепті, құрылыс басқармасы тарапынан ғимарат сапасы жіті қадағаланып барып білім бөліміне өткізілгені жөн. Әйтпесе, ертеңгі күні түрлі келеңсіздіктер орын алып жатса әбіржитін ұстаздар мен оқушылар. Тіпті, қайғылы жағдай да орын алуы ғажап емес. Ал мердігердің мұрты да қисая қоймас. Жауапкершілік, бақылау жоқ жерде осындай келеңсіздіктерден аяқ алып жүру қиынға соғатыны айтпаса да түсінікті.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика