Киносүйер қауымның назарына жақында «Қызыл диплом» атты фильм ұсынылды. Ютуб каналына жүктелген осы бір картинаны 10 күнде 1,6 млн көрермен тамашалаған. Бір қарағанда тұрмыстық түйткіл, ғылым таппай мақтанып, дүниенің кетігін тауып қалана алмай біршама уақыт адасқан жас маманның өмірі баяндалғанымен, адал достық, қамқорлық, сүрінгенге, бүлінгенге сүйеу болар бір азаматтың табылғанын көреміз. Сондай азаматтардың көп болғанын қалаймыз. Бәлкім киноның көрерменге айтайын дегені де осы болар…
Десек те оның тәмсілін режиссерден артық кім білген? Есімі елге етене таныла бастаған Серік Таласовтың бұл 58-ші жобасы. Қысқаметражды фильмдер, әлеуметтік роликтердің барлығын санамалағандағы осынша дүниені көпшілік назарына ұсынып үлгерген режиссердің айтары аз емес. Әзірге үнін кино тілімен жеткізуде.
Серік те бала болды. Режиссер болуды армандамақ түгілі оның оқуы бар мамандық екенінен бейхабар еді. Жан-Клод Ван Дамм, Джеки Чанға еліктеп, солар ойнайтын киноларды жібермей көретін-ді. Талай тірліктің тұтқасын ұстап көрді. Жаны қалаған істі тапқанша түрлі кәсіппен айналысты. Той, құдалықты бейнетаспаға түсірді. Оған жаттанды сюжеттерден гөрі адамдардың эмоциясы, психологиясы көрініс беретін кадрлар ұнайтын. Оператор ретінде сондай сәттерді іздеді. Бәрі де 2014 жылы «Өтелмес борыш» фильмінен басталды. Бір жыл бұрын басталған «кино түсіру» машақатынан жарыққа осы фильм шықты. Әлі есінде, Сатира театрында фильмнің тұсаукесері өтті.
– Осы фильмді түсіруге, көрерменге жетуіне сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев ағамыз көп көмектесті. Өнерді бағалайтын, таланттарды қолдайтын осындай азаматтар көп болса ғой, шіркін! – деп еске алады бүгінде Серік сол шақтарды.
Расында да осы фильм арқылы ел Серік Таласовтай таланттың барын естіп, біліп жатты. «Бәрінен де бұрын бір адам болса да менің киномды көріп, түзу жолға түсуіне көмектескеніне ризамын» дейді өзі. Расында да солай болды. Киноның тұсаукесеріне шақырған бала күнгі досы бастапқыда қылжақтады. «Қысқаметражды кино деген не ол? Мен қымыз ішіп, кесе босатқанға дейін бітіп қалатын болса оның несі кино?!» дегені де есінде. Фильмнің хронаметражы – 19 минут қана. Қылжақпас досының әжуә етіп отырғаны да осы «қысқа уақытта не айтып, не баяндай қоярсың?» деген күмән. Алайда, «Өтелмес борышты» көргендердің көздері жасқа толып, беті-аузын ыстық жас айғыздағанын өз көзімен көрді. Әр адамның ішіндегі ата-анаға деген махаббаты, өкініші бұлқына түсті. Іш зынданы қопарылып кетті. Содан да болса керек, киноға түскен әртістерді марапаттау кезінде көрермендер арасынан 80-дегі ақсақал «Ана келін баланы марапаттамаңдар. Қажеті жоқ! Енесін өз анасындай көрмеген келінге гүл берудің не қажеті бар?!» деп көрермендер залын зор даусымен жаңғыртқаны бар. Әрине, бұл сол образды соншалықты нанымды, сенімді етіп жеткізе білген актрисаның шеберлігі. Көрермен шынайы өмірді көріп отырғандай әсерге бөленуі режиссердің жетістігі.
– Ал, әлгі қылжақтаған досымды көрермендер залынан таппай қалдым. Сөйтсем ол кино біте салысымен сыртқа шығып кетіпті. Көз жасын көрсетпеген түрі. «Фильмің жүрегімді қозғады. Ауылға бармағаныма 1 жыл бопты. Анама барып келемін. Мен кеттім…» дегенде көкірегім мұң араласқан мақтаныш сезіміне бөленді, – дейді Серік. Онысы түсінікті де. Досының көкірегіне сәуле ұялата білді. Бір адамның ой-санасын өзгерткеніне риза болды. Жас режиссер үшін осының өзі үлкен жетістік еді.
Алғашқы мақтау, марапаттауды малданып қалатын Серік емес екен. Керісінше осы бір ілтипат, елдің «Жарайсың!» дегені оған шабыт сыйлады. Тағы да… Тағы да көрермен көзайымына айналар дүниелер түсіруге құлшына кірісті.
– Елге көмектесуді, қолұшын беруді тек бай, қалаталы азаматтардың қолынан келетін шаруа деп ойлайтындар бар. Меніңше олай емес. Ақшасыз да, өз өнеріңмен, жазушы – әңгімесімен, журналист – қоғамның шындығын баяндауымен, мұғалім – саналы шәкірттерінің көп болуымен де қоғамға көмектесе алады. Сол сияқты мен де кино арқылы елге көмегім тиіп жатса, қанекей?!, – дейді кейіпкеріміз.
Серіктің алға қойған мақсаты осы. Бұл орайда ол үнемі қолдау білдіріп, жаңа идеялар ұсынып жүретін Ғалымжан Қалыбаев, Қажымұқан Абзалов, Руслан Шымырқұлов сынды азаматтарды ақылшы тұтады. Кеңестеріне құлақ асады. Шығармашылық тығыз байланыста.
– «Неге сенің киноңда сол бір әртістер ойнай береді?» деп сынайтындар бар. Рас, осы кезге дейін мен түсірген 58 жобаның 30-ында Ғалымжан Қалыбаев ағам ойнайды. Себебі ол менің кинома тегін түседі. Былайғы жұрт ойлайтын шығар, кино түсіргеннен көп пайда табады деп. Менің кей киноларым мен әлеуметтік роликтерімнің бюджеті 500 мың, 200 мың теңге болуы да әбден мүмкін. Тіпті тегін түсіретінім де бар. Ал, осындай бюджетпен мен алыстан ат арылтып әйгілі актер, актрисаларды қалай шақырамын? Киноға түскенінен бөлек, жатын орны, тамағын төлеуім керек.
– Әрине, көп дүниеге қаржы тапшылығы қолбайлау болатыны рас. Алайда бұл киноның сапасына да әсер етуі мүмкін ғой… Серіктен сыр суыртпақтай түстім.
– Мүмкін, әсері болатын шығар. Алайда мен «мына дүнием тегін екен» деп жүрдім-бардым дүние жасауға жаным қас. Әрбір жобам – ол менің балам. Дүниеге әкелген соң, көрерменге ұсынған соң оның мінсіз болғанына көп мән беремін. Перзентімдей дүниенің көпшілікке ой саларлық жоба болуына күш жұмсаймын.
– Жасыратыны жоқ, киноиндустрияда «есімі әлемге әйгілі әртіс ойнаған кино прокатта өтімді болады» деген түсінік бар. Қазақ тарихын баяндаған картиналарға да сол түсінікпен шетелден әртіс шақыртып әуре болғанымыз рас қой…
– Жоқ, мен бұл түсінікпен келісе алмаймын. Мысалы, Брэд Питт ойнаған киноның бәрі хит деген дұрыс емес. Бастысы сценариі мықты болуы керек. Бұл жобада біз көрерменге не айтамыз? Не айтуға тиістіміз? Оны көрермен қалай қабылдайды? Ойлана ма, өз бойындағы дәл осы кемшілікті көре ала ма, көкірек көзін аша аламыз ба?.. Міне осыған көп мән берсек деймін.
– Қалай десек те соңғы кезде киномандар төл туындыларымызды шетелдік картиналармен салыстырып қарайтын әдет тапты. Мультфилімдерге де солай баға беруге құмармыз. Ол түрлі эфект, күшті графика, техникалық зор талғам… Осыны аңсайтын көрермен барын жоққа шығара алмаймыз.
Серікпен сұхбаттасуда осындай да сұрақтарды көлденең тартып көрдім. Енді ғана танылып келе жатқан режиссердің талғамын, талабын білгім келді.
– Әрине, мүмкіндік болып жатса неге қолданбасқа. Алайда, сол зор эфектке көп көңіл бөлуден туған дүниелерді бір рет қана көре алатынымыз да жасырын емес қой?! Ұрып-соғу, жауыздық, суша аққан қан, зомби кейіпкер, образ… Осының бәрі көрерменді де зомбилыққа тәрбиелеп жатқандай. Ал бұл тәрбиенің соңы – санасы уланған ұрпақты билеп-төстеу оңайға түсетінін көрсетпей ме?! Біз қазір экранды түзеуіміз керек. Елдің бетке ұстар арнасы деген кей каналдардан үндінің арзанқол, сағызша созылған телесериалдары көрсетіліп еді, ақыры не болды? Мешітке барсақ қос алақанын беттестіре Құдайға жалбарынып жатқан қызды көрдік. Сол үнді фильміндегіше өз Құдайына сиынып отыр. Болашақта ұрпақ тәрбиесіне жауапты деген қыз баласының қазір осылай табынуынан шошынуымыз керек.
– Экранды түзетеміз деп жүргенде «экранға қарамайтындар» да көбейіп келеді ғой…
– Дұрыс айтасыз, қазіргі жастар теледидар көрмейді. Тик-ток, ютубта отыр. Ал ол жақта не көрсетіліп жатқанына тағы да бас ауыртпаймыз.
– «Қызыл диплом» аз күнде көп көрерменді сол ютубтан тауыпты…
– Иә, сол үшін де осындай тәрбиелік мәні бар дүниелерді көбейтіп қана қоймай, оның әлеуметтік желілерде де кеңінен таралуына ұйытқы болу қажет. Адасып немесе тығырықтан шыға алмай жүргендердің бірі болмаса екіншісі көріп, ойланады деген үмітім басым.
– Кинофестивальдер де режиссердің танылуына септігін тигізетін шара…
– Не сұрағалы отырғаныңызды түсіндім. Өз басым кинофестивальдерде жүлдегерлерді анықтауда әділдіктің жоқтығына бірнеше рет куә болғандықтан, бұдан былай ондай байқауларға қатыспаймын деп шештім.
– Неге?
– 9 кинофестивальге қатыстым. Мен ұсынған картинадан қайда төмен дауыс жинаған фильм жүлдегер болады да, басым дауыс жинаған менің кином жүлдесіз қалады. Осы да әділдік пе? Яғни, ол байқауларда да тамыр-таныс керек, жүлдегер болу үшін пара беру керек деген ойға келдім.
– Өз еліміздегі кинобайқауларда тамыр-таныстық керек десең, шетелдік байқаулар бар емес пе?
– Ол жақтың да талабын байқап көрдім де жиіркендім.
– Неге?
– Басты талаптары, кейде жазылып, кейде жазылмаған болып келетін қағидаттарында міндетті түрде өз еліңнің кемшілігін, жаман жағын баяндауың керек екен. Шетелдік кинофестивальдің жүлдесі үшін жерімді жағымсыз етіп көрсетіп, елімді сатқым келмеді. Оның үстіне шетелдіктер бір жынысты отбасы, әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылық, балалардың құқығын таптауды баяндайтын киноларды жоғары бағалайды екен. Зұлымдықты наихаттағанша көрерменіме тәрбиелік мәні бар дүние ұсынғанды жөн санадым. Елдің ренішін емес, алғысын арқалағаным артық деймін. Әсіресе, балаларға арналған киноларды көбейтуді қалаймын.
Режиссер Серік әр дүниесінде қоғамның тәрбиесіне қатысты өзек жатса дейді. Сол тақырыпты жанына серік етеді. Таласовтай таланттың талғамында шек жоқ. Ол өз тақырыбын достарының арасынан, туыстардың той-томалағынан көре біледі. Тұрмыстағы түйткілдерді, боямасыз өмірді көрсете отырып, әр көрермен содан өзін көрсе, өзін көру арқылы кемшілігінен ұялса, ойланса, ойланған соң түзелсе дейді. Себебі, кино – қоғамды тәрбиелеуші құрал. «Киноны мен де түсіремін, ол да түсіреді. Бірақ 100 жыл өтсе де менің тәрбиені өзек еткен киномнан артымнан сауап барып тұрғаны керек» дейді. Келістік. Келісетін тұжырым емес пе, сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Жәмила МАМЫРӘЛІ