Жанат Тажиева баланың қамын ойламаса
Автобус тосқан, суыққа тоңған оқушылар…
Биылғы қыс оқыс оқиғалармен басталды. Екібастұз жұртының жаурап отырғанына апталар толды. Жолда қалып қойып, үсіп өлгендер жайындағы қайғылы оқиғалар жүректі ауыртады. #Шымкентте де қысқа дайындық барысында кемшіліктерге жол бергені көрініп қалуда.
Биылдыққа қар алғаш қалың жауған күні көшелер дер кезінде тазаланбағандықтан жүргізушілер біраз әбігерге түсті. Автобустар кестеден кешікті. Жолдың тайғақтығы салдарынан орын алған түрлі оқиғалар әлеуметтік желіні шарлап жүр. Ал, сабақтан шыққан оқушылардың аялдамаларда топырлап автобус күтіп, тоңып тұрғаны әжептәуір дауға тамызық болды.

Қала тұрғыны Дәурен Айманбет есімді азамат осы мәселе жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба қалдырған екен. Мәселенің мән-жайын білу үшін біз ол кісінің өзімен хабарластық. «Менің желіде жазғаным шындық, – деді қала тұрғыны. – Сол боранды күні 17:50-де сабақтан шыққан қызым үйге 19:10-да әрең жеткен. Беті-қолы тоңып қалыпты. Бұл бір қиын мәселе болды. Осындай олқылыққа жол берген қаладағы Транспорт басқармасының басшысын орнынан алуды ұсынар едім. Қарапайым ғана қоғамдық көліктерді реттей алмай отырған басқарма басшылығынан не үміт, не қайыр? Біздің «Тұран» шағынауданына 17, 75 бағыттағы автобустар қатынайды. 79 мектеп оқушыларының аязды күні көрген күнделікті күйбеңі осы. Транспорт басқармасының қолынан келмесе, Білім басқармасының басшысы аталған мектеп оқушыларына арнап автобус ұйымдастырып берсе екен».

Әрине, реніш те, ұсыныс та орында. Алайда, жолаушы қызметіне жауапты басқарма басшылығы тарапынан көңілге қонымды нақты жауап болмаса, білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева түйткілдің түйінін тарқатуға құзыры жүрмейтінін төмендегіше жеткізіпті: «Оқушыларды мектепке тасымалдау туралы ҚР «Автомобиль көлігі туралы» Заңына сәйкес Шымкент қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 15 маусымдағы №1266 санды Қаулысы бекітіліп, оқушыларды тасымалдауды ұйымдастырып және қаржыландырып келген болатын. Алайда, #Президент Жарлығына сәйкес #Шымкент қаласы Республикалық маңызы бар қала статусын алуына байланысты «Автомобиль көлігі туралы» Заңы 14 бабының 2 тармағына сәйкес, облыстардың республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың жергiлiктi атқарушы органдары статусында «Алыстағы елдi мекендерде тұратын балаларды жалпы бiлiм беретiн мектептерге тасымалдауды ұйымдастырады» сөзі қарастырылмағандықтан оқушыларды тасымалдау жұмысы тоқтатылған. Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне 21.01.2022 жылы №10-10-03/634 санды хатымен ҚР «Автомобиль көлігі туралы» Заңы 14 бабына өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жолданған. Дегенмен, Шымкент қаласы Республикалық маңызы бар қала болғандықтан қала аумағындағы шағын аудандар мен тұрғын алаптарға қоғамдық көліктердің қатынауы арқылы шешілуде».
Бәлкім бұл жауап заң аясында айтылған шығар, бірақ, бұған көпшілік тарапынан қанағаттанбаушылық байқалады. Қала тұрғыны Пернебай Сапар білім басқармасы басшысының жауабына көңілі толмайтынын былайша білдіреді: «Жанат Тажиева баланың қамын ойламаса, Шымкенттің Республикалық статусы кімге керек? Сонда бір ауыз сөз қарастырылмағаны үшін Президент кінәлі болып тұр ма? «Балалар жылы» да Президенттің бастамасымен жарияланған. Тым құрыса соның құрметіне балаларға жағдай жасауға болмай ма? Сөзіңіздің сыңайы балаларды қорғауға емес, кәсіпкерлердің ыңғайына жығылып тұрған сияқты..».
Бала дегенде әркімнің-ақ шығарға жаны дайын. Ата-аналар өздерінің тоңғанына төзімділік танытса да ұл-қыздарының үсіп жүргеніне жүректері шыдамайды. Сондықтан да бұл мәселе жұрттың ашуына қатты тиюде. Желі қолданушылардың бірі – Зейнеп Базарбайкызы өз наразылығын былайша назарға салады: «Час пикте» автобустардың интервалын жиілетіп, жәй уақытта ұзарту 21-ғасырда оқыған, қолдарында табақтай қос-қос дипломы бар басшыларға тым қиын шаруа деп ойламаймын. Бірақ, неге екені белгісіз осыны қолға алмақшы болғандарды байқамадым. Бір рет ұсынысыма графиктен қалып қоятындарын айтқан болды, сол ғұрлым әкесінен қалған сияқты әр аялдамада адам жинап тұрғандарын байқайсың. Біздің балдар да 27 «маршрутпен» үйге жетеді. Қыстырылып болса да мініп алыңдар, кеш қалғанша дейміз, кешкі апақ-сапақта бір-біріне мінгескен адамдар әйтеуір. Балалардың қауіпсіздігін ойлап уайымдап отырамыз».
Қаладағы мұндай наразылық Шымкент қаласындағы Жолаушылар көлігі басқармасының басшыларын жылы орнынан қозғалтпаса да әйтеуір бір ауыз тіл қатуға мәжбүрлепті. Уәждеріне сенсек, автобус жүргізушілерін жинап алып, ұрысыпты. Жұмыстан босатылған бір-екі адам да бар сыңайлы. Бірақ, бұл көзбояу үшін бе, әлде шынымен халыққа жаны ашып, қатаң шара көрді ме, ол жағы өздеріне ғана белгілі. Дұрысы, олардың жауабын өзіңіз де оқып көріңіз. «№17 және №75 бағыттағы қоғамдық көліктері бекітілген кестеден тыс, арнайы Тұран шағын ауданы аумағындағы №79 орта мектебінің оқушыларын қысқа сызба бойынша тасымалдайды. Аталған автобус «маршруттары» кешкі уақытта 4 рейспен күнделікті тасымалдау қызметін атқарады. Айта кету керек, орын алған жағдайға байланысты оқушылар бірінші рейспен толық тасымалданған. Келесі кезектегі қоғамдық көліктері көлік кептелісі салдарынан кесте уақытынан кешігу орын алған. Алайда, мектеп оқушылары толығымен қамтылып, шағын ауданның ішкі бөлігіне тасымалданды. Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнероликтегі жағдайға байланысты, шұғыл түрде қоғамдық көлік жүргізушілерімен жиналыс ұйымдастырылды. Жиналыста аталған мәселе талқыланып, ескертулер берілді. Мәселенің қайталанбауын алдын алу мақсатында басқарма тарапынан қатаң бақылауға алынып, оқушыларды тасымалдау бойынша күнделікті есеп беру ретінде бейнеролик алынатын болады».
Иә, сөзге сенсек, жолаушылардың бірі қалмай тасымалданып жатыр, ал көзге сенсек, кешқұрым аялдамалар топырлаған жолаушыға толы…
Ұлықбек ҮМБЕТ.