Жуырда Нұрсұлтан қаласына бұрынғы Астана атауы ресми қайтарылды. Себебі бұл өзі халықтың қолдауынсыз, мәжбүрлі түрде берілген атау еді. Ендігі міндет – барлық облыс орталықтары мен мегаполистердегі орталық көшелердің біріне негізсіз берілген Назарбаев атауларынан арылу. Өйткені, бұл мерзімінен ерте берілген атау болып тұр.
Осыған байланысты айтарым, #Шымкенттегі #Назарбаев даңғылын Керей мен Жәнібек даңғылы деп өзгерту керек. Картаға қарасақ, Шымкентте бұл қос тұлғаның атында кішкентай ғана екі көше бар екен. Ақиқатында қазақ хандығын құрған тарихи тұлғалар одан әлдеқайда жоғары құрметке әбден лайықты деп есептеймін.
#Түркістан қаласында Есімхан алаңы бар, ал Шымкентте #Қасымхан мен Есімханның атында көше де жоқ. Қасымханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолы деген атпен тарихта қалған қос тарланға неге Шымкенттен бір көше берілмейді? Кейде ешкім танымайтын адамдардың есімі мектептерге беріліп жатқанда қазақ ұлтының тұтастығын сақтап қалуға өмірін арнаған асыл азаматтардың аты не себепті тасада қалуы керек?
Ұсыныс бізден, ал осыны құлаққа іліп, нәтиже шығаратын шенеуніктер болса алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Өмірзақ Ақжігіт,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.