–Алло, бұл редакция ма?
–Иә, балақай, айта бер, бұл-редакция?!
–Мен 5 сыныпта оқимын. Мектебімізде би үйірмесі бар. Соған да қатысамын. Би үйірмесі мектептің подвалында болады. Сол жақта киім ауыстырып билейміз. Сабақ киімімді сумкама салып алып келемін. Сабағым түсқайта болады. Азанда биге барамын. Биден шыққан соң мектептің қасындағы кафе, асханалардың бірінен тамақтанып аламын. Алайда сабағымыздың басталуына әлі 1-1,5 сағаттай уақыт бар болады. Осы кезде қайда барарымды білмей кетемін. Үйге қайтадан барып келейін десем сабаққа кешігіп қаламын. Үйіміз мектептен алыс. Аялдамаға барып автобусқа мінуім қажет болады. Барып-келіп әуреленгім келмейді.
Ал, мектептің ішіне кіріп отыра тұрайық десек «түсқайта оқитындар әлі кірмейді» деп ішке кіргізбейді. Ерте келмеңдер дейді. Біз биден шықтық қой. Қазір дала суық қой. Сыртта тұрып жаураймыз. Жаурағаннан бірнеше рет ауырып қалдым. Биге де келе алмай, көп қимылды үйрене алмай тобымнан қалып кете бердім. Ата-анамызға айтсақ, апайға айтып қояды. Апай ата-анамызға «мейлі, кіргіздіреміз ішке» дейді де кіргізбейді. Кезекші сынып «екінші ауысымның оқушысысың» деп кіргізбейді. Әсіресе, жоғары сынып кезекші болғанда қиын.
Мен ғана емес, биге қатысатын, үйі мектептен алыста тұратын қыздар да бар қасымда. Бәріміз биден шыққан соң жаурап жүреміз сабақ басталғанға дейін мектептің сыртында.
Осыны біздің директор апайға айтасыздар ма? Бізді мектепке кіргізсінші…
P.S.:
Редкциямызға хабарласқан кішкентай оқушы қыздың аты-жөнін белгілі себептерге байланысты толық жарияламадық. Сонымен бірге ол айтқан мектептің атын, нөмірін де көрсеткеніміз жоқ. Аталмыш білім ордасына хабарласып, мәселенің оң шешілуін өтіндік. Уәде етті. Десек те, мұндай жағдай өзге мектеп оқушыларының да басында болуы әбден мүмкін жағдай деген оймен, бізге хабарласқан кішкентай оқырманымыздың өтінішін жариялап отырмыз.
Құрметті, мектеп басшылары!
Оқушылардың сабақтан тыс уақытын пайдалы іске жұмсауына мұрындық болғандарыңыз, түрлі үйірмелер ашқандарыңыз дұрыс. Тек, баланың қыстың ауасында сыртта бүрсеңдеп жаурап қалмауына да көңіл бөлсеңіздер екен!