Жыл өткен сайын 1986 жылы 16-17 желтоқсанда Алматыдағы негізгі көтерілістің қалай болғаны ашық айтыла бастауда. Бұған дейін түрлі себептермен тізімі бұрмаланған көтеріліске қатысушылардың да қатары қазір қалыңдай түскен. Жасыратыны жоқ, «желтоқсаншымын» дейтін жалған желтоқсаншылар да аз емес. Десек те сол кезеңнің қудалауынан қорқып, бертінге дейін желтоқсаншы екенін жасырып келгендер де бар. Оның себеп-салдары көп-ақ. Қалай болғанда да қан төгіліп, қаншама жастың тағдырын тәлкекке салған осы бір көтеріліс жайлы естеліктердің жиі жазылып, куәгерлердің көрген білгені қағаз беттеріне түсіп, сақтала бергені жөн.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Шымкент қаласындағы Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма тетарының әртісі, Мәдениет саласының үздігі Қапиза Маханқызы Баимбетова нағыз желтоқсаншы.
Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды жаппай қудалау, студент жастарды оқудан шығару, тергеудің түрлі қитұрқылығы сынды зобалаңды заманды бастан өткерген жан. Әуелі Алла, содан кейін ҚазССР-нің халық әртісі Нұрмұхан Жантөрин болмағанда тағдыры қай бұралаң соқпаққа саларын кім білсін?! Бәрін де басынан баяндасақ.
Бала жастан өнерге, биге құштар Қапиза Маханқызы 1981 жылы Шымкенттегі жалпы білім беретін № 44 мектеп пен № 3 балалар музыка мектебін қатар бітіріп, арман қуып Алматыдағы Эстрада және цирк өнері студиясына, профессор Құбыш Мұхитовтың домбыра класына оқуға түседі. Оны бітірген соң 1985 жылы Алматы Мемлекеттік театр көркемсурет өнері институтына, ҚазССР-нің халық артисі, профессор Нұрмұхан Жантөриннің театр және кино артисі мамандығы бойынша шеберханасына оқуға қабылданады. 2 курста оқып жүрген кезінде 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі бұрқ ете қалды.
Тарихта өзіндік бағасын әлі толық ала алмай жүрген осы бір көтерілістің сол кездегі Қазақстан орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевты желтоқсанның 16-сы күні орнынан алып, орнына Ресейдің Ульяновск облысынан Г.Колбинді тағайындаған Мәскеудің солақай саясатына қарсылықтан туындағаны белгілі.
– 1986 жылдың 17 желтоқсаны күні сол кездегі Брежнев алаңына бейбіт шеруге шықтық. Бізді алаңға алып шыққан басты мақсат «Әр ұлттың өз көсемі» деген ұран болатын. Жоғары курста оқитын студенттер: Бақытбек, Үсіпхан, Құрманғазы, Сағындық, Нұрмахандар өзара келісіп, басқа институттардың жатақханаларына барып, 17 желтоқсан күні таңертең алаңға шығуға үгіт жүргізген-ді. Суретшілер факультетінің студенттері тарнспоранттар мен лозунгтар жазып, даярлауға кірісіп кеткендігін біз 16 желтоқсан күні кешке, сабақтан жатақханаға келгенде білдік, – дейді Қапиза Маханқызы.
Бір бөлмеде тұратын құрбылар Гауһар Желеубаева, Жанна Жайлаубекова, Роза Чабденова және Қапизаның өзі қосылып ертесіне алаңға шығудың қамына кіріседі. Жылы киімдерін сайлап, етіктеріне ұлтарақ салып, қолғаптарын түгендейді. Осы кезде суретшілер факультетінде оқитын қыз-жігіттер «ауа райына байланысты қағаз плакаттар жыртылып, бояуы ағып кетуі мүмкін, жыртылмайтын материал керек еді» деп бұлар тұратын бөлмеге келеді. Қапиза көп ойланып жатпастан Гауһар екеуі терезедегі күлгін түсті пердені жұлып, суретші қыз-жігіттерге ұстатады. Екі қыз ұстатқан пердені алып кеткен суретші жігіттер Бақытжан мен Мейрам таңертеңгісін алаңға бет алған жастармен бірге күлгін түсті пердеге «Каждому народу – своего вождя», «Қазақстан – менің елім!» деп жазылған транспоратты көтеріп бара жатты.
– Жатақханада тұратын студенттердің барлығы бірдей Космонавтар көшесімен жоғары бойлай жүрдік. Біздің қатарымызға «КазГУ-дың» химия факультетінің студенттері қосылды. Жолай, жөн сұрап, колоннамызға қосылып жатқандары көп. Алаңға жеткенімізде студент жастарды суретке түсіріп жүргендерді анық байқасақ та мән бермедік. Кім, не үшін екенін сұрамадық та. Біз бейбіт митингіге, өз талабымызды ашық білдіруге келдік. Басымызда тек осы ой болғандықтан арты қанды қырғынға ұласып кететінін де сезбедік. Керісінше мәз-мәйрам, бәріміз бір үйдің баласындай ұйымдасып жүргенімізге риза едік. Алаңға жақын орналасқан сол кездегі СХИ-дің, АХВИ-дің студенттерімен араласып кеттік. Колоннаны қолдарында радиоруп ұстаған жігіттер басқарды. Алаңға тек жастар келген жоқ. Орта жастағы, аға буын өкілдері де болды. Олар да топ-топ болып алаңға жиналып келіп жатты. Абай даңғылымен, одан Ленин көшесін бойлай 28 Панфиловшылар паркіне дейін тіреліп, Совет көшесінде орналасқан біздің институттың студенттері мен КазПидің сабаққа келген студенттерін сыртқа шығармай жатқанын байқадық. Оқу ғимаратының орталық есіктерін жауып тастаған. Көп студенттер аудиторияның терезесінен секіріп, сыртқа шығып жатты. Көше бойында келе жатып бәріміз де Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін шырқадық, – дейді Қапиза апайымыз сол бір күндер туралы естелігін еске түсіріп.
Бүгінде мемлекетіміздің әнұранына айналған әнді елдіктің белгісі ретінде, ұлттың рухын көтере шырқаған осы желтоқсаншылар болатын. Әнұранды қалыптастырған қарлығаштар –желтоқсаншылар. Қапиза Баимбетовалардың колоннасы Фурманов көшесіне жеткенде екіге бөлінді. Бірі Фурманов көшесімен жоғары қарай алаңға бет алса, екіншісі көшені бойлап төмен қарай беттеді. Осы кезде Қапиза бірге келген дос-құрбыларынан көз жазып қалды.
– Сол кездегі БАҚ-та алаңға «нашақор, маскүнем жастар жиналды» деп жазып жатты. Бұл өтірік. Керісінше «елім, жерім» деген рухты, намысқой жастар еді. Сутеденттер ғана емес, Алматыдағы зауыт, фабриканың жұмысшылары да арамызда болды. Әсіресе, жігіттер алғы шепке шығып, бір-бірімен иық тірестіріп, «қыздарды ортаға алыңдар» деп жатты. Бәріміз де бір үйдің баласындай, кім, қай институттан келгенін қол ұстасып жатып, сұрасып, танысып жаттық,- дейді Қ.Баимбетова.
Біршама уақыттан соң ол жатақханадан бірге шыққан құрбысы Гауһарды тапты. Қыстың ызғарлы күнінде қатты тоңып, қарындары да аша бастады. Алаңда адам қарасы көбейді. Гауһар мен Қапиза сәл жылынып, тамақтанып келу үшін топтан сыртқа ысырылып шығып, жаяу жатақханаға қайта келе жатқанда жоғары курстың студенттерін көрді. Нұрмахан, Сағындықтар да келе жатыр екен. Екеуі тездетіп жүрек жалғап, аяқтарын жылытып алған соң қастарындағы екі қызды іздеп, алаңға қайта бет алады. Бірақ, бұл кезде жатақхананың есігін құлыптап, ешкімді сыртқа шығармай жатқан еді. Институттың мұғалімдері кезекшілікте кімнің келіп, келмегендерін белгілеп жүр екен. Қапиза мен Гауһар соларға көрінбей, бірінші қабаттағы қыздардың бөлмесінің терезесінен түсіп, алаңға қарай жүгіреді.
– Гауһар екеуміз алаңға жетіп, шеткі шептен ортаға кіре бергеніміз сол еді алаңда жоғарғы жақтан арнайы шақырылған, қаруланған солдаттар мен милиция, өрт сөндіруші көліктер, автобустардан түсіп жатқан сарбаздар алаңдағы халықты қолындағы қарулармен соққыға жыға бастады. Бас-аяғына қараған жоқ, қыз ба, жігіт па мән берместен ауыр темір құралдармен ұра бастады. Құлағандарын сүйреп, көліктерге тиеп жатты. Қарсы келген тобырдан Гауһар екеуміз екі жаққа ұштық. Мен де артқа қашамын деп құлап жатқан адамнан сүрініп, басыма ауыр бір заттың тигенінен есеңгіреп қалдым. Сол арада жүгіріп келе жатқан бір жігіт жағамнан ала алға қарай сүйрей жөнелді. Төмен қарай бір топ адам қашып келеміз. Арамызда жасы да, кәрісі де бар. Қолына түскен адамды өзіміздің жергілікті милициялардың төмпештеп, тепкілеп жатқанын да көріп келеміз. Жаңа ғана бейбіт түрде өз талабын айтып жатқан жастар қан-жоса болуда. Кімнің-кім екенін танып болмас топалаң, у-шу басталып кетті. Мені жағамнан сүйрелеп жүріп құтқарған жігіт жатақханаға дейін ертіп келді. Үстіме киген пальтомның құндыз жағасы жартысына дейін жыртылып, қалғаны жалбырап қапты. Қараңғылатып жатақханаға кіре бергенім сол еді, кезекшілікте жүрген мұғалімдердің айқайынан үшінші қабаттағы бөлмеме бір ақ жеттім. Бөлмеге кірсем бірге шыққан қыздар дін-аман. Милицияның дубинкасынан таяқ жеп, арқа басы көгеріп Гауһардың да жеткен кезі осы екен. Мен де сырт киімімді шешкенім сол құлағымның артынан жылымыш боп аққан қанды көріп Жанна шошып кетті. «Басың қанап жатыр» деп бақырып жіберді. Ет қызуымен жеген таяғымыздың салдарын сезіне қоймаған кезіміз. Иодпен сүртіп, қан болған шапкамды, пальтоның жағасын жуып, батареяға ілдік. Аяқтан да су өткен, – дейді Қапиза апай.
Ол күндерді қайта еске алудың ауырлығы сол, бастан алған жарақаттың сыздатуы өз алдына жүрекке түскен салмақ жанды әлі де ауыртатыны айтпаса да түсінікті. Сонда да болса кейіпкерімізден ызғарлы күндердің естелігін естіп, әрі қарай жазып алуға тырыстық.
– Желтоқсанның 18 күні түстен кейін Гауһар екеуміз жатақханадан шығып, алаңға тағы бардық. Алаңды милиция қоршап тұр екен. Бір қазақ жігіті жақындап келді де «Тез қайтыңдар! Көлік келе жатыр, аяқтарыңнан сүйреп салсын демесеңдер кетіңіздер, менің де сендер сияқты қарындасым бар» деген соң амал жоқ жатақханаға қайттық…
Бәрі де 1987 жылы қаңтарда басталды. Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды қудалау, соттау, оқудан шығару жаппай қарқын алды.
Қапизаларды да сол кездегі Алматы қалалық Совет аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушілері институтта сабақ үстінен алып кетті.
– Тап бір халық жауын тергегендей институттан комсомол қатарынан, одан әрі жатақханадан шығару, ата-аналарымыздың жұмыс орнына «осындай тәрбиесіз бала өсірген адам» деп хабар беру басталды. Осылай деп қорқыту-үркіту 4 айға созылды. Тергеушілердің қысымы жүйкені тоздырды. Психикалық ауыртпалық түсті. Көшеден милиция формасындағы адам көрсек қолымызды қайырып, тұтқындай жөнелетіндей үрейде жүрдік…
Қапиза апай осылай дейді. Тергеушінің сұрақтарына «Жоқ. Білмеймін. Мен ол күндері алаңға барған жоқпын» деумен болған. Алайда тергеуші алдына 3-4 фотоальбомның әр бетін ашып тастағанда не дерін білмей қалды.
– Бірінші альбомды ашқаннан суретім шыға келді. Үстінен белгі жүргізіп, «АГТХИ, 2 курс» деп белгілеп те қойған. Төрт альбомды да парақтаған сайын суреттерім алаңға барғанымның айғағы болып шығып тұр. Амал жоқ «сабақтан соң барғаным рас» дедім. Алғашқы күні алаңға барғанымызда колонна арасын аралап жүріп суретке түсіріп жүргендердің «ертең суреттеріңді қолдарыңа береміз» дегендеріне сеніп, бет-жүзімізді жасырмай түсе бергенбіз. Әр мезеттегі суреттер, әсіресе біздің институттың алдынан өтіп бара жатқандағы қол бұлғап біреулерді шақырып жатқан кезім, транспоранттың бір шетін ұстап тұрғаным, қолымды сермеп, «Менің Қазақстаным», әніне қосылып әндетіп келе жатқан суреттерімді көргенде тергеушіге ендігі жерде өтірік айтудың реті жоғын түсіндім. Арғы жағында «күлгін перденің» де әуресі шыққалы тұр екен. Біз, Гауһар екеуміз де институттан шығару сатысында тұрдық. Марқұм, әкеміздей болған ұстазымыз, ұлы тұлға ҚазССР халық артисі, профессор Нұрмұхан Жантөрин мен театр факультетінің деканы Аман Бекенович мырзаның бізге берген мінездемесінің арқасында аман қалдық. Комсомол кітапшасына «қатаң сөгіс» жазасы жазылды.
– Қапиза апай, сол кездегі курстас достарыңызбен, желтоқсанда бірге болған қыз-жігіттермен хабарласып тұрасыздар ма?
– Әрине, үзбей хабарласып отырамыз. Шымкент қаласы бойынша Батырхан Сағындықов бастаған «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық қорында мүшемін. Осы ұйым арқылы көптеген желтоқсаншы жора-жолдастар таптым. Солардың ішінде кезінде СХИ-да оқыған Раушан Байғонова, Раушан Ермекова, ерлі-зайыпты Өскенбай мен Гауһар, Нұрмахан Байкөбеков, Қасым деген желтоқсаншылармен араласып, хабарласып тұрамын. Алматыдағы «Біртұтас желтоқсан» қоғамында Ляззат, Ағила, Айгүл, Мария, Улия, Болатбек сынды нағыз патриот қыз-жігіттер бар. Олармен де байланыстамын.
Желтоқсан оқиғасына қатысқандар туралы көлемді жинақ жарық көреді деген соң осыдан бірнеше жыл бұрын естелігімді жазып бергенмін. Өзім ол кітапты әлі көрмедім. Алматыдағы достар шықты деп жатыр. Сонымен бірге, сол кезде қуғынға түскен қыздардың ақталуына да бір кісідей үлес қостым. Әттеген-айы сол, өзімді әлі күнге ақтай алмай жүрмін…
Қапиза апайдың құрбысы жақында Алматыдағы Орталық архивке барған. Сол жерде өздері оқыған институттың студенттеріне қатысты тергеу жүргізген құжаттар мен суреттерді көрген. Арасында Қапиза апайдың да алаңдағы суреттері бар. Архив қызметкерлері суретті телефонға түсіріп алуға рұқсат бермеген. Қапиза апай желтоқсаншы ретіндегі өзіне тағылған айыптардың негізсіз екенін дәлелдеп, саяси қылмысқа барғаны жөніндегі шешімнен ақталғысы келеді. Дегенмен, шүкір етер жетістіктер де жоқ емес. Отыз жылдан бергі сахнадағы өнері үшін Мәдениет министрлігінің шешімімен «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Анасын жетектеп қажылыққа барып, бұрын-соңды істеген ағаттығы болса Алладан кешірім болсын деп мінәжат етіп қайтты. Ұрпағының өсіп-өніп отырғанына шүкіршілік етеді.
Десе де 1986 жылы ызғарлы желтоқсанда, Алматыда, алаңда алған соққысынан басы әлі күнге аурады. Денсаулығына сызат түсірген сол бір соққының зардабын жылдар өткен сайын қатты тартуда. Алайда Қапиза Баимбетова бұған да мән бермейді. Ол үшін ең бастысы еліміздің бүгінгі тәуелсіздігі, қазіргі бейбіт аспаны оңайлықпен келмегенін, арғы тарихты айтпағанда кешегі желтоқсаншы жастардың, өрімдей өрендердің қанымен келген тыныштықтың құны қымбат. Осыны бүгінгі жастар бағалай білсе дейді…
Жәмила Мамырәлі