«Қайсысы?» дейсіз бе? Көп қой. Мұғалімдердің мәртебесі белгіленгелі білім саласына қатысты мәселе тым көбейіп кеткен сияқты. Әзірге көптің басын ауыртып отырғаны – жалған дипломның жыры. Бұл баласына сапалы білім береді деп үміттенген ата-ананы ғана емес, «қаншама жылдық стажым бар, тәжірибе жинап үлгердім ғой» деген жалған диплом иесі – мұғалімнің де бас ауруы болуда.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізген сырттай анықтау, тексеру жұмыстары барысында бірқатар былықтың беті ашылған. Айтпақшы, бұл тексеріске Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы өздері тапсырыс берген екен. «Тексеріп, кемшілікті анықтап берсеңіздер» дегенге ұқсайды. Осыйлайша департамент облыс әкімдігінің алдына сыбайласқан жемқорлықты жою бойынша 24 түрлі дәйекті ұсынған.
Облыс басшысы Дархан Сатыбалды бұл кемшіліктерді бір күнде шешу мүмкін еемстігін айта келе сала мамандарының басын қосқан алқалы жиында қордаланған мәселелерді кезең-кезеңге бөліп, кемшілікті жобаға негіз болатын іс-шаралар жоспарын бекітуді жүктеді. Білім саласына қатысты заңсыз әрекеттерді болдырмаудың бірден бір жолы адами факторды барынша азайтып, орталықтандыру және цифрландыру жүйелерін қалыптастыру қажет. Мамандар осылай деп отыр.
«Сыртқы талдау нәтижесі қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізіп, білім беру қызметіне мониторинг жүргізудің қажеттілігін көрсетті. Сондай-ақ, қызмет көрсету процесін автоматтандырып, білім беру ұйымы басшыларының құқықтық сауаттылығын арттырып, білім беру ұйымдарындағы кітап қорына түгендеу жүргізудің қажеттігін айқындап берді», – дейді салаға жауаптылар.
Мектептерге мұғалімдер төрт жылдан бері jumys.snation.kz порталы арқылы қабылданады. Түркістан облысы бойынша конкурспен қызметке орналасу осы портал арқылы жүзеге асуда. «Ең бастысы – бұл портал жалған дипломдарға тосқауыл қоюды қамтамасыз етеді», – дейді Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы.
Айтпақшы, жалған дипломдарды анықтау бойынша тексеру жұмыстары әлі де жалғасуда екен. Педагогтерге біліктілік санаттарын беру (растау) тәртібін электронды «Е-ПОРТФОЛИО» порталы арқылы сынақтан өткізу де қарқын алған. Облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, сыртқы талдау бірқатар мәселені көрсетіп берген. Мысалы, сол тексерудің нәтижесінде білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау арқылы орын ауыстыру кестесі түзілген.
– Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының арасында 267-сінің (мемлекеттік мекеменің) 141-інде меңгерушісі лауазымдық қызметте 7 жылдан бері отыр екен. Оның бір елді мекенде орналасқаны – 67. Түркістан облысында жалпы 223 мекеме басшысы, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдары басшылары ротациялауға жатады. Талдау барысында анықталған сыбайластық тәуекелдерін жою облыстың білім саласында сыбайлас жемқорлық фактілерінің азаюына алып келеді деп санаймын. Осы ретте, жемқорлық фактілеріне әкелетін тәуекелдерге талдау жұмысы тұрақты жалғасын тауып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы жұмыстар жандандырылатын болады, – дейді басқарма басшысы Дінислам Болатханұлы.
Сонымен қатар өңірде Е-КІТАПХАНА электронды жүйесі енгізілген. Жүйенің тиімділігінің арқасында барлық білім беру мекемелерінің кітапхана қорына инвентаризация жүргізіліп, нәтижесінде 2017-2022 жыл аралығындағы жарамсыз және тозығы жеткен 3 млн-ға жуық оқулық жалпы кітапхана қоры есебінен шығарылыпты.