Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » «Енді үнсіз отырғанымды немерелерім кешіре алмас»

«Енді үнсіз отырғанымды немерелерім кешіре алмас»

Біздің кейіпкер: Өмір Шыныбекұлы – Шымкент қаласындағы №41 мектептің мұғалімі, ҚР Білім саласының құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері. Қоғам белсендісі.

 

–Өмір Шыныбекұлы, жақында сіздің ҚР Парламентінің Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның мүшесі болғаныңызды әлуеметтік желіден оқыдық. Палатаның алғашқы отырысына да барып қайттыңыз?  Бұл палата немен айналысады? Қандай мәселелерді көтереді?

– Қоғамдық палатаның міндеттеріне заң жобаларын сараптау, әзірленетін және қаралатын заң жобалары бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу, заңдарды қабылдау мен іске асырудың ықтимал салдарларын болжау кіреді. Сонымен қатар, Қоғамдық палата Парламент Мәжілісіне келіп түсетін өз құзыреті саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қарайды және бағалайды. Осылайша, Қоғамдық палата азаматтық қоғамды одан әpi дамыту және құқықтық мәдениет қалыптастыру, халықтың азаматтық белсенділігін арттыру үшін жағдай жасау мен әртүрлі саяси күштердің пікірлерін ескеруге мүмкіндік беретін диалог алаңы болады деп күтілуде.

–Сізден өзге бұл палатада тағы кімдер бар?

–Қоғамдық палатаның құрамында Мәжіліс төрағасы Е.Қошанов бастаған Мәжілістің 9 депутаты, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, белгілі саясаттанушылар, экономистер мен журналистер бар. Барлығы 37 адам. Қоғамдық палатаның төрағасы Е.Қошанов.

–Біздің білуімізше сіз Шымкент қаласындағы Қоғамдық кеңестің де белді мүшесісіз? Республикалық белсенді ұстаздар қозғалысында да алдыңғы шепте жүрсіз… айтыңызшы, осы кеңес, ұйым, палаталарда айтылған мәселелер шешімін тауып жатыр ма?

–Тарихшы болғандықтан, қоғам дамуының біз ойлағаннан кері бағытқа кетіп бара жатқанын бұрыннан аңғарып, іштен тынып жүрдік қой. 2012 жылы тұңғыш немерем дүниеге келген соң, «енді үнсіз отырғанымды өзгеден бұрын өз немерелерім кешіре алмас» деген ой мені жиі мазалайтын болды. Содан болар, қоғамдық жұмыстармен белсенді түрде айналыса бастадым. Әлеуметтік желінің көмегімен 2015 жылдан бастап, еліміздің өзге өңірлеріндегі белсенді педагогтармен байланыстым. Сол әріптестеріммен бірге 2016 жылы Республикалық «Ағартушы» қозғалысын құрдық. Әріптестерім мені төраға етіп сайлады. Бұл бағыттағы жұмысымыз ауыз толтырарлық деп айта аламын. Оның дәлелі 2019 жылдың соңында қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң.

Ал Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесіне мүшелікке кездейсоқ қабылдандым. Қоғамдық кеңестің 2019 жылғы құрамына кезінде түрлі сылтау айтып, менің құжаттарымды қабылдамай қойған болатын. 2022 жылы көктемде Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы құрылатынын естіп, баяғыда мені жолатпай қойған кімдер екенін білгім келіп құжат тапсыра салып едім, өтіп кеттім. Әйтпесе, сол кеңеске кірмесем де мен қала әкімінің штаттан тыс кеңесшісі ретінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүр едім. Бірақ Қоғамдық кеңестің жұмысы өнімді деп айта алмаймын.

–Неге?

–Себебі, кеңес мүшелерінің көпшілігі қызмет, тендер секілді түрлі жолдармен қала әкімдігіне тәуелді азаматтар. Өзіңіз білесіз, мұндай кеңестерде өткір проблемаларды көтеру үшін адам белгілі бір деңгейде тәуелсіз болуы шарт. Ал әкімдікке тәуелді мекеменің басшылары мен мемлекеттен тендер алатын адам ешқашан еркін бола алмайтыны аксиома. Арамызда тіпті өмірінде белгілі бір жұмыспен тұрақты түрде айналысып көрмеген, бар бітіргені әлеуметтік желіде айғайлатып пост жазу ғана болған азаматтар бар.

Қоғамдық кеңес қала халқының мүддесі үшін толыққанды жұмыс істеуі үшін құрамындағы тәуелді азаматтардан арылуы тиіс. Мақтаныш үшін айтып отырғаным жоқ, мәселен қаламыздың білім ошақтарының басшыларына менің «Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі» деген атымнан гөрі, «Өмір ағай» деген атағым қаттырақ әсер етеді.

–Өмір ағай, жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ендігі жерде мамандардың дипломына емес біліктілігіне басымдық берілетіндігін атап өтті. Жасыратыны жоқ, сіздің әріптестеріңіздің арасында дипломын ғана малданып жүрген біліксіз мұғалімдер жиі кездеседі. Біліктілігін арттыру үшін түрлі курс, конкурстарға қатысуға мүмкіндік беріліп отырса да мұғалімдер арасында өз біліктілігін көтеруге ықылассыздар бар…

–Мен ақпан айында сол кездегі Мемлекеттік хатшы Ерлан Кариннің қабылдауында болғанымда Білім және ғылым министрі білімді де білікті болғанымен министрліктен шығып жатқан құжаттардың басым көпшілігі шикі деген едім. Ал сіз меңзеген әңгімені естідім, бірақ зерделеп үлгермедім. Егер рас болса онда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қойнауынан шығып жатқан құжаттардың да шикілігі болғаны.

–Түсінбедім…

Құжаттардың шикілігі “әке-көке” арқылы жұмысқа кіріп алған орындаушы мамандардың біліксіздігінен деп ойлаймын.

–Әлеуметтік желідегі белсенділікке байланысты сан түрлі пікір қалыптасқан. «Диван батырлар» деген сөз тіркесін Мемлекет басшысы да тілге тиек етті. Қалай ойлайсыз, бұл әлеуметтік желіге цензура орнатудың қадамы емес пе? Әлде, расымен де әлеуметтік желі бетімен кетіп, сөз бостандығын тізгіндемесе залалын келтірерлік жағдайға жетті ме? Әлеуметтік желіде белсенді азаматтардың бірісіз, айтыңызшы, сол желі арқылы белгілі бір тұрғыда мәселені шешу мүмкін бе?

–Әлеуметтік желіге толық бақылау орнату биліктің өзі үшін қатерлі. Халықты ақпараттан толық оқшаулап тастау мемлекет үшін игі болса «темір құрсаумен» қоршалған КСРО мәңгі өмір сүрер еді. Ал «Диван батырлар» дегенді айтқан Мемлекет басшысына бұл орайда ақпарат толық жетпеген секілді. Сол «Диван батырлар» айтқан сынға мемлекеттік органдардың басшылары қарамағындағы қызметкерлерге көптеп қарсы пікір жаздыруы да белең алып тұр ғой. Яғни «негативті» «позитивпен» көміп тастауға тырысу әрекетін әлеуметтік желіден жиі кездестіруге болады. Қоғамдағы «диван батырлардың» антиподтары мемлекеттік органдарда да бар.Сөз бостандығын шектеудің қажеті шамалы. Егер біреу-міреу әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратса немесе азаматтың ар-намысына тисе оны сот арқылы-ақ шешуге болады. Керісінше, әлеуметтік желінің әлеуетін елді адамытуға пайдалануымыз керек.

Ал президенттің сөзіне қайта оралсақ. Бұл жерде мәселені өзге жағынан қарастыру керек деп ойлаймын. Ол әлеуметтік желі арқылы бопсалау. Мәселен, ары таза емес журналист немесе блогер белгілі бір мекеменің жұмысындағы бір шикілікті байқап, соны анықтауға барды делік. Ол мекеме басшысымен белгілі бір сомаға келісуге тырысады. Басшы бірден «сына» қоймаса әлеуметтік желіге жариялаймын деп бопсалай бастайды. Кейде әлеуметтік желіден «пәлен уақыттан кейін өрт материал жариялаймын» деген пост байқауға болады. Иә, кейде сондай пост пайда болады. Ал ондай пост пайда болмаса немесе алдыңғы посты алып тастаса әлгі журналист немесе блогер өз мақсатына жетіп, әлгі басшыны өз айтқанына көндірді деп шамалауға болады.

Айтқым келгені, өз жұмысына адал басшы ешкімнің бопсасына көнбейді. Сонда журналист немесе блогер басшыларды қорқыта береді екен деп желіге цензура орнатамыз ба? Бірнеше ай бұрын Мәжілістің бірнеше депутаты балаларды әлеуметтік желіде кибербуллингтен қорғаймыз деп «Сарым-Зәкиева түзетуі» дегенді жұртшылыққа ұсынған болатын. Қоғам оны «әлеуметтік желілерді бақылауда ұстау әрекеті» деп өре түрегелген соң әлгі түзетулер туралы айтылмайтын болды.

–Сіздің ойыңызша «әлеуметтік желіде мәселе көтеретін болсақ, ол шешімін тез табады». Онда неге жергілікті билік әсіресе, тұрмыстық коммуналдық түйіткілдерді шешуге келгенде дәрменсіз? Әлеуметтік желіде су, жол, газ, жарық, автобус, қоқыс сынды мәселелер жиі көтеріледі.  Әлде олардың құлағына тұрғындар көтерген мәселе жетпей жата ма? «Естуші үкімет» қағидасы қайда?

–Мен «Жергілікті билік әсіресе, тұрмыстық коммуналдық түйіткілдерді шешуге келгенде дәрменсіз» дегенмен келіспеймін. Мәселен, мен көпқабатты үйде тұрамын. Аллаға шүкір пәтеріміз жылы, көгілдір отын, су келіп тұр, ауламыз жөнделген. Мен тұратын шағынауданда жол да жарамды.

Әрине, адам тіршілік еткен жерде проблема болмауы мүмкін емес. Өз міндетіне салғырт немесе өз міндетін жете түсінбейтін қызметкерлер де жоқ емес. Нашар мамандар да баршылық. Оның үстіне кез келген материал тозбай қоймайды. Иә, кейде құбыр жарылуы, жол ойылуы мүмкін. Ондай кезде тұрғындар бір біріне сеніп отыра береді немесе соны әкімдікке жеткізетін блогер іздейді. Мұндай кезде салық төлеуші ретінде әрбір азамат өзі мәселе көтеруі тиіс. Тиісті органдарға шағымдануға, сотқа беруге құқылы. Өкінішке қарай, біздің көп ағайындар соған ерінеді немесе «бәлеқор» атанып қалудан қорқып, үнсіз қалады. Мәселен, мен қазір тұрып жатқан аулама 2018 жылы көшіп келгенімде 2006 жылы төселген асфальты жерге сіңіп кетіпті. Ойын алаңшасында тот басқан 2-3 темір әткеншектің қалдығы ғана бар еді. Мамыр айында көшіп келдім де тиісті мекемелердің есіктеріне тыныштық бермедім. Соның арқасында сол жылы желтоқсан айында ауламызға асфальт та төселді, ойын алаңшалары мен сая-паналар да жасалды. Көтерген мәселені шешу жолында табандылық керек дер едім.

–Десек те сіздің белсенділігіңіз жоғары сол әлеуметтік желіде «қоғамды, жүйені өзгерту керек» деушілер де көп. Сіздің ойыңызша, өзгеріс неден басталуы керек? 

–Не істеу керек дейсіз бе? Газет беті үшін ұзақтау болса да айтайын… “Бабам батыр, атам болыс болған” деген секілді артық пафос пен “қазақ үшін ұялатын” жалған намысты доғару керек! “Отан – отбасынан басталады” дегенді айтқан адам нағыз данышпан. Патриотизм деген ең алдымен өз отбасыңды қорғау.

–”Қорғау” дегеніміз кең ұғым…

–Ашықтырмау, дұрыс тәрбие берумен қатар, мүмкіндігі жеткенінше олардың өмір сүруіне қолайлы орта жасау керек. “Халық үшін”, “Елім үшін” деген ұран абстракция, яғни көзге көрінбейтінді өбу немесе құшағың жетпейтінді құшақтауды доғарайық! Әрбір азамат “Отан үшін”, “Ұлт үшін” емес, өзі үшін, бауыры, ұл-қызы мен немересі үшін еңбек етсін! Жақсы азамат тәрбиелеудің ең басты шарты – адал еңбек, маңдай терімен табылған нан жегізу. Біреудің көз жасы мен наласы арқылы табылған дүние ешкімге опа бермейді.  Өзі шалқып өмір сүруі мүмкін. Бірақ көз жасы мен нала 7 ұрпағыңа дейін бәрібір табады. “Балаңды тәрбиелеме өзіңді тәрбиеле!

Балаң бәрібір өзіңе тартады” деген қағиданы адамзат тарихы сан мәрте дәлелдеген.

Мүмкіндігі отбасынан асып бара жатқан қазақ әлеуеті мен қызметі мүмкіндік берсе ұл-қызы үшін  жайлы орта қалыптастыру үшін еңбектенсін.

Себебі, отбасының ішкен-жегеніне көршісі сұқтанып отырса ол сіңе қоюы екіталай. Әрі-беріден кейін кедей көршінің ашқұрсақ баласы тоқ отбасының баласының күлшесін тартып алса, өзі үйін тонауы мүмкін. “Жайлы орта” дегеніміз көрші-көлем, ағайын-туыс, ел-жұрт, ОТАН, қала берді АДАМЗАТ…

Әрбіріміз біз үшін немереміз ұялмайтындай істер жасауы керекпіз! Өз айналамызда жайлы орта қалыптастыру үшін еңбектенсек міндетті түрде өзгертеміз! Мен оған кәміл сенемін!

Сенбеген адам айналасы 1 жылдың төңірегінде ауылдың көркі де, мектебі де, тұрғындарының айналаға деген көзқарасы да өзгере бастаған менің туған ауылым Төлеби ауданындағы Оңтүстік ауылына барып көрсін. «Оңтүстік» ауылынан бастау алған «Жемқорлықсыз ауыл» бастамасы туралы көктемде сіздің газет жазды. Осы бір шағын ауылдан басталған игі бастама бұл күндері көрші Ханарық, Кеңесарық, Тасарық, Қарақия, Қаратөбе ауылдарына, Қазығұрт ауданындағы Жігерген ауылына да тарап үлгерді. Аталған ауылдардың тұрғындары да өз ауылдарындағы мектептерге қатаң қоғамдық бақылау орнатуды қолға ала бастады. Бір кездері «Жемқорлықсыз ауыл» бастамасы туралы алғаш рет «біз жазып едік» деп сіздер де мақтанатын боласыздар!

–Құдай қаласа. Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан Жәмила МАМЫРӘЛІ

Бір пікір

  1. Өмір аүаы өзекті мәселені көтеріп отыр. Аға бкын, бңздің ендігі мақсатымыз – ұрпақтың білімді, тәрбиелң болып өсуін қадағалау. “Ұлым жақсы болсын десең, ұлв жақсымен көрші бол” дегендей қоғам түзелу үшін, елдің әлеуеті арту үшін жемқорлық деген көргенсіздіктен арылу керек

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика