Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Өмірден өнер жасаған жазушы

Өмірден өнер жасаған жазушы

Дәл осылай басталды.
«Мен тоқ адамды жек көремін…», «Біз күлуді ұмытып қалыппыз…», «Жыламайтын, жылай алмайтын әйелден қорқамын…»

Сахна төрінде көркемсөз оқудың үздіктері – студент жастар Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың, Тәуелсіз Қазақ ПЕН клубы мен платиналы “Тарлан” сыйлығының иегері, жазушы-драматург Дулат Исабековтың шығармаларынан осылайша үзіндіні нәшіне келтіре оқыды. Бірі –кейіпкері, бірі автордың өзі болып толғанды. Қара сөзді жатқа оқу – өлең жаттаумен пара-пар еместігін пайымы кең парасат иесі жақсы білсе керек-ті. Содан болар «Бекет», «Қарғын», «Тіршілік», «Біз соғысты көрген жоқпыз», «Өкпек жолаушы», тағы басқа шығармаларынан оқылған үзінді кездесуге келгендерді баурап алды.

Айтпақшы, қаламгердің мерейлі 80 жасқа толғанына екінші күн. Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық университеті (ОҚМПУ) сол мерейтойлық игі шаралардың көшін бастап ала жөнелді. Осылайша бұл оқу ордасы әдеттегідей білімнің ғана емес руханияттың қарашаңырағы екендіктерін дәлелдей түсті.

Бүгінде қазақтың қарымды қаламгері Дулат Исабеков әлем әдебиетінде өзіндік орны бар, шығармалары бірқатар шет тілдеріне аударылған классик жазушы. Оның шығармашылығындағы басты ерекшелік – кейіпкерлерінің күнде өзіміз көріп жүрген қарапайым жан болуы, сол кейіпкерлер ар, намыс, ұятты жоғары қоятындығымен сүйкімді.

–Дулатты Дулат еткен таланты, ал ол алдымен Алладан, жаратушыдан, сосын оның ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігі, халқының бүкіл ғұрпын жүрегінен өткізіп барып баяндайтын, түйсігінің мықтылығынан,-дейді белгілі қаламгер, Шымкентте, ОҚМПУ-да өткен кездесудің қадірлі қонағы Бексұлтан Нұржекеев. – Кешегі ағаларымыз Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтер кімнен кем еді? Алайда солардың шығармаларын Алматыдағы Лермонтов театры сахналаған жоқ. Орталық комитеттің тапсырмасы болмаса өздігінен қазақ қаламгерлерінің шығармаларын сахнасына шығармайтын. Ал, сол Лермонтов тетары Дулаттың «Тор» пеьссасын өздері сұрап қойды. Ресей театрлары Булгаков туралы шығармасын сахналады. Бұл Дулаттың ғана емес,  ең алдымен Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізген жетістігіміз. Қазақ қаламгерінің шетелде танылуы –қазақ әдебиетінің жетістігі. Әлгі «Петр I-ші Ресейдің терезесін Европаға ашқан адам» деп жатамыз ғой, сол сияқты, Дулат өз шығармалары арқылы Европаға қазақ әдебиетін шындап таныстырып жүрген жазушы.

Расында да заманымыздың классигі Дулат Исабеков өмірден өнер жасаған жазушы. ОҚМПУ-да өткен кездесудің тақырыбы да осылай. Ал өмір дегеніміз күреске толы. Сол күресіңде өз кейіпкерлерінің психологиясын тереңінен қазып оқырманға боямасыз болмсын жеткізе білу шеберлік. Оқырманы көп қаламгер болуының да сыры осында болар, бәлкім. Әр әңгімесін оқыған сайын оқырман өзін, өз ауылын, өз айналасындағы адамдарды көріп отырғандай күй кешуі ғажап емес пе?!

Бұл орайда кешті жүргізген әдебиет сыншысы, ОҚМПУ ректорының кеңесшісі Құлбек Ергөбектің кездесуге жиналған көрермен-оқырманға Дулат ағаның шығармалары туралы әспеттей жеткізген әңгімесі аз болмады.

Дулат Исабеков «Жазушы қандай болу керек? Жазушы нені білуі керек?» деген сұраққа жауап берген, жазушы туралы көркем шығарма жазған қаламгер. «Қарғын» романының оқырманы әлі күнге қалын. Жазушы үшін бұл да бір бақыт.

–Жазушы – қоғам сыншысы. Қоғам туралы бірде-бір сыни пікір айтпаған, өзінің азаматтық ұстанымын көрсете алмаған жазушыны зиялы санай алмаймын,-дейді Дулат Исабеков.

Дулат ағаның қоғамдағы кей келеңсіздіктерге қатысты өз ойын, пікірін ашық айтып, мәлімдеме жасайтын кезі аз емес. Қаламгерді әсіресе ауылдың жағдайы жиі алаңдатады. Ауыл адамдарының тұрмысын қайтсек түзетеміз деген ой толғандырады. Кезінде «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары ретінде қоғамдық-саяси тірліктерге де араласқаны содан.

–Егер мен жазушы болмасам, етікші болар едім. Себебі, ерінбей еңбек етуден қашпаймын. Күнұзаққа шахмат ойнап отыратыным да содан. Одан бөлек электр жөндеуші болар ма едім…

Қаламгердің бір сұхбатында осылай дегені бар. Ол бірден аты әйгілі жазушы болған жоқ. Ауылда монтер болып та қызмет атқарды.

–Жазушы барлық саладан хабардар болғаны жөн, ол білмейтін нәрсе болмауы керек. Соншалықты терең білімді, жан-жақты болған адамнан жақсы жазушы шығады дейтінім содан ғой,-дейді Дулат Исабеков.

Әдемі кешті ҚР  Мәдениет қайраткері, ОҚМПУ доценті  Үралхан Сейілбекованың орындауындағы халық әні «Гауһартас» та әсерлі ете түсті. Дулат ағаның повесінің желісінде «Гауһартас» киносының түсірілуі де бір тарих. Сол фильмдегі «Келші, айым» әні де кездесуде шырқалды.

Кездесудің кейіпкері Дулат ағамыз бүгінгі көркем әдебиет, драматургия жайлы бірқатар толғаныстарын ортаға салды. Студенттердің сұрақтарына жауап берді. Жастар Дулат Исабековтың өмірі, шығармашылығымен ғана танысып қоймай бұл кездесуде қаламгердің орнымен айтатын әзілдеріне де қанық болды. Тәлім алды. Тәнті болды.

Кеш соңында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы- ректоры Гүлжан Сүгірбаева Дулат Исабековты мерейтойымен құттықтап, ОҚМПУ-дың ғылыми кеңесінің шешімі бойынша «Құрметті профессор» атағын берді. Бексұлтан Нұржекеевтің де иығына зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті.

Ж.Жайлаубекқызы

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика