Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Басты жаңалықтар » «Қойшы көп болса…»

«Қойшы көп болса…»

Оқшау ой

Қазақта «қойшы көп болса қой арам өледі» деп бекер айтылмаған. Өкінішке қарай, қазір қосшыдан басшы көп заман болып тұр. Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де аңғарса керек, алдағы уақытта облыс, мегаполис басшыларының орынбасарлар санын қысқартуды қолға алды.

Ел аузындағы сөзге сенсек, алдағы жылы әкімнің көмекшісі, кеңесшісі және апаратта жұмыс істейтін бірқатар мамандар қысқартуға ілікпек екен. Бәлкім, бұл оң шешім шығар. Өйткені, жұмыс ауқымынан адам саны көп жерде бір-біріне сілтеу, еріншектік белең алып, сапа төмендейтіні дәлелденген дүние. Оған өзіміз де куә болып жүрміз. Өткен аптада Келес ауданының аумағында, дәлірек айтқанда Сырдария өзенінің жағасындағы тоғайда ерекше қорғалуы тиіс тораңғылдың тамырымен жұлынып жатқаны жайында жергілікті тұрғындардан хабар алып, дереу оқиға орнына бардық. Күн сенбі болғандықтан шығар, жергілікті әкімдіктен және басқа да мемлекеттік мекемелерден ешкімді таппадық. Ал табиғатқа зиян келтірушілер құйтырқы ойларын іске асырып, тоғайдың біраз жерін бүлдірген, ағаштарды тамырымен құлатқан. Бұған жауапты табиғат жанашырларының біреуін де кездестіре алмадық.

Осы оқиғаны зерттеу барысында біз Түркістан облысында тірліктері табиғат жағдайымен тікелей байланысты орман, су шаруашылықтарымен қатар Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы деген секілді аты дардай, заты жоқтай бірнеше мекемелердің бар екенін білдік. Қарап отырсаңыз, осы мекемелердің барлығының міндеті бір-біріне өте ұқсас. Бірінікін екіншісі қайталайды. Лауазымдық қызмет үлестіру үшін жоғары билік тарапынан бір кездері қолдан ұйымдастырылған әрекет секілді сезіледі. Олардың көптігінен не пайда, егер кез келген адам ойына келген уақытта табиғатты бүлдіріп кете беретін болса? Ал олар қол қусырып қарап отырудан әріге аса алмаса…

Жоғарыда аталғандардың барлығы да жауапкершілікті өздерінен барынша алыстатудың салдарынан біз Сырдарияның жағасындағы тораңғыл ағаштарды тамырымен қопарғандарды кім жауапқа тартатынын білмей әлек болдық. Құдды бір ол ешкімге тиесілі емес, егесіз жер секілді. Шынтуайтында өзен сағасы ерекше қорғалатын аймаққа жатады. Егер де бюджет қазынасына ортақтасқан осыншама табиғат қорғау мекемелері жұмыс істей отырып, браконерлермен күресуде дәрменсіз күй кешсе, оларды әрі қарай ұстаудың қажеті қанша? Дұрысы – аты көп те, заты жоқ мұндай мекемелерді қысқартып, бір ғана құзырлы мекемеге топтастыру керек. Сонда жауапкершілік те жоғары болады, қаржы да үнемделеді. Ең бастысы – жұмыс сапасын арттыруға жол ашылмақ.

Ұ.ТӘМЕНОВ. 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика