Жаңа жыл қарсаңындағы жағымды жаңалық
Газетіміздің 6-қазан күні шыққан 39 санында «Жекеменшік мектеп иесіне бәрі рұқсат па?» атты жанайқай мақала жайын оқырман әлі ұмыта қоймаған болар. Тағы бір еске салар болсақ, сол жарияланымда Сайрам ауданында жеке кәсіпкердің қаражатына салынған мектептерге оның өзімбілерлікпен өзінің, әйелінің, тағы басқа да елге есімдері белгісіз жақын-жұрағаттарының атын бергені қаншалықты дұрыс екені жөнінде мәселе көтерілген-ді.
Бұл мәселені сол кездегі аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Гүлнара Тынымбаева да назарына алып, жұмыс жүргізгенін жазғанбыз. Бірақ кәсіпкер Низомхан Сулайманов (суретте) «қаржы 100 пайыз өзінікі болғандықтан мектепке кімнің атын беруді өзі шешетінін, бұл жөнінде Әділет департаментінен кеңес алғанын» алға тартқан-ды. Әрине, мәселенің ақ-қарасын айырып, шешім шығаратын біз емес. Біз орын алған оқиғаны көпшілік талқысына тастадық. Пікір білдірушілердің арасында «өзімбілермендікпен әркім ойына келгенін істей беруге болмайтынын, мыңдаған оқушы тәлім алатын білім ордасына көпшілік құрмет тұтқан тұлғалардың есімі берілуі керек» деген ойын ашып айтқан оқырмандар аз болмады.
«Өзге пікір» газеті көтерген, көпшілік тарапынан қызу талқыға түскен мәселе кәсіпкерлерге де ой салса керек-ті. Ештен кеш жақсы демекші, уақыт өткізіп болса да көпшіліктің ұсыныс-пікірімен санасқан кәсіпкер тарапынан оңды шешім қабылданғаны жайлы жылы хабар келді. «Биылғы жаңа жылды ауданның білім саласы жағымды жаңалықтармен қарсы алғалы отыр, – дейді Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнара Тынымбаева. – Жасыратыны жоқ, оқу жылы басталғалы бері білім беру ұйымдарына атау беру, атауларын өзгерту жөнінде бірқатар жиын, кездесулер ұйымдастырдық. Мектеп директорлары және жекеменшік мектеп құрылтайшыларымен өткен кездесулерде Сайрам аудандық мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Бекболат Оспанов ауданда бұрыннан бар мектептердің атын қайталау, мектеп салған кәсіпкердің өзінің, туыстарының есімін беру жағдайлары орын алғандығын, білім ұйымдарын салған кәсіпкерлер ономастикалық жұмысшы топқа атау беру туралы ұсыныспен баруы қажеттігін, атау беруде негізге алынған ұсынымдарды басшылыққа алу керектігі туралы өз ұсыныстарын айтқан болатын. Өзім де кейбір мектептерге білім саласына қатысы жоқ, облысқа немесе республикаға танымал емес азаматтардың аттары берілгенін жөн көрмей, меткептерге атау беру заң шеңберінде атқарылуы тиістігіне тоқталдым. Алдағы уақытта салынатын барлық білім ұйымдарына атау беру Республикалық ономастика комиссиясының әдістемелік ұсынымына сәйкес болуын, ономастикалық комиссия мақұлдаған және Президент Әкімшілігімен келісілген «Тарихи тұлғалар» тізімін басшылыққа алуды ұсындым.
Осы секілді түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде Сайрам ауданындағы жеке кәсіпкер Низамхан Сулайманов өз мектептерінің атауын ұсынымға сәйкес өзгертуге келісті. Атап айтатын болсақ, Қарабұлақ ауылындағы Низамхан Сулайманов атындағы мектепке Қожа Ахмет Ясауидің, Манкенттегі А.Қарабаев пен А.Навои атындағы мектептерге Әлия Молдағұлова мен Ілияс Жансүгіровтің, Ақсу ауылында орналасқан Ю.Гагарин атындағы мектепке Мұхтар Әуезовтың, Манкенттегі «Арофат ана» мектебіне Мәншүк Мәметованың, сондай-ақ, Қарабұлақ ауылындағы Низамхан бала бақшасына «Жас ұлан» атауын беру жайлы ортақ келісім болып, тиісті құжаттары дайындалуда. Мұндай игі қадамдар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады деп сенеміз».
Қалауын тапса, қар жанар демекші, біз көтерген бір мәселе осылайша оң шешімін тапты деуге болады. Бұл істе ауданның білім саласының тізгінін қолға алғанына көп бола қоймаған Гүлнара Тұңғышбекқызының «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» қабілет-қарымына, белсенділігіне, бастаған ісінің баянды болмайынша тыным көрмейтін тиянақтылығына ризалығымызды білдіргіміз келеді. Шынтуайтына келгенде бұл өзге де билік басындағы басшы азаматтарға үлгі боларлықтай игі тірлік болғаны талассыз.
Ұлықбек ҮМБЕТ.