Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Шардаралықтар «Бізге денсаулық қымбат» дейді

Шардаралықтар «Бізге денсаулық қымбат» дейді

Ал оны еститін құлақ бар ма?!

Біз «басты байлық – денсаулық» дегенді сөзбен айтамыз да, ісіміз басқа болады. Мәселен, біздің ауылда мақта зауыты бар. Меншік иесі жиі өзгеретіндіктен оның қалай аталатынынан да жаңылысатын болдық. Бұрын «Нимэкс» деп ашылған, қазір қаталеспесем «АИИС» ЖШС. Онда ауылдың 30-40 шақты адамы жұмыспен қамтылғандықтан, көпшілігі шындықты айтуға жүрексінеді. Шындықпен бірге шаң жұтып жүрген жағдайлары бар. Олар «ауырсақ та, сол жерде жұмыс істеп, жалақы алсақ» дейді. Бірақ денсаулықты сол ақшаға сатып ала алмайтынын түсінгілері келмейді.

Негізінде зауыттың шаңды сыртқа шығармайтын арнайы қондырғысы болуы керек екен. Сол қондырғы жоқ, бар болса да жұмыс істемейтіндіктен, шаңның бәрі ауылға тарайды. Біз соны жұтып отырмыз. Бұл жайында аудан әкімдігіне, басқа да жауапты мекемелерге шағым жазғанымызбен, нәтиже жоқ. Жуырда осы шағымымызға орай «ауылда ауру жоқ» деген жауап келді.

Айналайындар-ау, ауылдағы әрбір бесінші адам демікпеге шалдыққан. Аллергиясы барлар да көп. Осының барлығы шаңның кесірінен болмаса, басқа қайдан шығып жатыр? Денсаулыққа деп миллиондап қаражат бөлінеді екен, егер ауру жоқ болса соншама қаржы неге бөлінеді? Маған осы жағы түсініксіз?

Ауылдастырым зауытқа тиісуді қоймадың деп ренжиді. Мен зауыттың жұмыс істегеніне қарсы емеспін. Қажет болса жұмыс ауқымын тағы да кеңейтсін. Ол экономикамыздың өсуіне себеп болады, бірақ жергілікті тұрғындардың жайын да ойлау керек қой. Қауіпсіздік шараларын күшейтіп, халық денсаулығына зиянын тигізбесе несіне қарсы боламын? Баянды болашаққа – дені сау ұлт қана жол бастайтынын ұмытпауымыз керек.

Қанатәлі Бегалиев,

Қызылқұм ауылы, Шардара ауданы.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика