Сіз білесіз бе?
Осы мақаланы жазуыма мына бір жағдай түрткі болды. Нақтылай айтсам, Динара есімді келіншектің ақылды іс-әрекеті қуантты.
Динара 11 сыныпта оқып жүргенде әкесі 54 жасында бауыр қатерлі ісігінен қайтыс болады. Әкесі бауыр тұсынын ауырсынып жүргеніне 1 жылдай шағымданған екен. Алайда дәрігерге қаралмаған, тек соңғы стадиясында үйінде қан құсқанда жедел жәрдем шақырып, ауруханаға түсіп, 1 аптадан соң қайтыс болған.
Осы бір жағдайдан соң, 2 жыл өткенде туған ағасы өкпе туберкулезы диагнозынан қайтыс болады. Ағасы да 6 айдай жөтеліп жүрген, алайда рентген жасамаған, дәрігерге барып қаралмаған.
Екі бірдей жақынынан жылдар салып айырылған Динара тұрмысқа шыққан соң күйеуін жылына бір рет толық денсаулығын тексертіп тұруға өз-өзіне сөз беріпті. Сол әдетін бұлжытпай орындап келеді. Өзі де гинеколог, маммологқа жылына 1 рет барып тұрады екен.
2021 жылдын басында күйеуін кезекті тексеруден өткізіп жатқанда ұйқы безінде көлемі өте кішкентай ісікті дәрігер УЗИ жасау кезінде байқайды. Мұны білген соң тез арада онкомаркер анализін тапсырады. Диагнозы – ұйқы безі қатерлі ісігі, рак.
Ұзақ уақыт созбай Алматыда операция жасатып, бірнеше химиотерапия сеансын алады. Бүгінде нәтиже керемет, толық 100 % емделген. Жұмыс істеуде, түк болмағандай, денсаулығы жақсарған.
Бұл өте сирек кездесетін, сәтті аяқталған жағдай. Бұл орайда мен дәрігер ретінде Динараға өте риза болдым. Жолдасын аман алып қалды. Себебі ұйқы безі қатерлі ісігі көп жағдайда 3 стадияда анықталады. Өкінішке қарай бұл ауру түрімен өлім-жітім көрсеткіші өте жоғары.
Осы жағдайдан соң қолыма қалам алып, мақала жазуыма тура келді. Осыны оқыған оқырмандарға бұл бір ғана мысал үлкен ой салса екен.
Кемінде жылына бір рет дәрігерге көрініп, денсаулықты тексеріп тұру қажет. Бір күн уақытыңыз кетуі мүмкін, есесіне өзіңізге сенімді боласыз. Ол үшін төмендегі тексерулерден өтсеңіз жеткілікті:
– Қаннын жалпы анализі
– Биохимиялық анализ
– Онкомаркерлер
– ЭКГ
– Жүректің УДЗ ( УЗИ) көрсеткіш бойынша
– Ішкі құрылыс УДЗ ( УЗИ)
– Өкпе рентгені
– ФГДС
– Колоноскопия ( көрсеткіш бойынша)
Бақытжан Позилов,
«Медикер» емханасының басшысы.