Сайтымызда бұған дейін “ШАРДАРА СУ ҚОЙМАСЫ ТАСУЫ МҮМКІН БЕ?” деп мақала жариялаған болатынбыз. https://nysana.kz/2023/01/05/shardara-su-ojmasy-tasuy-m-mkin-be/ Мақалада облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен кеңестің отырысында осы мәселені сала мамандары көтеріп, ортаға салғанын, қәуіптің барын айтып, ертерек қам жасау керектігін, көктемгі жауын-шашында су көлемі артатынын айтқан болатынбыз. Осыған орай төмендегі азаматтар “Ешқандай қауіп жоқ” деп отыр.
Қайрат ЖОЛДЫБАЙ, Шардара ауданының әкімі:
«Жағдай бақылауда»
– «Қазсушар» мекемесімен бірлесе су қоймасындағы жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Бір сәтке де назардан тыс қалдырған емеспіз. Биыл жауын-шашын әдеттегіден көп болып жатыр, қар да қалың түсуде. Қар жаппай еритін ақпан мен наурыз айларында қауіппен бетпе бет келмеудің қамын қарастыруымыз керек. Ол үшін сақтық шараларын күшейту қажеттігі жөнінде облыстағы тиісті мамандарға ұсыныс жасадық. Рас, қоймадағы су былтырғыдан көп, бірақ бұл халыққа қауіп төніп тұр деп байбалам салуға негіз болмауы тиіс. Суды көп жинай бермей, Сырдарияның төменгі сағасына уақтылы босатып отыру керек. Көктемде келетін суға бос орын болса жеткілікті.
Абай МҮТӘЛИЕВ, «Қазсушар» МКК Шардара өндірістік бөлімше басшысы:
«Қауіп жоқ»
– Мұндай әңгіменің қайдан шығып жүргенін білмеймін. Ондай қауіп жоқ. Қойма сыйымдылығы – 5,2 млрд текше метр, яғни оның толуы үшін әлі 1,2 млрд текше метр су құйылу керек. Мұнша көлемдегі су келмей қалуы да мүмкін. Жағдайды толық бақылауда ұстап отырмыз. Қажет болғанда артық суды Сырдарияға жібереміз.
Болат РАЙМҰХАНОВ, «Солтүстік жағалау» шағын ауданының биі:
«Дүрлігудің жөні жоқ»
– Бұрын да судың көбейген кездері болған, ондай жағдайда ауыл тұрғындары мәселені әкімнен бұрын бізге келіп айтатын. Су қоймасы ауылдың іргесінде орналасқандықтан, ахуалды өзіміз де бақылап тұрамыз. Қауіптеніп, елді дүрліктіретін мәселе жоқ…
Жаман айтпай жақсы жоқ. Әрине, қауіптің алдын алған дұрыс, бірақ облыс әкімі қатысқан жиында облыстық деңгейдегі сала басшылары негізсіз байбалам салмаған болар? Кімдікі рас? Бастысы ол емес. Бастысы, сақтықта қорлық жоқ екенін де ұмытпаған жөн.