Түркістан: Шаруаның шырылына құлақ асар жан бар ма?

 Қазығұрт ауданындағы Қарабау ауыл әкімшілігіне қарасты Үшбұлақ ауылында Иса Дадабаев есімді қария тұрады. Жоғары білімді мал дәрігері, кезінде шаруашылықтарда мамандығы бойынша еңбек еткен. Кейін жеке кәсіппен айналысқан.

Иса Дадабаевтың жеке шаруашылығы бірнеше жылдан бері әйгілі «Фуд-Мастер» компаниясына сүт өткізеді. Кезінде жылына 8 тоннаға дейін сүт өткізумен аты шыққан. Сүтті жеке шаруашылығындағы сиырлардан сауып және төңіректегі елді мекендерден жинайды. Осы Иса қарияның қырық жылға жуық уақыттан бері көкейінен кетпей жүрген бір арманы бар. Ол – жергілікті сиырларды асылдандыру, сүт мөлшерін молайту. Білікті маманның өзі бұл бағытта шама-шарқынша әрекеттер жасап көрген. Алайда, одан әзірге айтарлықтай нәтиже шықпай тұр екен.

«Мұның басты себебі – басшылық тарапынан түсіністік, нақты іспен айналысамын деген шаруаға тиісті қолдау жоқ. Малды асылдандыру мақсатында кезінде ауылдарда бірнеше ондаған жасанды ұрықтандыру бекеттерін салғанынан да нәтиже болмады. Ал нақты жұмыспен айналысқысы келетін шаруалардың қажетті несиеге, субсидияға қолы жетпейді. Малды азықпен қамтамасыз ету де бүгінде үлкен проблема болып отыр. Кезінде біздің ауылда «Үшбұлақ» өндірістік кооперативі құрылған болатын. Оның жұмысын жандандыруға басшылық тарапынан аса қызығушылық пен қолдау болмағандықтан тарап кетті. Егер кооперативтің жұмысы дұрыс жүргенде оның тиімділігін көрген өзгелерде де бірігіп шаруашылық құруға деген ынта оянар еді. Ауылды жерлерде осындай кооперативтер көптеп құрылса, оның шаруашылықты өркендетуге, тұрғындардың тұрмысын түзеуге пайдасы молынан тиер еді. Амал не, әзірге олай болмай тұр.

Бүгінде ауылдағы біраз азаматтар бірігіп өндірістік кооператив құру ойымызда бар. Бірақ ол үшін бізге басшылық тарапынан қолдау мен нақты көмек қажет. Биылғы жазда аудан әкімінің қабылдауына кіріп, осы туралы айтқанмын. Ол кісі ауылдарыңызға барамын, мәселені талқылаймыз деп еді. Әзірге олар тарапынан нақты қозғалыс болмай тұр. Өткен шілде айында Қазақстан фермерлер одағына да осы мәселені айтып хат жазғанмын. Он шақты отбасы бірігіп өндірістік кооператив құрғымыз келетінін білдірдім, көмек берулерін сұрадым. Басшылар бізге мал азығы жағынан, атап айтқанда, арзандатылған жеммен қамтамасыз етуге жәрдемдессе екен дейміз. Малды жасанды ұрықтандыруды жолға қоюға көмек беруін сұрадық. Сүт саууға, оны жинауға, сақтауға қажетті құрал-жабдықтар мен техника алу үшін жеңілдетілген несие берсе дұрыс болар еді. Осындай мәселелер бойынша көмек беруін өтіндік. Ал жер туралы тіпті де сөз қозғамадық. Өйткені қазіргідей жағдайда оны бізге керек екен деп ешкімнің де бере салмасы белгілі. Кооператив құра алсақ, шаруашылыққа қажетті жерді өзіміз иесінен жалға алып-ақ игерер едік.

Кооператив құра алсақ, бізге әзірге керегі – арзандатылған жем мен малды асылдандыру, қажетті заттар алу үшін жеңілдетілген несие. Осы мәселелер бойынша нақты кімнен көмек сұраймыз? Бізге арзандатылған мал азығын кім береді? Кім қажетті техника мен құрал-жабдықтар алуға жәрдемдеседі? Жеңілдетілген несиені кімнен сұраймыз? Малды асылдандыруға кім көмектеседі? Жоғарыға хат жазғанда біз осыларды айттық. Арада көп өтпей ондағылардан «хатыңызды Ауыл шаруашылығы министрлігіне жібердік» деген жауап келген еді. Содан бір нәтиже шығып қалар деп елеңдеп жүргенбіз. Таяуда сарыла күткен сол жауап та келді. Бірақ ол жауаптан ештеңе түсінбедік. Енді қайда барып, кімнен көмек сұрарымызды білмей, басымыз қатып отыр», – дейді Иса Дадабаев.

Ал И.Дадабаевтың хатына Ауыл шаруашылығы министрлігінен келген түсініксіз деген жауап мынадай мәтінде екен: «Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлер қауымдастық нысанындағы бірлестігіне. Ауыл шаруашылығы министрлігі Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Үшбұлақ ауылының тұрғыны Иса Дадабаевтың кооператив мәселелеріне қатысты өтінішін қарастырып, қосымшаға сәйкес жауап жолдайды.

Өтінішіңізді қарау нәтижелерімен келіспеген жағдайда сіз оған 2020-жылғы  29-маусымдағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің 91-бабына сәйкес шағымдануға құқыңыз бар», – дей келе Министрліктің стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің түсіндірме қосымшасында «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңның ережелері тізіліпті. Ауыл шаруашылығымен айналысатындарды, тауар өндірушілерді қолдау, қажеттімен қамтамасыз ету, жеңілдетілген несие беру, салық жеңілдігін жасау мәселелері жөнінде айтылған. «Мемлекеттік қолдаудың барлық түрі қолжетімді» делінген. Сүтті мал шаруашылығын дамытуға қатысты арнайы бұйрықтың бар екені, егер шаруашылық онда көрсетілген талаптарға сай болған жағдайда түрлі жеңілдіктер иелене алатыны да атап көрсетіліпті. Малды асылдандыруға, асыл тұқымды бұқаның күтіміне де субсидия тиесілі екені, шаруашылыққа қажетті техника мен құрал-жабдықтар иелену үшін де жеңілдіктер қарастырылғаны жөнінде айтылыпты. «Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірістік кооператив нысандарына «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның «Агробизнес», «Іскер» бағдарламалары негізінде жеңілдетілген несие беру жүзеге асырылады», – деп нақтыланыпты. Несие алу үшін аталған ұйымдардың облыстық филиалдарына жүгінуге болатыны көрсетілген.

Жалпы, ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы 2021-2025-жылдарға арналған Ұлттық жоба аясында алдағы жылдан бастап шаруаларды микрокредиттермен қамту жағы да жоспарланған екен. Қысқасы, қазығұрттық фермер Иса Дадабаевтың республикалық фермерлер одағына жазған өтінішін ондағылар Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдап, министрліктен өтініш иесіне осындай мәтінде жауап келіпті. Яғни ауыл аруашылығымен айналысатындарға түрлі несие, субсидиялар тиесілі екені тізіліп айтылған. Түсінікті тілмен айтқанда, шығарып салма жауап деуге болады. Бірақ одан ауылда отырған шаруаға қандай пайда? Ол жоғарыға нақты көмек көрсетуін сұрап хат жазған жоқ па еді? Сондықтан да И.Дадабаев бұл жауапқа өзінің көңілі толмай отырғанын айтады.

«Жылдар бойы ауданға, облысқа барып жүріп нақты көмек көргеніміз жоқ. Сонау 1990 жылдары, облысты С.Терещенко басқарып тұрғанда ол кісінің қабылдауында болғаным бар еді. Облыс басшысы ерінбей ауылға келіп, шаруашылығымды көрді, аудан басшыларына айтып, трактор алуға, сиыр алуға несие бергізді. Соның арқасында шаруашылығымызды жолға қойғанбыз. Ал қазіргілерден қайран болмай тұр. Жоғарыдан үміт күтіп едік, ол жақтың жауабы да қуанта қоймады. Аудандағылар нақты іспен айналысып жүргенімізді көріп отыр, көмек берсе болады ғой. Ауылда отырған біз көп нәрсені біле бермейміз. Олар біледі. Жәрдемдесемін десе, тиісті заң бар, ереже, шешімдер бар, соларға сүйеніп көмектесулеріне болар еді. Жергілікті басшыларға байланысты нәрсе аз емес. Кооператив құрып, нақты шаруамен айналысамын деп отырғандарды демеп жіберсе, одан ұтарымыз аз болмас еді. Бір кооператив құрылып, оның жұмысы жақсы жүрсе, ол өзгелерге үлгі болар еді, өзгелер де бірігіп шаруашылық құруға ұмтылар еді», – дейді И.Дадабаев.

Иса қарияның осыны айтып жүргеніне бірнеше жыл болыпты. Тиісті басшылардан үнемі сыдыртпа жауап алады екен. Еш нәтиже шықпай тұр. Соған қарағанда нақты іспен айналысқан, тірліктің көзін білетін адаммен бұл тақырыпта ашық әңгімелесуге басшылардың құлқы жоқ сияқты. Неге олай? Шаруаның шырылына неге ешкім құлақ аспай жүр? Дамыған шетелдерде сүтті мал шаруашылығымен айналысатындар өз өнімін экспортқа шығаруға да қауқарлы екен. Оларға мемлекет тиісті көмек көрсетіп тұрады. Себебі олар өз елін сүтпен қамтамасыз етіп қана қоймай, шет мемлекеттерге де шығарып, қыруар пайда келтіріп отыр.

Қазығұрт ауданының басшылығы, облысты басқарып отырған азаматтар да шаруаны жылдар бойы толғандырып жүрген осы сұрақтар төңірегінде нақты жауаптар берсе болар еді. Ол үшін қарт фермердің өзімен, ол кісімен пікірлес ауыл тұрғындарымен әңгімелесіп, мәселені терең талқылап көрген артықтық етпес. Мемлекет саясатын жергілікті аумақтарда іске асыруға міндетті жандарға мұның пайдасы болмаса, зияны тимейтін шығар. Елді азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған ауыл шаруашылығының өркендеуі баршамыз үшін де тиімді емес пе?

Д. Нұрпейіс.

 

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған