Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Кино түсіремін деп… – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Кино түсіремін деп…

Кешірім сұрайтын продюсерлер көбейіп барады

«Қазақстан» ұлттық арнасынан жақында көрсетілген «Жараланған жүректер» атты телесериалға қатысты шу шықты. Даудың басы эпизодта берілетін портреттегі суретке қатысты болып отыр. Кинода кейіпкер әйел үстөл үстіндегі марқұм күйеуінің суретіне қарап отырып мұң шағады. «Мені жалғыз тастап кеткенің қалай…» деп қайтыс болған жарының суретіне бұл дүниедегі өзі тартып жүрген қиындықтарды тізбектеп айтады. Дауға негіз болып отырған мәселе дәл осы кадрда. Әйел жоқтап отырған портреттік суреттегі адам – өмірде тірі! Тірі болғанда да белгілі қаламгер, жазушы – Қанат Тасибеков. Кинодағы эпизодқа дәл осы кісінің суретін алып қойған.

Мұны жазушыға киноны көрген таныстары хабарласып, «сіздің суретіңізді кинодан көрдік. Фильмнің желісі бойынша сіз өлген адамның рөлін сомдап отырсыз» деген. Қанат Тасибеков құлаққа түрпідей тиген бұл хабарды ести сала киноның үзіндісін көріп шығады. Шынында да сюжеттегі «өлген күйеудің» суреттегі жансыз бейнесі – тап өзі екен. Өзінің суретін қойып, «өлдіге санап» жоқтау айтып отырған «әйелі» туралы үзіндіні қиып алып, әлеуметтік желіге жариялайды. «Біртүрлі сезініп қалады екенсің, ә? Ал осыны көргенде әйел-балаларым қалай ренжігенін айтпай ақ қояйын. Ырымы жаман нәрсе ғой….» дейді Қ.Тасибеков өз жазбасында. Әрі қарай жазушы телеарна басшылығына хат жазып, бұл олқылықтың қалай кеткенін анықтап, жауап берулерін талап етеді. «…бұларың масқара ғой, менен кешірім сұрауды, анау бейнені жоюды, маған моральный ущерб төлеуді талап етемін және жоғарыда қойылған талаптар бойынша екі жақ мәмілеге келуі үшін кездесуге дайынмын» деген. Мәселеден хабарар болған «Қазақстан» ұлттық арнасының басшылығы жіберілген кемшіліктің себебі анықталып, кінәлілерге шара қолданылатынын ресми түрде жариялады.

Кино түсірушілер тарапынан осындай өрескел қателіктер арагідік орын алып тұратыны жасырын емес. Орайы келгенде айта кетейік, 2015 жылы наурыз айында «Первый канал Евразия»  (Channel One Eurasia) ‪көрерменге «Одинокие сердца» деген телесериал ұсынады. Сол сериалда Ресейде аула сыпырып күнелтіп жүрген тәжік жігіт көңілі жарасқан орыс қызына «мынау менің отбасым» деп Қазақстан Республикасының сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз отбасы мүшелерімен түскен суретін көрсетеді. Кинодағы бұл кадр көрерменге анық көрінеді. Суреттегі «отбасының» тек ортадағы тұлғаның бейнесін тәжік шалының бейнесімен алмастырғаны, тағы бір мүшесінің бейнесін өзгерткені болмаса көпшілікке танымал, интернет желісінде жарияланымда бар сурет анық көрініп тұр.  Кейін зерттеп, анықтағанымыздай бұл фильм 2013 жылы түсіріліпті. Режиссері – Сергей Комаров, УПС кинокомпаниясы түсірген. Ирина Пегова, Андрей Чернышов, Юлия Такшина, Владимир Симонов сынды ресейлік танымал әртістер ойнайды. Сценарийін Аркадий Инин жазған. Фильмдегі кейіпкерлерінің географиясына қатысты мәліметті өздері білмегенімен қоймай, көрерменді шатастыруы, білдей бір мемлекет басшысының отбасы суретін өзге елдің азаматтары деп жариялауы әрине саяси қателік. Бұл мәселе де сол уақытта (2015 жылы) әлеуметтік желіде жарияланып, артынша республикалық бірқатар БАҚ оны көшіріп басуы нәтижесінде укариндық продюсерлер кинодағы «ағаттық» үшін Қазақстан халқынан ресми түрде кешірім сұрады.

Жалпы мұндай қателіктерді тізбектесек бірталайына жолығатын сияқтымыз. Мысалы, осыдан біраз бұрын телеарналарда «Гульчатай» деген телесериал көрсетілді. Орта Азиядағы бір ауылдың 17 жасар Гульчетай атты қызы сол ауыл маңындағы шекаралық әскери бөлімдегі Павел атты сарбазға ғашық болып, ақырында Мәскеуден бір-ақ шығады. Осы кинода да «Өзбекстанды көрсетіп жатырмыз, бұл Ташкент қаласы» деп Шымкенттің көшелерін, «Ескі қала» (Старый город) аумағын, Тәуке хан даңғылындағы әйгілі «Қызғалдақ» субұрқағын көрсетеді. Ап-анық көрініп тұрған кадрларды кез-келген шымкенттік, Шымкентте болған азамат таниды. Ол ол ма, осы «Гульчатай» телесериалында Өзбекстанның мемлекеттік филармониясы деп Шымкенттегі Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияны көрсеткен. Кіреберістегі Шәмші ағамыздың ескерткішін, фоедегі Жамбыл Жабаевтың портреттерін көрсетіп, көрерменге «Бұл – Ташкент. Өзбекстанның мемлекеттік филармониясы» деген ақпарат береді. Режиссері Роман Просвирнин, сценариін жазған Елена Соловьёва (III), Ольга Кузнецова-Тарасовалардың не ойлағаны бізге белгісіз. Бірақ, географиялық, саяси білімдеріне шәк келтіруге болады. Ташкент пен Шымкентті ажырата алмауы, оны кинода бір қала, бір мемлекет етіп баяндауы қызық екен…

Әрине, мұндай эпизодтарға ұсақ-түйек деп қарап, кейде мән бермеуге, қала берді «олар Қазақстанды қайдан білсін… көрмеген де болар біздің елді» деп қоя салатынымыз бар. Алайда, оның астарында тырнағын ішке бүккен мысықтілеу мәселелер де болуы әбден мүмкін. Ал, мақаланың жазылуына негіз болған жазушы Қанат Тасибековке қатысты қателік, өзімізден, отандық киногерлердің салғырттығынан кетіп отыр. Әрине, кәнігі әртістің суреті болса көрермен де, сурет авторы да ештеңе демес еді. Актердің ісі киноға түсу. Суретінің де кинодан көрінуі қателік емес. Ал, рұқсатсыз белгілі тұлғаның суретін алып кино кейіпкер етіп жіберу, әрі оны «марқұм» етіп көрсету салдыр-салақтық қана емес, кәсіби біліктіліктің тым төмендігі болса керек-ті.

Кино түсіретіндерге бұл сынымыз құлақтарына «алтын сырға» болса екен…

Ж. ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ.

 Ал осы кезде әлеуметтік желіде Қ.Тасибеков ағамыздың жазбасына төмендегіше пікірлер қалдырылды

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі:

«Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетілген «Жараланған жүректер» фильміндегі Қанат Тасибековке қатысты мәселеге орай жауапты мамандарға тиісті тапсырма берілді, мән-жайды анықтап, жазушыға хабарласады.

Қанеке, айып етпеңіз!

Илхам ИБРАГИМ, «Қазақстан» ұлттық арнасы басқарма төрайымының орынбасары:

– Қанат Тасибеков мырзадан келген хатты көріп, қосымша тіркелген сол эпизодты қарап шықтым. Сериалды 2017 жылы, Корпорацияның тапсырысымен RecMedia компаниясы түсірген. Сериалға Жанна Абишева (Janna Abisheva) продюсерлік еткен. Өкінішке қарай, жіберілген кемшілік шығармашылық топтың да, Корпорация тарапынан қабылдап алған маманның да салғырттығы. Дәл осы сериалды қабылдаған маман анықталып, жауапқа тартылады және Қанат мырзаның өзіне қосымша хабарланады. Кеткен олқылық үшін Қанат Тасибеков мырзадан да, көрермендерімізден де кешірім сұраймыз.

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған