Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Белсіз бен бедеудің отбасын сақтап қалуда – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Белсіз бен бедеудің отбасын сақтап қалуда

 «Ұрық банкінің» рөлі маңызды ма? Ол туралы не білеміз?

Адам ұрығы арнайы банкте сақталатыны туралы ақпаратқа бүгінде ешкім таңқалмайды. Арнайы медициналық орталықтарда ұрықты сақтайтын мұндай банк Шымкентте де бар. Журналистік зерттеуіміздің барысында өз ұрығын өткізетіндерге 10 мың теңгеден жоғары ақы төленетінін білдік. Әрине, ұрықтың сапасына, санына қарай бағасы да жоғарылайды. Ұрық тапсырушы 100 адамның 10-ы ғана донор болады екен. Қалғаны ұрық банкіне өз әйелінің жатырына салып беру үшін ұрық тапсыратындар. Үйленгендеріне 5-6 жыл болса да балалы бола алмай жүргендер амал жоқ осы тәсілді таңдайды.

Ұрық өткізушілерге қойылатын талап өте қатаң. Ол адамның арақ-шарап ішпеуі, дәрілер қабылдамауы, әркіммен жыныстық қатынасқа түспеуі тиіс. Медициналық тексеру кезінде мұның бәрі де сараланады. Ал донордың аты-жөні құпия сақталғанымен, денсаулығы жақсы екендігі туралы мәліметпен қатар арнайы анкетада шыққан тегі, руы, көзі мен шашының түсі, бойы туралы мағлұмат міндетті түрде жазылады. Себебі клиент үшін оның маңызы зор. Клиент дегеніміз – өзге еркектің ұрығын жатырына салдыртып, балалы болатындар. Мұндай қызмет түріне жалғыз басты қыз-келіншектер жүгінеді екен. Мұнысын «Бала үшін «ойнастыққа» барғысы келмейтіндігімен» түсіндіреді. Ал, «жібі түзу» еркектің бәрі бірдей бойдақ емес. Отбасылы. Біреудің отбасын ойрандамай, өзі үшін ғана бала туып алсам деген әйелдер осылайша, денсаулығында кінәрат бар-жоғы белгісіз «көлденең кезіккен көк аттыдан» гөрі «ұрық банкінен» донор тапқанды жөн санайды. Туу жасынан асып бара жатқан, жалғызбасты қыз-келіншектер үшін де керегі осы. Дені сау бала туып алып, әрі қарайғы өмірінде соны алданыш тұту.

Репродуктология медицинасы елімізде даму көрсеткіші кенже сала. Ең алғаш рет репродуктология медицина институтының негізі Алматыда 1988 жылы қаланған. Еркектің белсіздігін ұрық донорының көмегімен (жасанды жолмен) ұрықтандыру арқылы емдеудің басында Клара Түсеева, уролог-андролог Қайрат Құттықов, Салтанат Байқошқарова сынды білікті мамандар тұр. Ер азаматтың шәуетін ұзақ мерзімге белгілі бір температурада сақтайтын ұрық банкі 1989 жылы Алматыдағы адам ұрпағын өрбіту орталығында ашылды. Ал, 1995  жылы осы орталықта еліміздегі ең алғашқы экстракорпоральді ұрықтандырудың (ЭКО) зертханасы құрылды. Ол соңғы 15 жылдан бері репродуктология медицина институты деп аталады.

Сала мамандарының зерттеуі көрсетіп отырғандай, Қазақстанда әрбір бесінші отбасының бала сүю мүмкіндігі жоқ. Әсіресе, ер азаматтардың денсаулығында кезедестін кінәраттар ұрпақ өргізуге кері әсерін тигізуде. «Белсіздікке» ұшыраған жігіттер көбейген. Себеп-салдары көп. «Экологиядан бастап, салауатты өмір салтын ұстанбау, дұрыс тамақтанбау, гаджеттерді жиі пайдалану әдеті біртіндеп белсіздікке, бедеулікке ұрындыруда» деп дәрігерлер қанша дабыл қақса да елеп жатқандар аз.

«Ал, отбасын сақтап қалу, балалы болудың бірден бір жолы жасанды ұрықтандыруға бой ұсыну», – дейді Шымкент қаласындағы репродуктивті медицина орталықтарының бірінің маманы. Аты-жөнін көрсетпеуімізді өтінген ол өз клиенттеріне көбіне «ұрық банкіне» жүгінуге кеңес беретінін де жасырмады. Әрине, медицина дамыған тұста бұл мүмкіндікті неге пайдаланбасқа?! Алайда бұл дінімізде құпталатын әрекет пе? Бұған дін өкілдері не дейді?

«Ұрық банкіне» жүгінетіндердің көбінде туындайтын бұл сұрақтың жауабын біз ҚМДБ ғұламалар кеңесінің пәтуасынан таптық. «Медицинада жасанды ұрықтандырудың бірнеше түрі бар. Оны сырттай және іштей ұрықтандыру деп екіге бөліп қарастырсақ болады. Екеуінің арасындағы айырмашылыққа келсек, іштей ұрықтандыру әйел адамның жатырының ішінде жүзеге асады. Сырттай ұрықтандыру ер адамның ұрығы мен әйел адамның жұмыртқа клеткасы жатырдың сыртында, арнайы түтікшелерде ұрықтандырылу арқылы іске асады. Бірақ екі жағдайда да баланың дамуы, өсуі жатырдың ішінде болады.

Қолдан іштей ұрықтандыру тәсілі:

а. Күйеуінің ұрығын әйелінің жатырына іштей ұрықтандыру арқылы орналастырады. Шариғатта бұл әдіске рұқсат берілген. Еркектің ұрығы өздігінен табиғи түрде әйелінің жатырына жете алмағандықтан осы әдіс қолданылады.

ә. Әйелді күйеуінен тыс өзге бір ер кісінің ұрығымен ұрықтандыру. Көбінесе бұл тәсіл күйеуі белсіз, яғни табиғи жолмен де, жасанды жолмен де ұрықтануға келмеген жағдайда әрі оны емдеу мүмкіндігі болмаған кезде жүзеге асады. Мұндай жағдайға душар болған ерлі-зайыптылар ұрықты сатып алып, бала көтеруге мәжбүр болады. Бұл тәсіл Еуропа елдерінде қатты дамыған. Арнайы ұрық сақтайтын құтыда нобель сыйлығының иегері, т.б. әлемге танымал адамдардың ұрықтарын каталогтарға қойып сатады. Кімге қай саладағы адамдар қажет болса сол каталогтан керегінше таңдап алады. Бұл тәсіл толығымен шариғатқа қайшы.

Үкім:

– жоғарыда көрсетілген «іштей» және сырттай ұрықтандыру» көріністерінде ұрық және жұмыртқа клетка ерлі-зайыптыларға тиесілі болып, әйелдің жатырына енгізілсе шариғатта  рұқсат етіледі.

– бұдан өзге көріністерде тектің араласуы және «зина» ұғымы туатындықтан шариғатта тыйым салынған.

– Алла Тағала адам баласын өзге жаратылыстан ардақты етіп жаратқандықтан, ол өзіне тиесілі ұрықты сатуға да, тегін беруге де құқығы жоқ», – делінген пәтуада.

Айтпақшы, «ұрық банкінде» тек ерлердің ғана емес, әйелердің де ұрығы сақталады екен. Жақында белгілі репродуктолог-гинеколог Перизат Байқошқарова өзінің инстограм парақшасында (perizat_baikoshkarova)

«…аналық ұрық клеткасын өткізуге шақырамыз. Жас аралығы 18-31 болу керек. Өте жақсы сыйақы 200-350 мың. Теңге, ұрықтың сапасы мен санына байланысты. Денсаулықты толық, әрі тегін тексеру клиника есебінен. Барлығы анонимді» деген хабарландыру жариялады. Білгеніміздей, өз ұрығын банкте сақтауға жігіттер ғана емес қыз-келіншектер де құмбыл. Ұзақ мерзімге, тіпті мәңгілікке мұздатып қоюға ұрығын беретін әйелдердің 20-30 пайызы ғана донар дейді мамандар. Қалғаны «өзіме кейін керек болады» деген мақсатпен банкке өткізетіндер. Себебі, бүгінгі қыз-келіншектердің бірқатары тұрмысқа шықса да, тәуір жалақысы бар қызметке ілікпей немесе баспаналы болмай жатып бала көтеруге асықпайды. Тұрмысы түзелгенде туу жасынан асып кетуі де мүмкін ғой. Дәрігерлер қыз-келіншектердің туу жасы 35-тен аспауы керектігін айтса да 40-қа келгенше бала тумай жүретін сылқымдар біііір кездері өзі өткізген банктегі ұрығын салдырып ала қояды екен. Ол ұрықты сақтауға банкке айына 3-5 мың теңге аралығында төлеп тұрса болғаны.

Айтқандай, аналық ұрықты әйелдер 2-3 айда бір рет қана өткізе алады. Ер азаматтар 10 күнде бір өткізуіне мүмкіндігі бар екен. Шексіз уақытқа сақтауға қойылған биоматериалдарға деген сұраныс күн өткен сайын артпаса азаймаған. Бұған ер азаматтар арасында белсіздіктің көбейгені өз алдына, бедеу әйелдің де жиілегені себеп болуда. Елімізде 12 мыңнан астам әйел бедеу деген статистика айтылуда.

Бүгінгі таңда жасанды ұрықтану тәсілімен елімізде 18 мыңға жуық бала дүниеге келіпті. Егер ұрықтандыру тәсілі өте қымбат тұратын медициналық қызмет түрі екенін ескерсек, мұндай қадамға қалтасы қалың азаматтардың баратыны анық. Яғни, жасанды ұрықтандыру тәсілімен туған балалар ештеңеден тарықтырмайтын отбасында өседі.

Орайы келгенде айта кетейік, ЭКО (денеден тыс ұрықтандыру – аналық ұрық пен аталық ұрықтың қосылуын алдымен лабораториялық жағдайда жасап әрі қарай әйелдің жатырына салу әдісі) арқылы өмірге сәби әкелу әдісі елімізде алғаш рет 1996 жылы жүзеге асты. Мамандар мұндай әдіске жүгінетіндердің 95 пайызға жуығы – перзентті болғысы келетін ерлі-зайыптылар дейді. Тек 3-5 пайызы ғана өзі үшін бала туып алуға бел буған жалғызбасты қыз-келіншектер екен. Қалғаны сурогатты ана қызметіне жүгінетіндер. Яғни басқа бір әйелдің жатырын «жалға» алатындар. Оның өзінде бала көтеру мүмкіндігі болмағанымен, аналық ұрығы бар болса оны алып, жолдасының ұрығымен қосып, суррогат ананың жатырына салу мүмкіндігі ұсынылады.

Жалғыз басты әйелдер аталық ұрықтың бір порциясын шамамен 30 мың теңгеге сатып ала алады екен. Ал оны жатырға салу, жатырда дамыту үшін көрсетілетін медициналық қызметтің ақысы бөлек. Аталық ұрығын жалғызбасты әйелге беруге қарсы емес донор ұрық ақысын екі бөліп алады. Өткізген кезде және ұрық әбден сараптаудан, карантиндік шарадан толық өткен кезде. Бұл шамамаен 6 ай уақытты алатын кезең. Әлемдік деңгейдегі мамандар бір донордың ұрығын 20 рет қана қолдану керектігін алға тартады. Одан артық қолдануға болмайды. Осының өзінде өмірге 5-6 бала келеді екен. Қазақстанда әзірге бір донордың ұрығы 10 рет қана қолданылып, одан 2-3 бала туылады білем.

Иә, қоғамда пайда болған сұранысқа орай бүгінгі медицина арнайы «Ұрық банкін» жасақтауға, оны бала сүйгісі келетіндерге донор ретінде ұсынуға мүмкіндік беріп отыр. Осылай туылған ұл-қыздар да аз емес. Ал «арада уақыт өте келе өзге үйде, өзге өңірде өссе де сол ұл мен қыз бір-бірін сүйіп қалса қайтеміз?» деген уәжге дәрігерлер донордың анкетасында көрсетілетін жүзі мен руын негізге ала отырып, бала есейгенде оның руы кім екенін жасырмай айтуды ұсынуда.

Не десек те, бұл талқысы сан тарау тақырып болып тұр. Сіз не дейсіз, оқырман?!

Ж.ШАЛАБАЕВА

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған