Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, облыстағы аудан, қалаларда көгалдандыру жұмыстарын жүргізу, балық шаруашылығын дамыту және қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондарды заңдастыру мен қайта өңдеу салаларында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу, талқылау мақсатында облыс әкімінің орынбасары Е.Кенжеханұлымен жұмысшы топ құрамы бекітілген болатын. Өткен аптада осы мәселені заңдастыру жолдарын түсіндіру мақсатында құрылған облыстық жұмысшы топ мүшелерінің қатысуымен Отырар аудан әкімдігінің мәжіліс залында жиын өтті. Оған аудан аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары, жергілікті полиция қызметі, жеке кәсіпкерлер қатысты.
Жиын барысында Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиев баяндама жасап, 2023 жылы ұсынысқа сәйкес, 626 907 түп көшет босатылатынын айтты. Бұдан бөлек, орман шаруашылығы мекемелерінің 2024 жылға 443,1 мың түп, 2025 жылы 492,6 мың түп көшет босату мүмкіндігі бар. Елді мекендерді көгалдандыру бойынша қосымша жобалар әзірлеп, көшетке ұсыныс берген жағдайда орман шаруашылығы мекемелері тарапынан сұранысты толығымен қанағаттандыруға әзір екендігін жеткізді. Облыс аумағында 104 жергілікті, 8 республикалық маңызы бар су айдындары мен 33 аңшылық алқаптары тіркеліп, оның ішінде 96 су айдыны мен 22 аңшылық алқабы табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген.
«Балық шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. 2023 жылға акваөсіруге 500,0 млн теңге, инвестициялық салымдарға 226,0 млн теңге қаралып, 1 наурыздан бастап беріледі. Сонымен қатар, «Түркістан ӘКК» АҚ арқылы жеңілдетілген несие беру жұмыстары жүргізілуде. Осы бағытта несие алуға 14 кәсіпкерден 5,4 млрд теңгеге болжамды ұсыныстар түскен. Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, саланы дамыту үшін инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде, – деді басқарма басшысы.
Жиын соңында аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов аталған салалар бойынша Отырар ауданында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен таныстырды.
Айдос Жасұлан,
Отырар ауданы.