Баланы сүйіспеншілік пен сабырлыққа тәрбиелеу үшін не істеу керек?
Ата-ананың шаршауы, баланың кейбір жағымсыз қылықтары – әкесінің не анасының балаға айғайлап, жекіруіне, ашулануына әкеліп соғады. Әрине, мұндай ашудан кейін де ата-ана баласын жақсы көруін тоқтатпайды десек те, балалар өздерінің адресіне жағымсыз сөздерді көп естиді. Сонымен қатар, баланы сүйіспеншілік пен сабырлылық атмосферасында тәрбиелеу баланың дамуы мен есеюі үшін өте керек. Бала ата-анасының махаббатын сезінгенде ғана, аяғына толық тұрып, өмірге сенімді түрде қадам басады. Бала тәрбиесіне қажетті және жағымды атмосфера қалыптастыру үшін ата-аналар бірінші кезекте өздерімен жұмыс істеу қажет. Бұл – әрине өте қиын. Бірақ, ол сіз күткендегіден де әлдеқайда жемісті болмақ. Оқып көріңіз. Төмендегі кеңестердің пайдасы тиіп қалар?!
- Өзіңіздің реакцияңызбен балаға жауапкершілік жүктемеңіз. Кейде ата-аналар өз дәрменсіздігінен: «Сені қалай жазаласам екен: шапалақпен шықпыртайын ба әлде бұрышқа тұрғызайын ба?», «Сен менің қатты ұрысқанымды қалайсың ба?» – деген секілді өздерінің іс-әрекеттеріне балаларын жауапты қылып жатады. Бұл түбегейлі дұрыс емес. Себебі, бала ата-анасының өзін қалай тәрбиелеу керектігін шеше алмайды.
- Өзіңіздің іс-әрекетіңізге жауапты болыңыз. Бала сізді ызаландырып, ашуландырмайды. Балаңыз бірдеңе істеп жатқан кезде, сіз өзіңіз ызаланып, ашуланасыз. Өз іс-әрекетіңізге өзіңіз жауапты болу сізге оны (іс-әрекетіңізді) басқаруға мүмкіндік береді. Мойныңызда жауапкершілік жоқ жерде сіз ештеңені өзгерте алмайтындығыңызды ұмытпаңыз.
- Өз іс–әрекетіңізге талдау жасаңыз. Талдау барысында сіз баланың қимыл-әрекетіне өз реакцияңыздың механизмі қалай іске қосылатынын, сіздің ашуыңызды келтірген не нәрсе екенін байқай аласыз.
- Өзіңізді қажытпаңыз. Бала тәрбиелеуде күш-жігерді үнемі толықтырып отыру керек. Сондықтан да өз қажеттілігіңізге уақытты кейінге қалдырмаңыз. Жайлы ұйқы, дұрыс тамақтану, сүйікті іспен айналысу сізге жағымды әсер сыйлап, бала тәрбиесінде сабырлы һәм салқынқанды болуға қосымша күш береді.
- Асығыс шешім қабылдаудан және өміріңізді қатаң жоспарлаудан аулақ болыңыз. Біз көп ретте өзіміздің жоспарларымызды бұзғаны үшін балаларымыздың жайбасарлығына немесе олардың кейбір қылықтарына күйініп, ашуға берілеміз. Егер ешқайда асықпасаңыз, өміріңізде болуы тиіс нәрсеге мүмкіндік берсеңіз, онда проблемаларыңыз да азаятынына кепілдік беремін.
- Өз талаптарыңызды дұрыс тұжырымдай біліңіз. Балаларға үлкендердің талабын қабылдау өте қиынға соғады. Өйткені, ол талаптар «үлкендердің тілінде» айтылған. Көбіне, үлкендер өз талаптарын «тиіспе», «жақындама», «басыңды сұқпа» деген секілді қысқа бұйрықтар арқылы жағымсыз түрде жетіп жатады. Бала тек қана тыйым салу белгілеріне ғана емес, «Итті еркіне жібер де маған кел» деген секілді нақты нұсқауларға мұқтаж.
- Өз проблемаңызды балалар бөлмесінің табалдырығына жақындатпауға дағдыланыңыз. Балалар ата-анасының көңіл-күйін керемет ұғына алады. Егер сіз жұмыстағы проблемаларыңызды, қаржылық қиындықтарыңызды, туыстармен келіспеушіліктеріңізді балаларға білдіріп қоятын болсаңыз, сіздің «төмен» көңіл-күйіңіз балаға да «жұғады». Нәтижесінде, бала да өзін дәл сіздей ұстайды. «Сабырлы ана – сабырлы бала» қағидасын ұмытпағаныңыз жөн.
- Өзіңіздің қолыңыздан келмейтін нәрсені баладан талап етпеңіз. Баламызға ашумен «Қане, тез тыныштал», «Ашуыңды бас», «Жылағаныңды тоқтат» деп айғайға басу ақылға сыймайтынын мойындайықшы. Егер өз сезіміңізді өзіңіз басқара алмасаңыз, балаңызға ренжімеңіз. Балаңыз да сізге қарап, өз сезімін еш уақытта басқара алмай өсетінін естен шығармаңыз.
- Баланы сүйіспеншілікке бөлеп, сабырлы тәрбиелеу арқылы сіз тек балаңызға ғана емес, өзіңізге де қолайлы жағдай туғызасыз. Өзіңізден ақылды, сабырлы, баласын шексіз сүйетін ата-ана тәрбиелеп жатқандығыңызды да сезінесіз.
- Егер сізді балаңыз арандатып, азғырып жатқандай сезілсе, тоқтай қалыңыз да ойланыңыз: Шын мәнінде мына кішкентай адам сізден не қалайды? Көп жағдайларда баланың арандатуы өзіне назар аудару мен жақындықты қажет еткенде туындайды.
- Өз балаңызға айтатын сөздеріңізді бақылауда ұстаңыз. Балаға сынды дұрыс айта біліңіз. Баланың өзін емес, оның іс-әрекетін сынаңыз. Мысалы, «Сен менің ашуымды келтірдің» дегеннен көрі «Мен сенің … қылығыңа төзе алмаймын» деп нақты қимыл-әрекетін тілге тиек етіңіз.
- Жаңа білім мен дағдыларға дайын болыңыз. Тек қана балалар ата-аналарынан емес, ата-ананың да балаларынан көп нәрсе үйренетінін жоққа шығармаңыз.
- Ата-ана үшін ең дұрысы – «өктем қамқорлық» ұстанымы. Мұндай ұстаным көп күш-жігерді, өз-өзіне сенімділікті, кемелдікті талап етеді. Бірақ дәл осы ұстаным балаңызды айғай-шусыз тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Балаңыз сізді қорыққаннан емес, үлкендер арасында сізге, сіздің қарым-қабілетіңізге сенгендіктен тыңдайтын болады.
- Тәжірибелі ата-аналардан, мамандардан, кітаптардан кеңес алуға қысылмаңыз. Кейде оқу немесе сөйлесу кезінде сіз өзіңіздің қателіктеріңізді көріп, тұжырым жасай аламыз.
- Өзіңізден шектен тыс нәтиже күтпеңіз. Өз-өзіңізбене жұмыс және жаңа дағдыларды қалыптастыру уақытты талап етеді. Өз мақсатыңызға қарай әр қадамыңызды аңдап басыңыз және кішкентай жетістігіңізге өзіңізді мақтауды ұмытпаңыз. Егер сіз балаңызға кешегіден көрі азырақ ашуланып, ұрыссаңыз, мұның өзі – жақсы жетістік.
- Балаңызға өзіңіздің сүйіспеншілігіңізді білдіру үшін себеп іздемеңіз. Балаңызды үнемі құшақтап, бетінен сүйіп еркелетіңіз.
- Балаңызға және оның ізгі ниеттеріне сеніңіз. Балалар үнемі ата-анасы үшін өздерін тек жақсы жағынан көрсеткісі, қуантқысы келеді. Тек олар ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алмайды. Үйрету сіздің басты міндетіңіз.
- Өз іс-әрекетіңізбен балаға тәрбие беріңіз. Тәрбиелеу – тыйым салу мен жазалау емес, бірінші кезекте сенімді және жақын қарым-қатынас. Егер баламен ара-қатынасыңыз жақсы болса, онда оны сабырлық пен сүйіспеншілікте тәрбиелеу өте оңай. Өйткені, ол сізге ұқсауға ұмтылады. Айтқаныңызды тыңдайды.
- Балаға деген махаббатты баланы бетімен жіберу деп түсінбеңіз. Бала өзіне нені істеуге болатынын, нені істеуге болмайтынның шегін білуі тиіс. Бұл баланың өзінің өмірлік принциптерін қалыптастыруына көп көмегін тигізеді.
- Балаға бір нәрсеге тыйым салу немесе шектеу қояр кезде өз қамқорлығыңызды білдіруді ұмытпаңыз. Егер қандай да бір ереже болса, ол міндетті түрде сақталуы тиіс. Балаға бір нәрсеге тыйым салар кезде не үшін екендігін үнемі түсіндіріп отырыңыз: «Сенің ауырғаныңды қаламаймын», «Сенің көзіңнің дұрыс көргенін қалаймын».
- Балаға өзінің кез келген сезімін білдіруге және кез келген көңіл күйде болуына рұқсат беріңіз. Баланың мұңаюына, еркелеуіне, жылауына мүмкіндік беріңіз. Баланың кез келген қылығын қабылдау – өзгеге сізді үлгі-өнегелі етіп көрсету үшін емес, сіздің балаңызға деген шынайы махаббатыңыз бен сүйіспеншілігіңізді білдіру үшін қажет.
- Балаңызды «жұрттың балаларымен» салыстыруды доғарыңыз. Бала өзінің жетістіктері мен табыстары үшін емес, өзінің бұл әлемде бар болғаны үшін сіздің махаббатыңыз бен сүйіспеншілігіңізді білдіру үшін қажет.
- Үнемі балаңыз жағында болыңыз. Әсіресе, үшінші біреу балаңызды сынап жатқан кезде. Егер өзін сынап жатқан «үшінші біреуге» ата-анасы қосылып, жабылып «ақыл айтып», сынаса бұл бала психологиясына ауыр соққы болмақ. Бұл балаға «сатқындық» болып көрінеді. Осыдан барып ата-анасына деген сеніміне селкеу, қарым-қатынасына сызат түседі.
- Баланы мақтаудан қорықпаңыз. Көп уақыт бойы біздің мәдениетімізге баланы мақтау ұят болып саналды. Баланы мақтау – шектен тыс еркелікке алып келеді деген түсінік қалыптасты. Бірақ, шындығында баланы мақтау – баланың жақсыға ұмтылуына, ата-анасын қуантсам деген ізгі ниетін ұштауға таптырмайтын әдіс. Керісінше жағдайда баланың жақсы болуға ұмтылысынан не пайда, егер оның кішкентай жеңісін бәрі елеусіз қалдырса?! Демек, ата-анаға баласын дұрыс мақтай алуды үйрену керек. Жай ғана «жарайсың» деп қоя салу жеткіліксіз, әрине. Өзіңізге балаңыздың қай қасиеті ерекше ұнағанын балаңызға егжей-тегжейлі түсіндіруге тырысыңыз. Баланы қалай дұрыс мақтау керектігін психолог кеңестерінен оқып біліңіз.
- Өзіңіздің «мінсіз» адам емес екендігіңізге кешіріммен қараңыз және әрбір адамның қателесуіне болатынын естен шығармаңыз. Ата-ана болуға еш жерде үйретпейді. Демек, сіз кейбір жерде қателессеңіз де оны түзеуге болады. Қателіктерден сабақ алу арқылы сіз өзіңізге және балаңызға өмір сүруді үйретесіз.
Дереккөз: www.razvitie–krohi.ru
Аударған Ержан Тәліп