Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Басты жаңалықтар » Депутаттыққа әркімнің бар таласы…

Депутаттыққа әркімнің бар таласы…

Таңдау руға емес, жалпыға жаны ашитын азаматқа жасалу керек

Президент Жарлығымен Мәжіліс пен мәслихат таратылып, 19 наурыз күні кезектен тыс сайлауы өтетін болды. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл жолғы сайлаудың басты өзгешелігі – Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары аралас жүйе бойынша, ал аудандық мәслихат депутаттары толық можаритарлық жүйемен сайланады.

Шыны керек, биылғы саяси додаға араласқысы келетін үміткерлер өте көп болатынын әлеуметтік желідегі жазбалар байқатып үлгерді. Жер-жерден өзін болашақ халық қалаулысы ретінде көргісі келетіндер «Депутаттыққа әркімнің бар таласы…» деп білек сыбанып отыр. Сол себепті болса керек, бізге де телефон шалып, биылғы сайлаудың ерекшеліктерін, жалпы алдағы жай-жапсарын сұраушылар көбейді. Оқырмандар сұранысына орай біз Шымкент қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаевтан сайлауға қатысты сауалдарға жауап беруді сұрадық.

«Әрине, сайлауға қатысты барлық сауалдарға жауап беру көп уақытты алады. Сол себепті тек негізгілеріне тоқталып өтейін. Бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформаларды пайдаланушылар 2023 жылғы 14 ақпаннан кешіктірмей кандидаттардың үгіт материалдарын жариялау үшін эфир мен баспа алаңын беру мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді жариялауға, сондай-ақ ұсынуға тиіс. Саяси партиялар партиялық тізімге енгізіліп, ұсынылған әрбір адам үшін ҚР-ның заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының он бес еселенген мөлшерінде, яғни 1050000 теңге көлемінде Орталық сайлау комиссиясының шотына жарна енгізеді. Ал, мәслихат депутаттығына кандидат тіркелгенге дейін және оның Конституция мен «ҚР сайлау туралы» заң талаптарына сәйкестігін тексергенге дейін депозит ретінде жергілікті атқарушы органдардың шотына 5 ЕТЖ көлемінде, яғни 350000 теңге сайлау жарнасын енгізеді. Осы жерде назар салатын бір мәселе,төленген жарна үміткерге немесе саяси партияларғаүш жағдайда қайтарылады: депутат болып сайланғанда, сайлаушылардың кем дегенде 5 пайыз дауысын жинағанда және қайтыс болған жағдайда.

Қаржыландыру мәселесіне тоқталар болсам, сайлау қорлары қаражатынан Парламент және мәслихат депутаттарын сайлауда үміткерлердің сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыруға және өткізуге арналған шығыстар қаржыландырылады.Осы жерде айта кететін тағы бір мәселе, бір мандатты округтер бойынша сайланатын аудандар мен қала мәслихаттарының депутаттығына кандидаттың сайлау қоры 150 ең төменгі жалақыдан, яғни 10,5 миллион теңгеден аспауы тиіс. Оның 3,5 миллионы үміткердің жеке қаражаты, 7 миллионы ерікті қайырымдылықтардан тұрады. Бір жеке тұлғадан түскен қаражат 350 мың, бір заңды тұлғадан түскен қаражат 1 млн 50 мың теңгеден аспауы керек.Үміткер бұл қаржыны кез келген тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеуге, сайлау алдындағы жария іс-шараларды ұйымдастыру және өткізуге, баспа және өзге де үгіт материалдарын шығарып, таратуға және басқа да заңда көрсетілген шығындарға пайдалана алады.

Үміткерлерден құжат қабылдау 7 ақпанға дейін жүргізіліп, 19 ақпанға дейін зерделенеді. Бұл аралықта үміткердің соттылығының бар-жоғы, Қазақстан Республикасының азаматтығы және салық деклорациясы тексеріледі. Құжаттары заң талаптарына сай болған үміткерлер 18 наурызға дейін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Сайлауға бір күн қалғанда барлық үгіт-насихат жұмыстары тоқтатылады», – дейді төраға.

Иә, сонымен елімізде Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлауға дайындық басталды. Үміткерлердің бірі қажетті құжаттарын реттеуге қызу кіріссе, енді бірі құжат тапсыруды бастап та жіберді. Арасында әлі нақты таңдау жасай алмай жүргендер де жоқ емес. Әйтеуір саяси алаңда әрі-сәрі күй. Ең бастысы, сайлаушылар өзінің руласына, жерлесіне бүйрегін бұрмай, билік те бұрынғыдай бұра тартпай, дауыс ұрламай, әділ сайлау өткізіп, нағыз халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, мемлекеттің тұтастығына, ұлттың болашағына қызмет ететін қалаулылар сайланса деген үміт-арманымыз орындалса екен дейміз.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика