Осы күні қолымызда нақты ақшаның жүруі сиреді. Оған бойымыз да үйренді. Банктердің арнайы қосымшасы арқылы төлем жасау ісі кең етек жайды. Азық-түлікті де, киім-кешекті де сол қосымша арқылы аударым жасауға ыңғайланып алдық. Алайда, соңғы күндері күнделікті азық-түлік сататын дүкендерде аударымдар жасау мүмкін емес. Бұған дейін «перевод» жасатып келген дүкен иелері затты нақты ақшаға сатуда. «Наличка» беріңіз дейтіндер көбейді. Бәрі де салықтан жалтарудың амалы. Заңды төлем қабылдау аппараты жоқ дүкендер тұтынушылардан «нақты ақша» талап етіп, әуреге салу арқылы «наличканың» жырын бастап кетті.
Естеріңізде болса, биыл салықшылар азаматтардың мобильді аударымдарын жіті бақылауға алуды бастады. Былтыр наурызда салық заңнамасына енгізілген өзгерістерді негізге алған салық органдары енді 3 ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп адамнан ақша аударымдарын қабылдаған адамды тәуекел аймағында ұстайды. Бір айда 100 немесе одан да көп адамнан ақша түсті бітті, ол туралы мәліметтер Мемлекеттік кірістер органдарының назарында болады. Себебі, о бастан Ұлттық банктің бекітілген қаулысы бойынша мобильді аударымдар жасауға негізделген есеп-шоттар жеке пайдалануға арналған. Ол кәсіпкерлік мақсатта қолдануға болмайды. Яғни, енді әрбір аударылған қаржының себебін салықшыларға түсіндіруге тура келеді. Сол үшін кәсіпкерлік нысандары арнайы төлем аппараттарын қоюға, салықтан жалтармауға міндетті. Ал, салық түсімі тұрғындардың әлеуметтік қажеттіліктерін өтеуге жұмсалады. Ол – мектеп, балабақша, аурухана, жол құрылысына жұмсалатыны белгілі.
Бұл талап әсіресе, той-томалақта өнер көрсетуші асаба, әнші-бишілерге де оңай тимейін деп тұр. Бұдан былай олардың да «қолма-қол нақты ақшаға» жұмыс істеуіне тура келеді. Такси қызметіндегілер де солай. Десек те, телефондағы банк қосымшасы арқылы жүргізілген аударымдарды бақылау кезең-кезеңімен жүзеге асады. Салықшылар бұл 2025 жылға дейін созылатынын айтады. Биыл басталған І кезеңінде салықшылар – мемлекеттік қызметкерлер, оларға теңестірілген мамандар мен олардың жұбайлары бойынша ақпарат жинайды. Ал, келесі жылы – ІІ кезеңде бюджеттік мекемелердің және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайларының аударымдары назарға алынады. Сонымен бірге, 2024 жылы қаңтардың 1-інен бастап заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және жеке кәсіпкерлер, олардың жұбайлары бойынша ақпарат бақылауға алынады.
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаеваның айтуынша, 2025 жылы жалпы халықтық талап күшіне еніп, қоғамның қалған барлық санаты бойынша ақпарат салық органдарына беріледі. Биыл екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар 1-кезеңнің тұлғалары бойынша мәліметтерді ұсыну жоспарлануда.