Бейқамдықтың соңы – өкініш

  Биылғы қыс біраз қиқар мінез танытты. Қыс қамын ерте ойлап, дайындалғандар қиналмады. Ал енді арқаны кеңге салып, немқұрайдылық танытқандардың арасында өкініп отырғандар жоқ емес. Бұл кәсіпкерлік саласына да қатысты.

Жуырда әлеуметтік желіде көмірдің жоқтығынан суық ұрды деп үсіген қызанақ пен қиярды далаға тастап жатқан бейнекөрініс тарады. Осыған байланысты көпшілік арасынан жәрдем етейік деген жанашырлар мен шығынға батқаны үшін өтемақы сұрап жатқан шаруалар табылуда. Әрине, есіл еңбектің далаға кеткені кімге болса да оңай емес, обал. Дегенмен, мен бұл айтылғандарға қарсымын. Ешқандай көмек берудің қажеті жоқ. Себебі олардың бәрі кәсіпкерлер. Үкіметтен жеңілдетілген несие, субсидия алады. Сондай қолдауға қарамастан, өнімдерін өте қымбатқа сатады. Былайша айтқанда, халықтың жағдайымен санасып отырған жоқ. Тек пайданы көздейді. Ал, шығын келсе халықтың маңдай терімен жиналған қазынадан өтемақы сұрайды. Бұл ешқандай да логикаға сыймайды.

Кәсіпкер жылыжайын жылыта алмаса, демек қыстың қамын ойламағаны. Керек көмірді ерте бастан түсіріп қоймаған. Дайындық жасамаған соң осылай болады. Кәсіпкерсің ба, алдағы күндерге жан-жақты болжам жасап, тыңғылықты дайындық жасау керек. Қыстың аты – қыс. Бейқамдықтың соңы – өкініш екенін ұмытпауымыз керек.

Қанатәлі Бегалиев,

Шардара ауданы, Қызылқұм ауылы.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған