Өткен жылдың соңында Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасына бұрынғы Білім басқармасы деген үйреншікті атау қайтарылды. Сондай-ақ, қоғамдық денсаулық басқармасы да бұрынғысынша Денсаулық сақтау басқармасы болып өзгерді.
Атауы өзгерген саладан әдетте сапаның да өзгергенін күтеміз. Алайда, аты ауысқанымен, заты сол күйі қалып жатқанын көз көріп жүр. Бұл халық үшін пайдалы емес, керісінше зиянын тигізіп жатқанын байқауға болады. Біз қандай зиян келуі мүмкін екеніне үңіліп көрдік.
Айталық, басқарманың атауы өзгерді делік. Сол сәттен бастап ол басқармаға қарасты барлық мекемелердің мөрі мен маңдайшадағы төлқұжатын ауыстыру процесі жүреді. Талап сондай. «2023 жылдың ақпан-наурыз айларында Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты барлық мемлекеттік білім ұйымдарының атауы білім басқармасы болып өзгертіледі. Атау өзгерту жұмыстарына қаралатын қаржы толығымен мемлекеттік бюджет есебінен өтеледі. Жұмыс жасап жатқан мекемеде басшылықтан атау өзгерту жұмыстарына қаржы жинау (мөр, мөртабан, төлқұжат және т.б.) фактісі орын алған жағдайда Басқарманың +7(700) 205-93-05 (+7 725 335-93-05) телефон нөмірлеріне хабар беруді сұраймыз», – дейді Түркістан облыстық білім басқармасының ресми өкілі Нұрлан Сұлтанбеков.
Сала мамандарынан сұрастырып білгеніміздей, мәселен, бір мектептің мөрі мен маңдайша төлқұжатын өзгерту үшін шамамен 150-160 мың теңге шамасында шығын шығады екен. Түркістан облысында бір мыңнан аса мектеп пен 1500-ге жуық балабақшалар бер екенін ескерсек, олардың мөрі мен төлқұжатын жаңалау үшін 375 миллион теңге қажет екен. Денсаулық саласында да мекемелер аз емес. Облыс бюджеті үшін бұл ортақ қазынаны ортайтып тастайтын көп қаржы емес шығар, дегенмен, мұның да далаға шашылғанынан көрі бірнеше мұқтаж отбасының баспана мәселесінің шешілуіне жұмсалса әлдеқайда сауап іс болар еді.
Негізінде, Адами әлеуетті дамыту басқармасы деген шұбалаңқы атауды әу баста-ақ көпшілік қош көрмеді. Қарсы болғандар да табылды. Бірақ билік басындағылар көпшіліктің пікірімен санасудың орнына өздерінің шолақ ойларын пилоттық жоба ретінде енгізіп жіберді. Негізінде, пилоттық жобаны бір ауданда немесе халқы аз облыстарда сынақтан өткізу керек емес пе? Шығын аз болуы үшін. Жоқ, Қазақстанда халқы ең тығыз орналасқан Түркістан облысы мен Шымкент қаласы таптырмайтын сынақ алаңына айналған. Малға егілетін дәріні сынақтан өткізер болса да, білім, денсаулық саласында жаңа жүйені електен өткізу керек болса да бірінші кезекте Шымкент пен Түркістан тұрады.
Сауран ауданының құрылғанына бір жылдан аса уақыт болды. Одан алдын бұл ауданға тиесілі елдімекендер мен мемлекеттік мекемелер Кентау, оған дейін Түркістанға қарады. Демек, басқаны айтпағанда Сауран ауданындағы 47 мектеп пен 48 балабақшаның өзі атауын қайта-қайта өзгертуі салдарынан 30-40 миллион теңге «күйіп кетті» есебі. Бұл халыққа пайдалы ма, зиянды ма?
Шыны керек, осы кезге дейін облыста бірнеше басқармалардың атауы өзгергенінің куәсіміз. Бірақ, ол жобалар сала жұмысында аса үлкен өзгеріс енгізгенін көрмедік. Тек шығын әкелуде. Әлде бұл да әлдекімдердің бизнесін жүргізу үшін жасалып жатқан амал ма? Судың да сұрауы бар екенін ескерсек, басқарма атауларын жиі өзгертуге құмар болмағанымыз жөн-ау.
Ұлықбек Үмбет