Өткен жылдың әр қазақтың көкейінде үміт пен сұрақтың қатпарласуымен өткен мезгілдері сырғи жылжып, тарих қойнауына еніп те кетті. Тарихи деп бағалауға әбден лайық, қазіргі тіршілік кешкен азаматтардың жадында естен шықпас орынға сөзсіз ие болатын уақиғалар жетіп артылды. Халқымыздың саяси, қоғамдық белсенділігі де соған сәйкес оның алдындағы жылдардан әлдеқайда екпінді болды десек, қателеспейтін шығармыз.
Осыған байланысты қоғамдық пікір толқынының кернеуі де күткендей жоғары болды. Оның негізгі бағыттарын зерттеу және бағалау-саяси қайраткерлердің, ғалымдардың, шығармашыл мамандардың алдағы тіршілігі. Бұл мақалада мен ең көбірек алдымнан шыққан қоғамдық пікір гаммасының бірнешеуі ғана туралы жеке тұжырымды оқырманмен бөліссем деп едім.
Өткен жылдың 20 қарашасында сәтті өткеніне қарамастан, осы күндерге дейін соңғы Президент сайлауының құқықтық талаптарға сәйкестігіне күмәнданатын немесе күмән туғызуға әрекеттенетін жазбаларды әлеуметтік желілерден кездестіріп жүрміз. Ешқандай фактілерге сүйене қоймайтындықтан немесе бұл ірі саяси іс-шараға дәлелді сынның жоқтығынан көпшілікке әсерлі ықпалы жоқ болса да, мұндай «майда-шүйдеге» көңіл бөлмей-ақ қоюға болады десек, жарасатын да сияқты. Сондықтан да болса керек, аталмыш сайлаудан кейін әлгі шұбатылған теріс пікір иелеріне тиісті ресми құрылымдар тарапынан қарсы жауап естімедік те, көрмедік те. Тіпті, жаңа сайланған мемлекет басшысына тікелей әділетсіз, негізсіз жала жапқанның өзінде жеңімпазды қолдаған қоғамдық, саяси-идеологиялық күштердің де үні шыққанын сезбедік. Қайта қарапайым азаматтардың тарапынан оны қолдаған дауыстар құлаққа жетіп тұрды.
Меніңше, біз халқымыздың және тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы ХХI ғасырдыңең шешуші уақиғасын теп-тез, жеп-жеңіл ойымыздан шығара бастасақ, оның ұтымды, болашағымызды анықтаушы бағдарын үнсіздікпен күңгірттендіріп, кем-кетігін алдағы кездерде сабақ етіп, реттеудің орнына қайта-қайта білгішсымақтарға жауапсыз қайталатып, аңызға айналдырсақ, онда не болды? Алдағы көшімізді даңғыл, тура жолға бағыттаудың үлгісі ме? Әлде, бұрмалап, «ескі, қисық жолға» бұра тартудың әрекеті ме?
Сол себептерден де, өткен трагикодраманы көзге жыл бойы елестеткен «Қаңтарды», «Маусым референдумын» және «20 қараша» таңдауларын тереңінен зерттеп, олардың әлеуметтік-саяси және қоғамдық-идеологиялық маңызымен азаматтарымызды тұрақты түрде қаруландырып тұруымыз керек.
Бұл сайлаудың бұрынғылардан несі артық!? Өзгешелігі бар ма? Мен үшін өзгеше. Көп өзгеше! Әрине, сыртқы түрі сайлауларға дауыс беріп көрген адамдардың ешқайсына таңсық емес. Ал, мазмұны мен күткен нәтижесіне келсек, өзін осы қоғамның мүшесімін, алдағы мерзімде елім үшін де, жеке өзім үшін де жақсылықтардан, даму үдерісінен үмітім бар немесе тіпті, сенімім бар дейтіндер жайбарқат жүрген жоқ еді. Десек те, көбіне әлемжелілерде немесе басқа жолдармен референдумда да, мемлекет басшысын сайлауда да, жалпы алғанда қолдау көрсетпегендердің саны осыған қатыспаған дауыс құқығы бар азаматтарды қосқанда, үштің бірі болды. Бұл аз ба, көп пе? Өткендегі іс-шаралар мен оң нәтиже үшін әрине, жеткілікті. Ал, шешуші сәттердегі ұлттық бірлігіміз, идеологиялық бірлігіміз, конституциялық бірлігіміз үшін ше? Оның үстіне демократия және құқықтық тәртіп бар жерде әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайларды билік үшін күресуші күштердің оңтайлы пайдалануына байланысты қалыптасқан статус-кво лезде-ақ өзгеруіп кетуі мүмкін.
Осындай жағдайда қанша жерден демократия деп атойласа да, даусы жұртшылыққа жағымсыз, сенімсіз «ескі қайраткерлердің» қайсысы «күйген бетін» жасырмай, қалай сайлау додасына түссін! Жаңадан көпшілік көзіне түсе бастағандардың «қолымдағы бозторғай, аспандағы тырнадан» деген шүкірге енді ене бастаған қысқа сәттері. Сондықтан да «Жаңа Қазақстанның» бірден-бір авторымен додалас болуға беломыртқасы мен күш-қуаты шамаластар табылмады. Амал жоқ, түрі сәйкес, мазмұны ешкімге де белгісіз бәсекелестермен қанағаттануға тура келді.
Бұл уақиғалар – қазақтың жаңа тарихындағы ешкімнің қалауы мен санасынан еріксіз ойып өз орын алатын, алдымызда өзінің терең зерттеуін талап ететін, әр алаш азаматы маңызын сана-сезімімен, жүрегімен бағалауға тиісті өзгеріске бағыт алған иірімідер іспетті болды. Біріншіден, «Қаңтар трагедиясы» сияқты қоғамдық шиеленіске міндетті әкелетін немесе әкелуі әбден мүмкін қарама-қарсылықтар гаммасын тудыратын, идеологиялық, әлеуметтік-экономикалық кемістіктерге жол беретін бұрынғы псевдосаясаттар мен өтірікші саясаткерлерден алдағы уақытта мейлінше сақтануымыз керек. Болашақтағы референдумдар мен сайлаулар, қай үміткерді қолдасаң да, өту үдерісі құқықтық және әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан электораттың көңілін қанағаттандыратындай болуы керек.
Екіншіден, өткен жылғы тарихи деп ат қойып, айдар тағып отырған «20-шы қараша» сайлауымыз ХХI ғасырдың алғашқы ширегінің соңын таман ғана қазаққа бұйырғанын, қазіргі заманның соңғы отыз жылдығында қолдан әдейі жасалған тығырық екенін көпшілігіміз жақсы білеміз. Ал адамзат дамуының үлгісі бізден бірнеше ғасыр бойы ерте пайда болғанын бәріміз біле бермейміз. Білетіндеріміз ойға алмадық. Әйтпесе, кәрі тарих сабағы орта ғасырлардың соңғы жағында-ақ латифундистердің, помещиктердің және басқа да жер иеленушілердің дамудың тежеуішіне айналып, елді асыраушы жерге деген мұндай меншіктік қатынас кезінде ағылшын, француз корольдерінің басын алып, орыстың соңғы императорының отбасымен атылуына алып келді. Жерімізді онсыз да шіріген байларға беріп қойып, етті Аргентинадан, картофельді Мысырдан тасығанымыз кемістік қана емес, масқара екенін бұл күнде бүткіл халық біледі. Осы себептерден де «Әділетті Қазақстан» идеясының жаршысы бірінші кезекте өз уәдесін ауыл шаруашылығына – агросаясатқа арнады. Біз «Қаңтардың» топалаңымен ғана шектеліп, еш замандарда ресми түрде жеке болып көрмеген атадан қалған жерімізді уақыт талабына сай ел мүддесіне пайдалану үрдістеріне құқықтық негізде өте алсақ, нағыз бірлігі жарасқан ұлттардың бірі болар едік…
Бірінші әлеуметтік-тарихи құндылықтан артта қалған соң, екіншісінен де қалып ету – заңдылық емес пе! Бізге жаңа тарихпен қосыла келген капитализмнің «еркін бәсекелес» кезеңін кезінде сезіну де бұйырмады. Жаңа тарих пен ең жаңа тарих замандарының өліарасында қалыптасқан «монополиялық капитализм» түрін кеңес тұсында ғана Лениннен оқып білдік. Бәлшебектердің көсемі аталмыш кезеңді капитал билігінің ең жоғарғы және соңғысы деп қанағаттана бағалады. Айтқанындай-ақ, «еңбекші халықтар көсемі» өмірден өткеннен соң, тура бес жылдан кейін, монополиялық капитализмнің осы уақытқа дейін болмаған адам айтқысыз әлемдік, жан-жақты дағдарысы басталды. Ол 1933 жылға дейін созылып, миллиондаған жұмыс орындары жабылып, орасан көп еңбеккерлерді кедейлендіріп, экономикалық ғылым мен саясаттың аспанында Дж.Кейнс пен оны қолдаушыларпайда болғаннан кейін дүниені еш тоймай қолдарына есепсіз жинайтындардың да амалсыз уақыты өтті. Үлгілі елдердің үлгілі экономикасында «нарықтық» деген антимонополистік, мемлекет реттейтін, алуан ауқымды саны мол меншік иелері, шенеуніктен емес, заңнан именетін қатынас пайда болды. Бүгінде оның жетілдірілген түрі бүткіл әлемнің алдында. Нәтижесін Батыс та, Оңтүстік, Шығыс та пайдалануда. Қалғандары оны мойындайды…
Ал, біздің ел ше? Тәуелсіздік таңы атқан сәттерде біз де осы әлемдік көшке ілесеміз деп жар салған жоқ па едік? Демек, ақиқат қайда екенін білдік. Бірақ, неге адамзат ғасыр бұрын өтіп, оның біразы терең әлеуметтік текетірес, біразы қанды саяси-экономикалық революциялар арқылы артқа тастаған, монополия мен диктатура арқылы ғана жүзеге асатын, біздің жағдайда бары-жоғы «162 субъекті мен олардың құлдарының» ырыс-несібесі үшін арналған экономикалық және саяси жүйені таңдадық?!! Ал, енді осыдан кейін «Қаңтар трагедиясы» тарихи заңдылық емес, кездейсоқтық деп бетіңнің терісі бес қабат болса да айтып көр. Осының нәтижесінде өмір қажеттілігі туған «Маусым референдумы», «Қараша сайлауы» мен оның туындысы «Қ.Ж.Тоқаевтың легитимділігі» тарихи немесе қоғамдық заңдылық емес деп көр!
Ендігі мақсат – бір басқан отты қайта баспау. Алдағы даму адамзаттың объективті даму заңдылықтарына, әлеуметтік және экономикалық дамудың талаптарына айнымай сәйкестенуімізге байланысты. Өткен – өтті. Болған – болды. Енді қайтып келмейді. Қайтадан келтірмеуіміз керек. Қай бағыттардың, қандай салалардың болмасын «реваншистері» арамызда жүр. Әлі біраз уақыт бола береді. Олардың үнін мүмкіндігінше жұдырықпен емес, шаруашылықты көзге көрінетіндей дамыту арқылы, халықтың тұрмыс-тіршілігін көрінетіндей көтеру арқылы, ғылым-біліміміз бен мәдениетімізді басқаларға көрінетіндей мойындату арқылы өшіруіміз керек.
Міне, менің пікірімше,7 жылға бір рет қана сайланған мемлекет басшымыздың жақсы-жамандығын осы мақсат-мұраттардың алға, көзге көріне жылжуы немесе болмай-ақ қойсын, көзге көріне орындалмағаны арқылы бағалайық! Әлеуметтік желілер мен Абай атамыз айтқандай «өсек, өтірік, мақтаншақтық» арқылы не шынайы факті жоқ, не оны талдау, тұжырымдау, қортындылау жоқ, ондай аналитикаға қабілеті атымен жоқ адамдардың, осы тарихи кезеңдегі сөзсіз лидерімізді ауыздарына келгенін шашып жамандайтын «білгіштердің» біртіндеп ақиқатқа көздері жетер деп ойлаймын.
Қазақстан қоғамы өз басшысына деген сенімін толығымен Қасым-Жомарт Кемелұлының төңірегіне топтасу жолымен басқа да көптеген үлкен-үлкен жетістіктерге қол жеткізуі керек. Оны бәріміз де түсінеміз. Тек бір мақалада оның бәрін ашып көрсету мүмкін еместігі көзі қарақтының бәріне белгілі. Осы жазба жолдарындағы менің басты мақсатым оқырмандарды өткен тарих қойнауына кеткен жылдың ұлтымыздың, мемлекетіміздің өмірінде өте күрделі ғана емес, болашағы үшін шешуші, мән-мағынасы үшін тарихи болғанына азаматтардың, болашағымыз – жастардың зейінін бұру. Қандай бір қоғам, ұлт болса да, егер табиғаттың, қоғам өмірінің заңдылықтарымен дамымаса, онда түбі жойылып кететінін барша адамзат жадында сақтағаны жөн.
Сапарбек САХОВ,
Оңтүстік Қазақстан медициналық Академиясының
«Тарих және әлеуметтік-қоғамдық пәндер»
кафедрасының доценті, тарих ғылымдарыныңкандидаты.