Мемлекет бсшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы сайлаудың әділ өтетінін айтып, нақты тапсырмалар берді. Халық Президенттің сөзіне сеніп, келешекке үміт артып отыр. Алайда…
Жуырда маған учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі болуға ұсыныс түсті. Ұсынысты қабыл алып, Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасына өтініш түсірдім. Ол кісі өтінішімді қабылдап алып қалды. Бірақ маған белгісіз себептермен мені комиссия құрамына қоспады.
Мейлі, мен комиссия мүшесі болмасам да қоғам белсендісі ретінде жұмысымды жалғастыра беремін. Бірақ, мені не үшін комиссия мүшесі етіп қабылдаудан бас тартты деген сауал бірқатар күдікті ойлардың туындауына себеп болды. Сайлау әділ өтсін десек, бірінші кезекте комиссия мүшелерін құруда әділдік салтанат құруы тиіс. Мүшелікке ары таза, өзіндік пікірі мен ұстанымы бар, Жаңа Қазақстанды құруға шынайы ықыласымен атсалысатын азаматтар қабылдануы тиіс. Осы кезге дейін сайлаудың «тағдырын» көзді ала бере қитұрқылыққа көшетін, бюллетеньдерді мүдделес үміткерлердің пайдасына топтап салатын комиссия мүшелері шешіп келді. Өкінішке қарай, қазіргі комиссияны да сол адамдар құрап отыр. Қосындылардың орнын ауыстырғанымен қосындының мәні өзгермейтіні белгілі. Егер шын мәнінде Президент тапсырмасы орындалсын десек, комиссия мүшелерін толықтай өзгертуіміз керек.
Осыдан бірнеше жыл бұрын жемқорлықсыз жаңа мемлекет құрамын деген Грузия Президенті Саакашвили елдегі полицияны тұтастай таратып жіберіп, орнына жаңа қызметкерлерді қабылдағаны белгілі. Осы аралықта қылмыс өршиді дегендердің аузына құм құйылды. Керісінше, қылмыс сап тыйылып, Президенттің бастамасы өз нәтижесін берген-ді. Міне, сайлау комиссиясына да осындай өзгеріс керек. Комиссия құрамы өзгермейінше әділ сайлау өткіземіз деу бос сөз.
Жемқорлықсыз, демократиялық мемлекет құруды ойласақ, бірінші кезекте сайлау әділ өтуі тиіс. Олай болса, алдағы уақытта еліміздегі бүкіл сайлау комиссиясының мүшелерін жаңартпаса болмайды. Сонда ғана әділдік үстемдік құрады.
Бектай Ибрагимов,
Отырар ауданы.