Ресейдің Украина жеріне басып кірген «арнайы әскери операциясына» тура бір жыл толды. Бүгінде негізгі соғыс қимылдары Донбас өңірінде жүріп жатыр.
Украинадағы ахуал қандай?
Жалпы, солтүстіктегі көршіміздің өзімен бауырлас, славянтектес елмен қалай жауыққанынан жұрт құлағдар. Қысқаша айтқанда, оған Украинаның өз ішкі-сыртқы саясатында дамудың еуропалық бағытын таңдауы және Ресейдің бұл елді өз ықпалынан шығармауға ұмтылуы себеп десек болады. Ресей алдымен, 2014 жылы Қырым түбегін басып алды. Одан кейін өздерін «халықтық республика» деп жариялаған, Украинадан бөлінген Донецк және Луганск облыстарын ресми түрде тәуелсіз мемлекет деп танып, оны да өзіне қосып алды. Ақырында, 2022 жылдың 24-ақпанында Украина жеріне 150 мыңдық әскерімен басып кірді. Бұл әрекетін ол «Украинаны әсіре ұлтшылдардан және жаппай қаруланудан арылту үшін қолға алынған арнайы әскери операция» деп жариялады.
Ресей әскерлері Украинаға Донбасс өңірінен, Қырым түбегінен және Белорус бағытынан басып кірді. Алға қойылған мақсат – Украинаны бір аптаның ішінде басып алып, оның мемлекеттік билігін өзгерту еді. Бірақ Ресей өзінің көздеген мақсатына жете алмады. Украина Қарулы Күштері, аумақтық қорғаныс күштері, жалпы, бүкіл халық болып елді қорғауға жұмылды. Кейін украин әскері жаппай қарсы шабуылға шығып, елдің басып алынған көптеген аумақтарын азат етті. Ресей әскері ақырында Донбас өңіріне дейін шегінді.
Содан бері, яғни өткен жылдың көктемінен бері елдің шығыс аумақтарында толассыз ұрыс қимылдары жүріп жатыр. Ресей әскері Украинаның энергетикалық жүйесін жойып, әскери қуатын әлсірету үшін елдің барлық дерлік аумақтарын алыстан зымыранмен атқылап қиратуда. Украин әскерлері қорғаныс шайқастарын жүргізуде, алдағы уақытта жаппай қарсы шабуылға шығуды жоспарлауда. Мақсат – Донбас өңірі мен Қырымды азат ету, сөйтіп елдің территориялық тұтастығын қалпына келтіру.
Ал соғыс басталғалы бері Украинадан 15 миллионнан астам адам шетелдерге босып кетті, елдің ішінде бір аумақтан екінші өңірге босқандардың өзінің саны 8 миллион адамнан асты. Шетелдерге кеткен босқындар санының 90 пайыздан астамын әйелдер мен балалар құрап отыр.
Бүгінгі күндерге дейін Украинада бірнеше ондаған мың бейбіт тұрғын опат болды. Ресей «Украинаның инфрақұрылымы, энергетикалық нысандары, әскері мен техникасы шоғырланған жерлер дәлдеп атылуда» дегенімен снарядтар мен зымырандардың бейбіт нысандарды, тұрғын үйлерді қиратуы жиі орын алуда. Қиранды астында опат болғандар көп. Мысалы, бір ғана зымыран соққысынан Краматорск қаласындағы темір жол вокзалында 61 адам мерт болды. Осындай атқылау кезінде Николаевта – 36, Кременчугте – 21, Харьковте – 21, Винницада – 23, Часов Ярда – 46, Днепр қаласында 48 адам қаза тапты.
Соғыс барысында екі жақтан да қыруар танктер мен бронды көліктер, әскери кемелер, ұшақтар мен тікұшақтар, дрондар, зеңбіректер мен зымыран қондырғылары, реактивті кешендер жойылды. Ал бұлардың әрқайсысын құрастырып шығару үшін жүздеген мың долларға тең қаржы жұмсалатыны белгілі. Мысалы, ресейлік бір ғана зымыранды жасау үшін 3 миллион доллар ақша шығындалады екен. 1 снарядтың құны бірнеше жүз доллардан 1 мың долларға дейін барады. Осы снарядтар мен зымырандардың өзі Украинаны жүздеген миллион доллар шығынға батырып отыр. Жалпы, Ресей осы уақытқа дейін соғыс мақсаттарына 100 миллиард доллардай қаржы жұмсады деп есептеп отырғандар бар. Ал Украинаның жалпы шығындарының көлемі 1 триллион доллардан асты деп айтылуда.
Бүгінде Украина майданында небір жойқын қарулар қолданылып жатыр. Мысалы, зымырандарын жаудыра ататын ресейлік «Град» реактивті қондырғысының 20 секундта 720 снаряд атуға мүмкіндігі бар. Ол 40 шақырым қашықтыққа дейінгі нысандарды жоюға қауқарлы. Оның снарядтары жарылған жерде 30 гектар аумақтың астын үстіне шығарады. Ресейдің «Солнцепек» деген сұмдық бір қаруы бар. Снарядтарының ұшу қашықтығы 6 – 10 шақырымға дейін жетеді. Ол жердің бетіндегі адам күші мен техниканы ғана емес, окоптағы, траншеядағы, блиндаждағы жасырынған солдаттарды да шыжғырып, күлге айналдырып жібере алады. Бұл отты қару снарядтары жарылғанда 2000 градусқа дейін алапат ыстық температура туындатады. Оның жою күші 40 мың шаршы метр аумақты қамтиды.
«Кинжал» деп аталатын гипердыбыстық-зымырандық кешеннің зымырандары 3 мың шақырымға дейін ұша алады. Ол жер астындағы берік етіп темір-бетоннан құйылған мықты нысандарды да тас-талқан етуге қауқарлы. Мысалы, былтыр Украинаның батысындағы Ивано-Франковск облысында орналасқан үлкен қару-жарақ қоймасы жүздеген шақырым қашықтан атылған «Кинжалдың» осындай шабуылына ұшырады.
Ал Украинаға АҚШ-тың берген танктерге, төмен ұшатын ұшақтар мен тікұшақтарға қарсы қолданылатын «Джавелин» зымырандық кешені Ресей танктері үшін өзінің аса қорқынышты қару екенін көрсетті. Оны жаяу бір-ақ солдат көтеріп жүре алады. Нысананы тізерлей отыра қап немесе жатып көздеп атады. Атқыш пен снаряд жеткізуші екеуі жедел қимылдап, аз уақыттың ішінде бірнеше танкті жойып жіберуге мүмкіндіктері бар.
Сондай-ақ, Украина әскерінің қолындағы америкалық «Хаймарс» зымыран кешені 500 шақырым қашыққа дейінгі нысанды атып жоюға қауқарлы. Ол 25 мың шаршы метр аумақта шоғырланған әскер мен техниканың топалаңын шығарады. Осы «Хаймарстардың» арқасында Ресей күштерінің алыс тылдағы бірнеше артиллерия және зымыран қондырғылары, қоймалары, базалары мен штабтары жойылды. Мәселен, «Хаймарс» атқан бір-екі зымыран Донецк облысының Макеевка қаласындағы кәсіптік-техникалық училище ғимаратына қоныстанған ресейлік 100-ге тарта солдатты жойып жіберді.
Өлгенге де, өлтіргенге де – ақша…
Бүгінде Ресей жағы қарсыластардың осындай ауыр техникасын жойған немесе оны қолға түсірген солдатқа мыңдаған рубль сыйақы тағайындап отыр. Түрлі ақпарат көздерінде оған қатысты мынадай деректер бар:
ұрыс даласында әскери ұшақты атып түсіргендерге 300 мың рубль ақы төленеді (1 рубльді 6 теңгеге теңгеріп есептеп көріңіз). Ал жойылған тікұшақ үшін берілетін сыйақы – 200 мың рубль. Егер бір танкті, бір взвод солдатты қатардан шығарса, онда 100 мың рубль алады. Бір бөлімше солдаттың көзін жойғандарға 50 мың рубль төленеді. (Взводта – 30, бөлімшеде 10 солдат болады). 50 мың рубль сондай-ақ «БМП», «БТР», тягач сияқты әскери көліктерді, өздігінен жүретін артиллериялық қондырғыны немесе ұшқышсыз басқарылатын аппаратты, «С-300», «Бук», «Град», «Хаймарс» сияқты зенитті-зымыранды кешендер мен зымыранды жөпелдете жаудырып ататын реактивті қондырғыны жойғандарға да уәде етілген.
Таяуда АҚШ, Германия және Ұлыбритания Украинаға «Абрамс», «Леопард», «Челленджер» танктерін беретін болып шешкен еді. Осыған орай ресейлік бір компания алғашқы жойылған немесе қолға түсірілген батыстық танк үшін 5 миллион рубль, одан кейінгі қатардан шығарылған әрбір танк үшін 500 мың рубль сыйақы төлейтінін жариялады.
Украинаның алдағы уақытта батыстық «F-15» және «F-16» жойғыш ұшақтарын алуы мүмкін екені айтылып жүргені белгілі. Осыған орай жоғарыда аталған ресейлік компания «Ғ-15», «Ғ-16» ұшақтарын атып түсірген солдатқа 15 миллион рубль сыйақы беруге уәде етті. Ал Ресейдің бір бай бизнесмені «Леопард» танкін «аман-есен» қолға түсірген адамға 3 миллион рубль, сондай-ақ онымен бірге танкті қолға түсіруге қатысқандардың әрқайсысына 500 мың рубльден сыйақы берілетінін жариялады. Ол сондай-ақ «Абрамс» танкін жойған немесе қолға түсірген адамға 1 миллион 500 мың рубль, оған көмектескендердің әрқайсысына 300 мың рубльден берілетінін айтты.
Ресей Украинадағы соғыста қаза болған әр солдаттың отбасына 7 миллион 421 мың рубль төлем және жәрдемақы береді. Отбасының әр мүшесіне ай сайынғы ақшалай өтемақы төленбек. Сондай-ақ, «арнайы операцияға» қатысып, мерт болған «Росгвардия» өкілдерінің, шекара қызметкерлерінің, еріктілер мен мемлекеттік қызметшілердің отбасыларына 5 миллион рубльден бір жолғы жәрдемақы берілетіні жөнінде де нақтыланған. Одан бөлек, өңірлік бюджеттен де ақша төленетіні туралы айтылады. Яғни қандай да бір өлке өз аумағынан соғыста мерт болған адамның отбасына қосымша тиісті ақшалай көмек көрсетеді. Қаржы сол аумақтың бюджеттік ахуалына қарай 1-3 миллион рубль аралығын құрайды.
Соғыста жараланғандарға өтемақы әр аумақтың резервінен төленетіні туралы айтылады. Егер жарақат алушы әскери қызметке жарамсыз болып қалса, оған 2 миллион 968 мың рубль ақы төлейді. Ал мүгедек болып қалса, оған ай сайынғы жәрдемақы тағайындалады.
Соғысқа өз еркімен аттанып, онда қаза болған немесе жарақат алғандарға да төленетін ақша көлемі нақтыланған. Кей деректерге қарағанда, жараланған жағдайда оларға 3 миллион рубль, ал қаза тапса – отбасына 8 миллион рубль төленеді деседі. Қаза тапқан адамға соғысқа аттанған өңірдің бюджетінен қосымша 5 миллион рубль төленеді. Ақша орнына пәтер, автокөлік немесе басқадай құнды зат ұсынатындар да бар.
Өткен күзде Ресей арнайы мобилизация жариялап, Украинадағы әскер санын 450 мың адамнан асырды. Кейінгі кезде түрмеде отырғандарды жалдауға кіріскен «Вагнер» жеке әскери компаниясының адамдарын қосқанда оның адам күші жарты миллионнан асты деуге болады. Кей деректерде бүгінгі күндерге дейін осынша адамның 200 мыңнан 250 мыңға дейінгі бөлігі қатардан шығарылды деген сөздер айтылып жүр. Яғни өлгендер мен жараланғандарды, жоғалып кеткендер мен тұтқынға түскендерді қоса есептегенде осынша сан шығады деседі. Украинаның қатардан шыққан солдаттарының саны да осы көлемнен аз болмаса керек.
Қысқасы, Украинадағы соғыста екі жақтан жүздеген мың сарбаз өлім құшып, мүгедек болып қалып жатыр. Миллиондаған адам босқынға айналды, ет жақынынан айырылып, қайғыдан қан жұтуда. Қираған соғыс техникасы мен қала, елді мекендер көп, жермен-жексен болған ғимараттарда есеп жоқ. Миллиардтаған ақша күлге айналуда. Соғысқа шығындалып жатқан мұндай күш пен қыруар қаржы экономиканы, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғанда екі елдің де гүлдене түсері анық еді. Алайда сонша ақша адамдарды қан қақсатуға, қырып-жоюға жұмсалып жатыр.
Бұл соғыс тезірек аяқталып, адамдар бейбіт өмір сүрсе екен!
О. ТҰРАР.