Бүгінде қолдағы сиыр түлігінің төлдеп жатқан шағы. Яғни сүт молаюда. Әйтсе де сүттің бағасы арзандамай, қайта қымбаттай түсуде. Шымкентте, мәселен, саудадағы сүт пен айранның 1 литрінің құны 400 – 500 теңгеге жуықтады. Зауытта өңделіп шығарылатын сүт пен сүт өнімдерінің бағалары бұдан да қымбаттап барады.
Себебі қазір мал азығының бағасы қымбат. Мысалы, дала шөбінің бір пресінің құны 700-800 теңгенің, жоңышқанікі 1200-1500 теңгенің аралығында болып тұр. 1 келі бидай бағасы 200 теңгенің төңірегінде. Сондықтан қымбат жем-шөпке шығынданған шаруа оның өтемін сүт сатудан тапқысы келеді. Оның үстіне бұл кезде адамдар арасында ағарғанға деген сұраныстың арта түсетіні де мәлім. Себебі ерте көктемде ағзаға дәрумендер мен минералдар, микроэлементтер көбірек керек. Ал бұл заттар сүттің құрамында көп. Осы аталған екі жайт сүтке деген сұраныс пен оның құнының артуына жол ашып отыр десек болады.
Ал елімізде сүттің мол әрі қолжетімді болуы үшін не істеген дұрыс болар еді? Ол үшін Қазақстанда асыл тұқымды сиырларды көбейту керек. Себебі бүгінде елімізде өндірілетін сүттің басым бөлігін жеке немесе ұжымдық шаруашылықтардағы ірі қара мал береді екен. Бірақ олардың барлығы дерлік жергілікті сиырлар, сүттен беретін жылдық өнімі 1 – 3 тонна аралығында ғана. Өнім аз, жұмсалатын шығын көп, сапа төмен. Ал сүт өндіретін компаниялардың малды асылдандырып, оған жақсы жағдай жасауға мүмкіндіктері жоғары. Ондай кәсіпорындағы сиырлардың әрқайсысы жылына 3 – 7 тонна аралығында, кейбірі одан да көбірек сүт бере алады. Демек, жұрттың қолындағы сиырларды да жаппай асылдандыру керек. Сонда бізде сүт мол болмақ.
Мысалы, ірі қара мал басын жаппай асылдандырып алған шет елдерде бір сиыр жылына кемінде 10 – 15 тоннадан сүт береді екен. 20 – 25 тонна, тіпті 30 тоннаға дейін сүт бергендері туралы деректер бар. Мұндай малға ие мемлекеттер өзін-өзі сүтпен толық қамтып, сүт пен одан алынатын көптеген өнімдерді шетелдерге экспортқа шығарып та жатыр. Қазақстанның әзірге кей сүт өнімдерін сондай елдерден алып жүргені рас. Әсіресе жаңа технология тәсілімен өндірілген ірімшік, қойылтылған, құрғақ сүт, йогурт, тағы басқа сүт өнімдері Қырғызстан, Иран, Беларусь, Литва, Франция сияқты елдерден жеткізіледі.
Осы аталған елдердің қай-қайсысының жер көлемін алсақ та Қазақстандікінен әлдеқайда аз. Халық санын алар болсақ, мәселен, Қырғызстанда 7 миллиондай, Литвада 3 миллиондай ғана адам тұрады. Соған қарамастан олар шетке мыңдаған тонна сүт өнімдерін шығаруға қауқарлы болып отыр. Яғни оларда сүт өндірісі жақсы жолға қойылған.
Ал Қазақстан жер көлемі жөнінен әлемде 9-орын алады. Бізде мал асырауға жер жетеді. Егер біздің елде де сиырларды жаппай асылдандырып, көптеп өсірсе, онда сүтпен өзімізді ғана емес, өзгелерді де молынан қамтамасыз ете алар едік. Дамыған елдердегідей сүт өндірумен қатар одан түрлі өнімдерді қоса шығаратын, заманауи техника мен технологияны жетік ендірген фирмалар мен компанияларымыз көбейіп жатса, кәнеки!
Олай болса, мемлекет ел ішіндегі қолынан іс келетін шаруа адамдарын сүт өндіруге ынталандырып, оларға барынша жағдай жасауы керек қой. Малын асылдандыруға жәрдемдесіп, жеңілдетілген несие бөліп, субсидия беріп, қажетті техникамен жабдықтап, арзандатылған мал азығымен қамтамасыз етіп отырса сүт өндіретін шаруа қожалықтары, өндірістік кооперативтер тезірек аяғына тұрып кетер еді.
Бүгінде дамыған шет елдерде тек сүт өндірумен ғана аты шыққан бірнеше ондаған миллионерлер бар екен. Егер мемлекет тарапынан тиісті қамқорлық пен қолдау көріп жатса, қазақтан да сондай «сүтті байлар» шығар еді. Өйткені адамның істегенін адам істей алады емес пе?
О. ТҰРАР.