Елімізде сайлаудың маңызы артып келеді. Бұрын Президент пен Парламент, жергілікті мәслихат депутаттарын сайлаушы едік. Қазір ауыл әкімдерін, алдағы уақытта аудан-қалалардың да басшыларын халық сайлайтын болады. Сол себепті сайлаушылар сайлауға деген бүгінгі көзқарасын өзгертуі керек.
Мұны неге айтып отырмыз? Шыны керек, қазір ел арасында сайлауға деген сенімсіздік басым. Дауыс беруге шақыра қалсаңыз «Қоя берші, бізсіз де билік өздеріне керек адамын сайлап алады», «Дауыс бергенмен ештеңе өзгермейді», «Жұмысым бар еді, мен барғанмен жағдай өзгермейді», «Анау ағайынымыз еді, сол өтеді ғой» деген секілді уәж айтылады. Былайша айтқанда дауыс беруге құлықсыз, елдің болашағына бейқамдықпен қарайтындар көп. Бұл дұрыс емес. Ал әбден сайлау өтіп болған соң өзі дауыс беруге бармаса да «анау өйтіп өтті, мынау бүйтіп өтті» деп мәреге бірінші болып жеткендерді «есекке теріс мінгізіп», енді депутаттардың қарасын да көрмейміз деп түгін қалдырмай жамандап жатамыз. Билік басына нағыз патриоттар, елге, ұлтқа жаны ашитын азаматтар келсін десек, бұл бейқамдықтан арылуымыз қажет. Әрбір сайлаушы белсенділік танытып, өзі таңдаған үміткеріне дауыс беруді азаматтық парызым деп қабылдау керек. Сонда ғана сенің дауысыңды ешкім ұрлап, бұра тартып, белден баса алмайды. Ал егер мың сайлаушысы бар округте небәрі 200 адам келіп дауыс берсе, әрине, қалған 800 бюллетень ел таңдаған емес, бармақ басты, көз қыстымен додаға түскен үміткерге бұйыруы мүмкін. Халық дауыс бермегенін білген депутат бұдан кейін халықтың алдына қайдан келсін?! Сол үшін қазіргідей үгіт-насихат науқаны қызу жүріп жатқан кезде әрбір үміткерді өзің тұратын округте шақырып, бағдарламасымен жіті танысып, уәжін мұқият тыңдап, нақты талаптар қоя білуіміз керек. Көп үміткердің ішінен өзіңнің үмітіңді ақтайды-ау деген кандидатқа дауыс бер. Байланыс телефондарын да алып алуды ұмытпа. Ертең депутат болып сайланса, ортақ мәселені шешуге әрдайым шақырып тұр. «Сыйға сый, сыраға бал» демекші, қажет кезінде сайлаушылары қолдаған депутат бұл жақсылықты ешқашан ұмытпаса керек-ті. Ал, осыдан кейін де уәдесінен тайқып, қара көрсетпейтін болса, тиісті органдарға шағымданып, мандатынан айыруға да болады.
Біздегі тағы бір жаман әдет – рушылдық пен жершілдік. Әкім немесе депутаттыққа үміткер ретінде тіркелген адамды іскерлігіне, қабілеті мен «биографиясынан» бұрын «географиясына» үңіліп, ата тегін зерттеп кетеміз. Осы «категориясына» қарап, «өзіміздің бала» деп сайланған әкім ертең жарытып жұмыс істей алмаса кімге зиян? Әрине, сол ауылдың адамдарына, өз ағайындарына. Ақырында оны да ағайын екен деп қарамай, сыртынан сыбауға әзірміз. Жуырда Жетісай ауданында бір мектептің директорлығына үміткерлер қамқоршылық кеңестің алдында «емтихан» тапсырған. Кездесудің ресми кезеңі аяқталып, бейнекамералар өшіріліп, қайтуға жиналып жатқанда кеңес мүшелерінің ішінен біреуі «бөтен» үміткерге: «Шырақ сенің жұмыс істеп жатқан жерің бар ғой, қоя салсайшы. Бұл жерге өзіміздің бала келгені дұрыс» деп ашық айтыпты. Сонда қамқоршылық кеңестің мүшелеріне ұл-қыздары мен немерелері оқитын мектепке білікті басшы келіп, сапаға жұмыс істеу емес, «өзіміздің бала» келіп, білгенін істегені маңызды болып тұр ма? Мұны не деуге болады: жершілдік па, әлде жаныашымастық па? Сол мектепте өзінің перзенттері оқиды емес пе? Осы мәселеге орай белгілі құқық қорғаушы Жаңабек Әбішов былай дейді: «Қазақстандықтардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін әлі 15-20 жыл аздық ететін секілді. Біздің азаматтар шетелдік көлікті заңдастыру керек, газдың бағасын арзандату керек деп наразылық білдіреді, бірақ әділ өтпеген сайлау жайында жұмған ауыздарын ашпайды. Депутат пен әкім ел алдында есеп бермейінше Үкімет те, Президент те халықпен санаспайды. Мысалы, 2008-2009 жылдары Украинада сайлау барысында заңбұзушылыққа жол берген ондаған комиссия мүшелері қатаң жауапқа тартылды. Одан кейінгі сайлаулардың бұл елде әділ өтіп, билікке жаңа адамның келгеніне бүкіл әлем куә. Ал Қазақстанда бюллетенді бір-бірлеп емес, топ-топтап урнаға тастап жатқан комиссия мүшелерінің әрекеті әлеуметтік желілерде өріп жүр. Бірақ солардың ең болмағанда біреуін жауапқа тарту былай тұрсын, ескертпе берілгенін естімедім. Әрине осыдан кейін олар ойына келгенін істеп, белден баса береді. Бізде де Украинадағыдай заңсыздыққа жол берген бір-екі сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері жауапқа тартылып, сотталса өзгелеріне сабақ болады. Бәлкім осыдан кейін комиссия мүшелері жоғарыдан тапсырма жеткізушіге: «Біреу үшін сотталғымыз келмейді, біздің таза жұмыс істеуімізге мүмкіндік беріңіз, әйтпесе ондай былықпен осында келіп өзіңіз айналысыңыз», – деп ашық айтатын болады. Сайлау туралы заң, қадағалау қатаң болмайынша, бәсеке әділ өтеді дегенге менің күмәнім бар».
«Халық қаласа, хан түйесін сояды» демекші, халық талап етсе, Қазақстанда да әділ сайлау өткізуге болады. Ал депутат пен әкімдікке кілең жоғарыдағылардың «батасымен» түскен үміткерлер сайланса, бізде өзгеріс орын алуы екіталай. Жемқорлық тоқтамайды, сыбайластық та өрши береді. Оның зардабын көретін халық. Байығандар онан сайын байып, кедейлер тақыр кедейге айналады. Әлеуметтік теңсіздік өршіген мемлекетте ешқашан даму, тыныштық болмайды. Міне, немқұрайдылықтың, бейқамдықтың салдары осындай келеңсіздіктерге алып келеді. Бұл қазіргі ғана емес, болашаққа да жасалған қиянат болып есептеледі. Ал болашақ бұл бейқамдығымызды кешірмейді.
Ұлықбек ҮМБЕТ.