Көктем жетіп, Жер-Ананы емген дихан қауымы дала жұмыстарына кірісіп кетті. Осыған байланысты ауылдарда селитраның бағасы шарықтап барады. Әрине, Үкіметтің жеңілдетілген бағада ұсынып жатқан селитрасы бар, субсидия да береді. Бірақ дихандар оны місе тұтпай, артығымен алады. Ондағы мақсат – өнімді көп алу.
Селитраны шамадан артық беру – өнімдегі химикаттар құрамын арттырады, сапа төмендейді. Өздеріңізге белгілі, Түркістан облысында өсірілген қауын, қарбыз көп жағдайда шетелге өтпей жатады. Сапасына байланысты. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейдің өзінде Жетісайдан барған қауынға қатысты түсінбестік жағдайлар орын алды.
Бүгінде қауын-қарбыз егетін шаруа жерінің құнарлығына байланысты гектарына 300-400 келі дәрі береді. Бұл өте зиян. Шаруа өнімін базарға апарғанда оның зиян екенін біледі, бірақ күнкөрісі сол болғандықтан басқа амалы болмайды. Базарға апарғанда тиісті мамандар дәрі берілген деп ондай қауын-қарбызды саттырмауға тырысады. Амалсыздан оларға «бір нәрсе» беру керек. Содан кейін базарды химикатқа «бай» бақша өнімдері басып кетеді. Ал оның адам ағзасына зияны орасан екенін ешкім қаперіне алмайды.
Осы жағдайға байланысты мен Үкімет тарапынан селитраның шаруаға субсидияға берілмеуі қажет деп ойлаймын. Денсаулыққа зиянды нәрсені неге береді? Көмектескісі келсе, 2 пайыздық өсіммен жеңілдетілген несие берсін. Сол қаржыға шаруа егінге көң сепсін. Бұдан, біріншіден, өнім химикатсыз таза балады, адамдар табиғи таза көкөніс пен жеміс-жидек тұтынады. Екіншіден, ауылдар тазаланады. Үшіншіден, қаржы Өзбекстанға кетпейді.
Ал селитра зиянынан бөлек сыбайластық пен жемқорлыққа жол ашады. Оған құжат дайындау бір азап. Мен көрші аудандағы шаруалармен сөйлесіп отырамын. Соның бірі жолын таппаса «қайта-қайта бара береміз, бара береміз» дегенді айтады. Соған қарағанда пара бермегендер бара беретін шығар.
Менің айтарым, Үкімет денсаулыққа зиян селитраны таратуды тоқтатып, оның орнына табиғи таза көңді пайдалану технологиясын қолға алу керек.
Қанатәлі Бегалиев,
Қызылқұм ауылы, Шардара ауданы.