Айнаш Ережепқызы – Мақтаарал ауданы Көкарал ауылында туып өскен. Бүгінгі қайсібір табысы болмасын еңбекпен жеткенін айтады. Ол отандық кілем өнідірісінде көш бастап тұрған «БалТекстиль» фарбикасында еңбек етеді. Кәдімгі «Қазақтың кілемі» брендін қалыптастырған кәсіпорын. Көптеген азаматқа жұмыс орнын ашып берген фабрикада Айнаштың еңбек еткеніне он жылға жуықтап қалды.
– Жетісайдағы педагогика училищесін (қазіргі колледж) 4 жыл оқып тәмамдағаныммен бастауыш сынып мұғалімі мамандығым бойынша жұмыс істемедім. Тұрмыс құрып, балалы болып, үйде отырдым. Шымкентке қоныс аударған соң 2014 жылы кілем тоқитын БалТекстиль фабрикасына жұмысқа тұрдым. Осындай тату ұжымда еңбек етіп жүргеніме еш өкінбеймін, жұмысқа автобуспен тегін тасымалдайды, тегін тамақ береді, жақсы жұмыс істесең курортқа жібереді. Одан артық не керек?! – дейді өзі.
Айнаш көпбалалы отбасыдан шыққан. Тоғыз ағайынды. Бала күнінде апалары мен әпкелерінен кілем тоқуды үйренгенін айтады. «Ол кезде кілемді қолмен тоқушы едік» дейді кешегі күнді еске алып.
– Қазір бәрі де автоматтандырылған. Дизайнерлер кілемнің ою-өрнегін жасайды. Нобайы дайын болған соң кілем тоқу станоктарында неше түрлі қалы кілемдер басылып шығып жатқаны…
Айнаш күйеуі Серғазы Қуатов екеуі бүгінде Салтанат, Аружан, Раушан атты үш қыз, Ерболат есімді бір ұл тәрбиелеп отыр. Үш немересі бар. Үлкен қыздары Салтанат та кезінде осы фабрикада дизайнер болып жұмыс істеген. Тұрмысқа шыққаннан кейін Алматыда тұрады.
Фабрика өніміне деген сұраныс жоғары. Отандық тауарды қолданушылар, қолдаушылар көп-ақ. Сондықтан да өндіріс орнында жұмысшылар екі ауысыммен еңбек етеді.
– Ауысым барысында түскі тамағымыз – тегін. Бірінші ауысымда түсте, екінші ауысымда кешке бір мезгіл ыстық тамақ береді. Тамағымыз анау-мынау мейрамханалардан кем емес. Бірінші, екінші тамақ салатымен, айран-шайымен қосып беріледі. Фабрикада жұмысшыларға барлық жағдай жасалған, – дейді кейіпкеріміз.
Жайлы жағдай, әлеуметтік топтама кепіл етілген ұжымда еңбек ететін әйелдер көп. Мысалы, Айнаш Ережепқызы жұмыс істейтін өңдеу бөлімінде 65 жұмысшы бар. Оның тең жартысы қыз-келіншектер. Бұл бөлім тоқылып, станоктан шыққан жолақты кілем, ковраландардың шетін әліптеп шығады. Дайын өнімді орап, сатылымға дайындайды. Ал, кез-келген мереке бұл ұжымда жоғары көңіл күйде тойланады екен.
– 8-наурыз –Халықаралық әйелдер күнінде өзіміздің бөлімдегі жігіттерден сыйлық аламыз, гүл сыйлайды. Сосын фабрика басшылығы тарапынан тағы да сыйлық табыс етіледі. Бізде мерекелер көңілді өтеді. Арнайы дастархан жайылып, жақсы жұмыс істегендерге марапаттар табыстайды. Ораза айт, Құрбан айт деген бізде өте жоғары тойланатын мереке. Құрбан айтта барлық жұмысшыға тегін ет таратылады. Түрлі марапаттаулардың сертификаттары табыс етіледі. Былтыр жылдың қорытындысында маған «Сарыағаш» шипажайына 10 күнге жолдама берілді. Барып, демалып, ем алып қайттым…
Кейіпкеріміздің айтуынша фабрикадағы барлық жұмысшының жағдайы осындай. Себебі, еңбегіне қарай жыл өткен сайын марапаттауларға ие болып келе жатқандар бұл ұжымда көп. Оларға материалдық, моральдық көмектер жиі көрсетіледі екен. Фабрика жұмысшылары арасында Түркияға қыдырып барып-қайтушылар, түрлі деңгейдегі демалыс үйлеріне, шипажайларға жолдама алғандар да аз емес.
– Бәрі де еңбектің арқасында. Еңбек ете білсең еленесің. Еңбекпен тапқан нан тәтті ғой. Күйеуіміз екеуміз осы еңбектің арқасында екі қызымызды ұзатып, құтты орындарына қондырып отырмыз. Биыл Құдайқаласа ұлымыз Ерболат жоғары оқу орнын бітіреді. Болашақ – бағдарламашы, ІТ саласының маманы. Кіші қызымыз Раушан мектепте оқиды. Оқу озаты. Балетке қатысады.
Айнаш Ережепқызы осылай дейді. Бастысы шынайы. Еңбек адамының мәртебесі жоғары болатыны рас-ау. Әне, «Жұлдыз» ауылына кілем фабрикасының автобусы да келіп жетті. Айнаш осы ауылда тұрады. Үйінен шыға сала жұмысқа алып кетуге келген автобусқа асықты. Ол жалақы алатын жұмысым деп қана емес, бір үйдің адамдарындай тату-тәтті еңбек ететін үлкен ұжымым деп асығып барады. Бақыт деген осы емес пе?!
Ж.ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ.