Қытайға барғандар әр ауылда түрлі өнім шығаратын көптеген шағын цехтар жұмыс істейтінін айтады. Оларда халық санының көптігіне байланысты өнімге сұраныс бар, шетелге шығаруға да жағдай жасалған. Ал, бізде шетел былай тұрсын ішкі нарықты төл өніммен қамтамасыз ете алмай келеміз.
Шардара ауданында қауын, қарбыз көп өсіріледі. Жазда соның бағасы арзандап кетеді. Тіпті, кейде малға беруге мәжбүр боламыз. Мұның бәрі жүйесіз жұмыстан деп ойлаймын. Қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдаланбаймыз. Осыған байланысты мен мынадай ұсыныс айтқым келеді. Ауылдардан шағын цехтар көптеп ашу керек. Мәселен, біздің ауылдан шіріп, малға жем болып жататын қауын мен қарбызды өңдейтін шағын цехтар ашса болады. Онда сұранысқа ие қауынқақ, түрлі тосаптар дайындалатын еді. Оның шопағын да емдік дәрі ретінде пайдалануға болады. Біз сондай мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз. Ол үшін әкімдік жергілікті кәсіпкерлерге көмектесу керек. Мемлекеттік бағдарлама аясында қажетті қондырғылармен қамтамасыз етсе екен. Шетелден келетін инвесторларға түрлі жеңілдіктер ұсынылады ғой, сондай қолдау неге жергілікті кәсіпкерлерге де жасалмасқа? Егер пайызсыз, тым болмаса 2-2,5 пайыздық өсіммен жеңілдетілген несие берсе, осы жұмысты мен де қолға алар едім. Сол секілді әр ауылдың өз ерекшелігіне орай шағын цехтар ашып тастасақ, әрі табыс, әрі тұрақты жұмыс. Сонда мемлекетке алақан жайып, көмек сұраушылар қатары кемитін еді. Әрі дастарханымыз да жергілікті табиғи өнімдермен толығатын болады.
Қанатәлі Бегалиев,
Қызылқұм ауылы, Шардара ауданы.